8 C
Нур-Султан
06.10.2022

БҰРЫНҒЫ БОЛЫС ДАУЫ мен БҮГІНГІ БІЛІМ ДАУЫ

Осыдан бір айдай бұрын қазақы әлем торды мектеп мұғалымы Ордалы Қосайдың «Математиктің математикке хаты» мен академик Асқар Жұмаділдаевтің оған жауабы біраз шулатты. Бір ағамыз бен бір ініміздің арасындағы болған айтыстың мазмұнын қайталаудың ешкімге керегі болмас, біздің де айтайын дегеніміз бір-ақ нәрсе.

Асқар жауабын «ақсақалдың хатын оқытқан студентім атамызды «қодыраңдап жатыр» деп дәл сипаттаған екен» деп бастап, «математик екеніңізді дәлелдеңіз, сосын сөйлесеміз» деп, «сәлемі қалай болса, әлейі де солай болады» дейтін формуламен құрастырылған» деп, 9 есеп беріпті және сол 9-ды да «қай программа қолданылды?» ( жауабы – Эксельбай ); «бұл программаны ойлап тапқан адам кім?» (жауабы — а)Өтеген сері; e) Құдабай би) «Бұл сөздің бүгінгі мағынасы не? (жауабы — a) Сумо күресін үйренсін деп; d) Орекеңнің шатпағына тамызық болсын) деген сияқты жасы үлкен ақсақалды іліп-шалған, кекетіп-мұқатқан, арасында «Ақымақпен ақымақ болма» деген де сөзі болушы еді.

Арамызда жүрген Бораттың ағасын танымаған өзім нағыз ақымақ екенмін» сияқты тұздық сөздерді қоса кетуді ұмытпаған түрде беріпті…
Біріншіден, Асқар баурымыз өзіне солай жауап беру лайық деп шешкен екен, жарайды, академикке ақыл айту әбестік болмақ. Әдетте, «асқар тау сенде бір мін бар – асу бермейсің, асау өзен сенде бір мін бар – өткел бермейсің» деп, оқымаса да тоқығандығы теңдессіз аталарымыз айтқандай, биікке өз күшімен жеткендерге тән бір әдет бар, ол – «менің ақыл-ойым, білім-парасатым, мінез-құлқым дұрыс болғандығы себепті мен осындай дәрежеге жеттім, демек, менің барлық іс-әрекетім бұдан кейін де дұрыс бола бермек» деген ұстаным. Асекеңе де осы қазақи кесел жұққан сияқты, әйтпесе ауылдың-ақ баласы ғой.

Екіншіден, ақыл – Алладан, білім – өзіңнен. Мінез-құлық ақылға, кәсіп білімге негізделеді. Осы ойымның дұрыс екеніне мен 2005 жылы марқұм академик Мейірхан Әбділдин ағамыздан сұхбат алған соң көзім жетіп еді: «Сендер ойламаңдар, академияда өңшең бiр ақылдылар жиылады екен деп. Менiң бiр хабарда алдымен айтып қалатын әдетiме салып, «бiздiң отыз академик жиылып ауылдағы бiр кемпiрдей ақылдары жоқ» дегенiм бар едi. Олар маған жатып өкпелеген. Мен «бұл сөздi мен айтқан жоқпын, Пушкин айтқан» деп құтылдым. «Қалай Пушкин айтады?» дейдi ғой. Пушкин айтқан:
Так всегда будет, так бывало,
Такой издревле белый свет.
Ученых – много, а умных – мало,
Знакомых – тьма, а друга — нет.
Академик деген сөз ақылды деген сөз емес. Ақыл мен бiлiмдi ажыратып ала бiлу керек. Ақыл саған Алла-Тағала берген, тұқым қуалап келген қасиет, ал, бiлiмдi жинап алуға болады. Мысалы, бiр етiкшi бар дейiк. Ол өз саласының бiлгiрi, мен өз саламның бiлгiрiмiн, Эйнштейннiң теориясынан алдыма түсер елiмiзде ешкiм жоқ. Бiрақ, ақыл жағынан етiкшi ол да, академик мен де бiрдей болуымыз мүмкiн. Етiкшiнi ешкiм ақылды демейдi ғой, сол секiлдi академиктi де академик болғаны үшiн ғана ақылды деу дұрыс емес. Сондықтан, ол екеуi екi бөлек дүние».

Үшіншіден, әр ұлт өзіне ғана тән болмысымен ерекше, сонысымен құнды. Біз «жалтылдайды деп жастықты сөкпе – бәріңнің шыққан тегің сол, қалтылдайды деп қарттықты сөкпе – бәріңнің барар жерің сол» деп Қаз дауысты Қазыбек би өсиет еткендей, жасы үлкенді сыйлаған халықпыз. Одан ұтпасақ ұтылмаймыз. Сөзіміздің соңында Бауыржан Момышұлы атамыздың «Ұшқан ұя» кітабынан үзінді келтіргенді жөн көрдік. «Үзінді үлкен екен, оқуға уақытымыз жоқ» десеңіздер де еріктеріңіз, Абай атамыз айтпақшы «өз сөзім өзімдікі».
«…Текебайдың бақталасы — Талас Алатауының бөктерін жайлаған Жаңабайдан шыққан Байзақ датқаның баласы Қабылбек деген кісі екен. Байзақ датқа заманында Қоқан ханына қарсы шығып, содан қапыда қолға түсіп, Құдияр ханның жарлығымен зеңбіректің аузына байланып, атылып кеткен. Енді, міне, сол Байзақтың елу жастағы ұлы Қабылбек Текебаймен тіресіп қалған кезі екен.

Қабылбек жағы Текебайды ұры деп, әділдігі жоқ парақор деп, ұлыққа жамандап жаза берсе керек. Сонда Текебайдың отыз жастағы үлкен ұлы Серкебай Қабылбек жағының әлгіндей жаласына шыдай алмай, жанына он жігіт ертіп, Қабылбектің аулына тасырлатып жетіп барған дейді. Қабылбектің қарсы алдына отырып алып, қамшысын жерге шиіріп тастап, бір бәлеге бастап, қалың жұрттың арасында Байзақ датқаның баласын ой, балағаттайды келіп. Айтпағанды айтады.
Елде зәре қалмайды. Қан төгілмесе неғылсын деп қалтылдаған халық. Ақ орданың сыртындағы әйелдер жағы әруақ, құдайға сыйынып, сыбырласып қана сөйлеседі. Ал, Серкебай ақиланып алса керек, ар-намысқа тиетін ауыр сөздер айтып айғайлап отыр. Қабылбек сонда қыбыр етпепті. Ләм деп тіс жармапты. Қабағын да қақпапты. Жаңабай жағы улап-шулап, намыс буып, кек қысып, орындарынан тұра-тұра ұмтыла бастаса, Қабылбек оларға тек қолымен белгі беріп басып тастап отырады. Бірақ тіс жармайды. Аталас ағайын-туғаны бұған шыдамай, қаны қайнайды. Қабылбек тырс етпейді. Оның бұл қылығына ыза болған сотқар Серкебай одан бетер одыраңдап, айтпағанды айтса керек. Ақырында атына қарғып мініп, он жігіті жанында, ауылына салып ұрып қайтып келіпті.
Серкебай кеткен соң Жаңабай жағы жабылып Қабылбекке наразылық айтып жатса керек:
— Ойбай-ау, неге бізді бөгедіңіз?
— Ақ орданы басындырып қойғанымыз қалай?
— Әруақ! Әруақ! Әруақтың сай-сүйегін сырқыратып қайтіп тірі жүреміз, ойбай!
— Байзақ датқаның басынан ешкім асып көрмеген! Біз не боп барамыз!
— Әлгі әупілдеген төбеттің көтінен қуып барып, қара қан құстырмасақ, жер басып тірі жүргеніміз құрысын!
— Аяғынан салбыратып ағашқа іліп қоймасақ, атымыз өшсін!
— Аттанайық! Аттан! Аттан! Байзақ! Байзақ!
Дес бермей, елеуреп, өкпелері өрекпіп, өршеленіп алған ағайындарын Қабылбек бірақ сөзбен қайырып салып:
— Тоқтат! — деп ақырып қалған. — Опық жейтін сол Серкебайдың өзі болады әлі, — депті. Ағайындары, амал жоқ, тыйылыпты.
Ал, Серкебай әкесі Текебайдың алдына барып мақтанып тұрса керек: «Екі аяғын бір етікке тықтым Байзақ әулетінің. Қаһарлы Қабылбектің өзі жұмған аузын аша алмай қалды. Былай деп боқтадым, былай деп балағаттадым». Текебай сонда баласына:
— Ақымақ! -депті.
Серкебай үйден атып шығып, өз отауына барып, екі күн қатарынан нәр татпай, өкпелеп жатып алыпты.
Ал, сайлауға дайыңдық қыз-қыз қайнап жатса керек.
Үшінші күн дегенде Серкебай әкесіне келіп, аяғына жығылады.
-Мені құдай сыйлады. Өзімнен жиырма жас үлкен Қабылбектің бетінен алып,тілім тиді. Ел көзіне қарайтын бет қалмады.
Текебай ат-шапан айыбын дайындап, жанына жиын ертіп, Қабылбектің ордасына өзі барған екен.
Жаңабай жағы Текебай қол жиып соғысқалы келе жатыр екен деп қалса керек, өздері де сап түзеп, сақадай сай қарсы шығады.
Қабылбектің ордасына ат шаптырым қалғанда Текебай қасына Серкебайды алып, басқалардан оқ бойы озып шығып, әкелі-балалы екеуі Қабылбек жағына келе жатады.
Қабылбек те: «Е, мынау соғысатын жерді айт деп келе жатыр ғой», — деп өзі жеке шығып, Текебайға тура тартады.
Сонда Текебай сонадайдан аттан түсіп, Қабылбектің қасына келіп:
— Менің күшігім саған қарап шәуілдесе керек, Қабылбек! Айыбын көтергелі келдім алдыңа. Кешіремісің, сірә! — депті.
Мына сөзден Қабылбектің қабырғасы сөгіліп, қалбалақтап атынан аунап түседі:
— О, текті би Текебай! Сенің балаңның айыбынан менің айыбым асып кетті білем. Аға болсаң да, сені мен аттан түспей тыңдаппын-ау. Сен кешіремісің мені? Бұл Әдепсіздігім бүкіл әулетімізге таңба болатын болды ғой, ой әттегене-ай. Ат-шапан айып сенен емес, менен, ақсақал! — деп үстіндегі зерлі шекпенін шешіп Текебайдың иығына жауыпты. Сөйтіп тұрып Жаңабай жағына қарап:
-Уа, ағайын! Сайлауда Текебайға дауыс беріңдер! Мен қойдым дауысқа түскенді! — деп айғай салған.
Әлбетте , ағайын арасы аз күн араз-құразсыз болғанмен, мансап, дәреже, атаққа таласу, айқай-шу, дырду тоқталмаған. Аз күн жарық дүниеде атақ үшін, билік үшін алысып, жұлысып ғұмырын өткізген қу заман екі жақты итжығыспен, алма-кезек арандатып қойған.
Дүниеден Текебай би де, Қабылбек болыс та өтті. Ал олардың аттандаулы аламан-тасыр өміріндегі бір парасатты сәт әлгі сол екеуі де аттан түсіп бір-бірінен кешірім сұраған кезі болса керек…»
Өмірзақ Ақжігіт
П.С. Жапондар Батыстан тек техниканы, технологияны алды, ал, болмысының басқа жағының бәрін, ең ақыры сентоизм дініне дейін (Оңтүстік Кореялық кәрістердің бүгін қырық пайызға жуығы христиан екен) өзгеріссіз қалдырды. Таразының екі басын тең ұстап келеді. Міне, біз үлгі ететін ел!
П.П.С. Айтпақшы, Ордалы ағай академикке қысқа ғана жауап берді. Бірақ, әрине, оның өзін бес жасар балаға айналдырған, ақсақал басын мазақ еткен есептерін шығарған жоқ, «өзін зор тұтып, өзгені қор тұтып» тұрған адаммен айтысуды қалаған да жоқ.
Сіз де болсаңыз солай істер едіңіз ғой, дұрыс па?..

 

Өмірзақ Ақжігіт

-ЖАРНАМА-

Пікір қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -

СОҢҒЫ ЖАЗБА

Ресейден келгендер мектепте мұғалім болып жұмыс істей алма ма?

Ресейде ішінара мобилизация жарияланған соң Қазақстанға бас сауғалап келгендердің саны көбейді. Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов ресейлік мұғалімдердің Қазақстанда мектепке жұмысқа орналаса алмайтынын айтты. Zakon.kz-тің жазуынша,...

Алматының Алатау ауданында екі мемлекеттік колледж салынады

Алматы қаласының Алатау ауданында екі мемлекеттік колледж салынады. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев аудан тұрғындарымен кездесуде айтты. «Келесі жылдан бастап Алатау ауданында екі мемлекеттік...

Қазақстанда білім беру 13,8% қымбаттады

Қазақстанда білім беру ақысы 13,8% қымбаттады. Бұл туралы ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросынан мәлім етті. «Қыркүйек айында білім беру қызметтерінің бағасы...

Павлодар облысында алдағы 3 жылда 10 мектеп салынады

Жолдауда ұсынылған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Павлодар облысында алдағы 3 жылда 10 мектеп салынады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Павлодар облысы жұртшылығымен...

Жаңа Әділетті Қазақстанға елімізде білім культі біржола орныққан кезде ғана жетеміз – Тоқаев

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Павлодар облысының жұртшылығымен кездесуі барысында Мәшһүр Жүсіптің осы өңірдің перзенттерінің арасында алар орнына ерекше тоқталып өтті, деп хабарлайды KAZBILIM БОРТ№1 Telegram...