26.04.2024

Қазақстандық мектеп жүйесін тағы бір реформа күтіп тұр

Тарихты білген абзал. Бабаларымыз шежіресін ауызша тарқатып, қиссаларды жатқа айтқан. Білім де, тәрбие де, одан қалды рухтың жоғары болуы да осы ауыз әдебиеті арқылы қалыптасты.

Кейін жазба әдебиетке көштік. Ұрпақ кітап арқылы білім алатын болды. Бірақ сол кітап күн өткен сайын оқушы тұрмақ үлкендерге де түсініксіз болып барады. Оқулықтағы қателерді ерінбегенннің бәрі түзетіп болды. Тағы бір сорақысы, әріп тани алмай жатқан балаға ерте жастан күрделі бағдарламаларды оқытып, қиын тапсырма жүктеудің қажеті қанша?

Бастауыш сыныптарда күрделі сандар енгізілген, тіпті қиын математикалық элементтер де бар. Ондықтар жайлы ауыр тапсырмаларды көруге болады.

Бұл профессор Алма Әбілқасымованың математика пәні мұғалімдерінің съезінде жасаған эмоционалды баяндамасы. Академик жаңартылған білім беру бағдарламасының мазмұнын ашық сынға алды. Сонымен қатар ол мектептердегі жаңарту ретсіз енгізілгенін айтты. Жүйелі оқыту принципі ғана емес, сонымен бірге ондаған жылдар бойы қалыптасқан Педагогикалық әдістеме де бұзылды. Әзірлеушілер балалардың жас ерекшеліктерін ескермеді деп шүйлікті.

Алма Әбілқасымова, Ұлттық Ғылым академиясының академигі:

— Кез келген өзгеріс 1-сыныптан бастап рет-ретімен енгізілуі тиіс. Биыл 1-сынып, келер жылы екінші сынып секілді. Ал біз 2016-2017 жылдары 1-сыныпты оқытудың жаңа форматын жасадық. 2017-2018 жылдары-бірден 2-5-7-сыныптарды енгіздік. Бұл реформа баспаларға ғана пайдалы болды. Сөзсіз мыңдаған тираж жиналды! 2018-2019 жылдары – 3-6-8 сыныптар, бұдан әрі 2019-2020 жылдары 9-10 сыныптар, ал 20-21 жылы – 11 сыныптар. 4 жыл ішінде білім реформасын жасап тастадық. Орта мектепте оқитын оқушыларға жоғары математика тапсырмаларын үйіп төктік. Оқытушы да, оқушы да аң-таң. Бұлай болмайды.

Қазіргі сансыз реформа, болашақта білімсіз ұрпақтың қалыптасуына себеп болуы мүмкін. Жаңа оқу әдістемесін жасауда Назарбаев зияткерлік мектебінің оқытушылары, орта білім беретін мекемелердің жай-күйін ескермеген. Профессордың айтуынша, тапсырма бастауыш сыныпта оқитын оқушыға тым ауыр. Қаламды қолына енді ұстаған бала білімнен безіп кетуі мүмкін деді. Ал депутат Ирина Смирнова осыған дейінгі білім беру бағдарламасын әзірлеген Назарбаев зияткерлік мектебіне тағы да реформаны жасауды сеніп тапсыру дұрыс емес екенін айтты.

Ирина Смирнова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

— Барлық білім беру бағдарламаларын Назарбаев зияткерлік мектебінің оқытушылары әзірлеген. Ал оқулықтарды басқа мамандар жазған. Олар бұл процесті зияткерлік мектеп ұстаздары берген бағдарламаға бейімдеуге мәжбүр болды. Бұл сәтсіз жасалған реформа. Естуімше, алдағы білім реформасын тағы да Назарбаев зияткерлік мектебінің мамандары әзірлейді екен.

Депутат Жұлдыз Сүлейменова білім сапасына әсер ететін бірнеше факторға тоқталды. Оқулықтардың сапасыз жасалғанын қадап айтты. Сондай-ақ ұстаздардың әлеуетін арттыруға ауқымды жұмыс істеу керек деді.

Жұлдыз Сүлейменова ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

— Кез келген мектептегі баланың білім сапасы оған сабақ беретін мұғалімнің біліміне байланысты. Сондықтан біз қазір білімнің мазмұнын айтуымызға болады, оқулықтардың сапасыз екенін айтуымызға болады. Түптеп келгендегі үлкен проблема бұл педагог кадрлардың сапасына келіп тіреледі. Біздегі қазіргі оқулықтардағы қателердің барлығын сараптап қарап, экспертиза қандай оқулықтарда қателер бар, соларды жойып, жалпы осы оқулықтардағы қателер деген проблеманы шешуді қолға алу қажет деген ойдамын.

Министрлік Мемлекет басшысының тапсырмасынан кейін жұмыс тобы құрылып, білім сапасын арттыруға бағытталған ауқымды іс-шара басталғанын айтып ақталды. Оған Назарбаев зияткерлік мектебінің мамандары да тартылғанын жасырмады. Алайда олардан басқа оқулықтар мен бағдарламалардың мазмұнын өзгерту үшін 200-ден астам педагог, профессорлар мен сарапшылар жұмыс істейтін болады деп сендірді.

Гүлмира Кәрімова, ҚР БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім беру комитетінің төрағасы:

— НИШ мұғалімдері құрамына кіргізіледі міндетті түрде. Сонымен берге айтып кеткенімдей ғалымдар, тәжірибелі мұғалімдер, шебер ұстаздар бар, әрбір аймақтан әдіскерлер бар, сондай адамдармен тәжірибелі мұғалімдермен жұмыс жүргізіледі. Тек біркелкі бір бағытта емес, жан-жақты қарау үшін. Сондықтан да бұл жұмысты ашық деп жариялап отырмыз. Егер ата-аналар қауымдастығынан, мұғалімдер тарапынан ұсыныстар болса әрине ашық алаңда қаралады.

Мектептегі білім сапасының төмендеуі соңғы 10 жылда байқалады. Көптеген Мемлекеттік бағдарламалар мен реформаларға, салаға бөлінген триллиондарға қарамастан жағдай өзгермейді. Бұл фактіні PISA (ПИЗА) халықаралық бағалау жүйесінің мәліметтері де растады. Сарапшылардың пікірінше, қазақстандық оқушылардың үштен екісі сауатсыз болу қаупі бар. Сондықтан мамандар реформалай беру нәтиже әкелмеуі де ғажап емес дейді. Сондай-ақ оқу бағдарламасын қиындату білімге деген құштарлықты жоюы мүмкін.

-ЖАРНАМА-spot_img

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА