14.05.2024

Оспадар оқушы қайдан шығады?

Жақында Талдықорған қаласындағы білім беру мекемелерінің бірінде болған атышулы оқиға қоғамды елең еткізді. Әлеуметтік желі арқылы тарап, жұрт­тың ашу-ызасын тудырған бейнежазбада жоғары сынып оқушысы с­ын­ыптағы сабақ кезінде пән мұғаліміне дауыс көтеріп, дөрекілік көрсетіп, боқтық сөздер айтып жатқаны көрініс тапқан болатын. Кейін­нен өкінішті жағдайдың қаладағы №4 орта мектепте болғаны анықталды.

Оқиғаға орай еліміздің Білім және ғылым министрлігі мәлімдеме жасап, мектеп қабырғасында болған тәр­тіп­сіздікке орай әкімшілік хаттама толтырылғанын, сол бойынша оқу­шы мен оның ата-анасы да жауап­кершілікке тартылатынын айтты. Сондай-ақ оқушыға психо­ло­гия­лық көмек көрсету және оны есепке қою туралы мәселе қаралатыны да хабарланды. Ал министр Асхат Аймағамбетов жәбірленген мұға­лім­мен телефон арқылы сөйлесіп, жағ­дайға қаныққанын әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

– Отандастарым сияқты мен де Талдықорғандағы №4 орта мектепте түсірілген мұғалім мен оқушы арасында жағдай туралы видеоны көрдім. Әрине оқушының ұстазға дауыс көтеріп сөйлегені көңілімді түсірді. Қай заманда болсын азаматтарымыз үлкендерге, әсіресе ұстаздарға құрметпен қарайтын, оларды сыйлайтын. Үлкенді сыйлау, отбасы құндылығы, адалдық, инабаттылық, еңбексүйгіштік, білімге құштарлық, заңға бағыну және отансүйгіштік болашақ ұрпақты тәрбиелеудің негізі болуы керек. Бүгін мен №4 орта мектептің мұғалімімен телефон арқылы сөйлестім. Ол білім саласында 11 жыл бойы қызмет етіп келеді. Әріптесіме қолдау сөздер айтып, қажырлы еңбегі, шыдамдылығы мен адалдығы үшін алғыс білдірдім. Өз тарапымыздан педагогтерге деген мұндай қарым-қатынасты, көзқарасты жойып, жолын кесу үшін қатаң шаралар қабылдайтынымызды ескертемін. Қоғамда мұғалімнің мәртебесі жоғары болуы керек. Мұндай жағдайда ата-ана мен мектептің бірлесе жүргізетін тәрбие жұмысы маңызды рөл атқа­ра­ды. Балаларды үлкендерге, әсіресе қо­ғамымыздың дамуына үлес қо­сып жүрген ұстаздарға құрметпен қарау сияқты қасиеттерге баулуға ша­қы­ра­мын, – дейді Білім және ғылым ми­нистрі Асхат Аймағамбетов.

Жалпы, кәмелетке толмаған бала­лар­дың тәртіпсіздік жасауы мен заң бұ­зушылығына қатысты жауап­кер­шілік салмағы ата-аналарды да айналып өтпейді. Яғни Талды­қор­ғандағы оқушының мұғалімді тілдеп, балағаттағаны үшін оның ата-анасына да заңнамаға сәйкес шара қабылданады. Қазір мұғалімнің берген арызы бойынша қалалық полиция басқармасы әкімшілік хаттама толтырған. Сондай-ақ баланың ата-анасына қатысты әкімшілік іс қозғалды. Ал нақты шешімді Алматы облысының кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қабылдайды.

Облыстағы мектептердің білім сапасы мен тәрбие ісіне қатысты сын бұған дейін де өткір айтылып жүрген болатын. Мәселен, аймақта жасөспірімдер арасындағы суицид жағдайы жиілеп кетті. Былтыр облыс­та 23 оқушы өзіне-өзі қол жұмсаған. Оның алтауы өрімдей қыз болса, он жетісі өндірдей ұл екен. Ал бүгінде облыс мектептерінде 1 116 педагог-психолог жұмыс істейді. Алайда тәрбие ісі бойын­ша нәтиженің төмендігі айқын кө­рі­ніп тұр. Сондай-ақ 2021 жылы кә­мелетке толмағандарға қатысты 182 қылмыстық іс тіркеліп, мектеп жа­сындағылар жасаған бұзақылық бұрнағы жылмен салыстырғанда 9,3 пайызға өскені анықталып отыр. Сондай-ақ қаңтар дүрбелеңі кезінде дәл осы Талдықорған қаласының мектептерінен 5 оқушы шеруге шық­қан. Оның ішінде қылмыстық жа­уап­кер­шілікке тарту бабы бойынша да іс қозғалып, тергеліп жатыр.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ

Алматы облысы

-ЖАРНАМА-spot_img

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА