29.05.2024

Пандемия: Білім саласына оңай тиген жоқ

Пандемия әлем елдерінің денсаулық сақтау саласына тікелей ауыртпалық түсіріп, адам өміріне айтарлықтай қауіп төндіріп келеді. Індетпен күреске қыруар қаржы бөлініп, түрлі сақтық шаралар енгізілді. Пандемияның экономикаға әсері жайлы көп айтылды. Алайда білім беру саласына індеттің қалай әсер еткені жөніндегі мәселелер назардан тыс қалғандай. Әсіресе білім алушы жастардың өмірі қалай өзгергені және бұл оқиға олардың болашағына қалай әсер ететіні белгісіз.

Денсаулық сақтау саласындағы аса ірі дағдарыс кезінде ата-аналар бірінші орынға балаларының денсаулығын қоятыны түсінікті. Алғашқыда балаларды қорғау мақсатында оларды мектепке, балабақшаға немесе қосымша курс­тарға жіберуден бас тартқандар көп кездесті. Осылайша, балалардың смарт­фонға телміріп қалған жайы бар. Сон­дықтан ахуал бір қалыпты бола баста­ғанда, сол өскелең ұрпақтың жоғалт­қанын түгендейтін уақыт келген секілді.

Балалардың көпшілігі үйдегі, қоғам­дағы көңіл күй мен отбасындағы жағ­дайға аса сезімтал келетінін ескерсек, соңғы жыл ересектердің жұмыс­сыздық, дәрі-дәрмектің болмауы секілді қиындықтармен бетпе-бет келуінен бастап, ең қорқыныштысы, отбасы мүшелерінің өмір үшін күресін көріп өсті. Осы секілді қиын кезеңдер бала психологиясына, дүниетанымына әсер етпей қоймайтыны сөзсіз. Оның үстіне мектепке барып, достарымен көрісе алмай, сабақты толыққанды меңгере алмағаны тағы бар.

Індеттің таралу деңгейін төмендету үшін әлем бойынша 190-нан астам елде мектептер жабылып, 1,4 миллиард оқушы үйінен оқуға мәжбүр болған. Оқу орындары эпидемиологиялық ахуал­ға байланысты бірде ашылып, қай­та жабылып отырды. Human rights watch ұйымының есебі бойынша пан­демия дүниежүзі бойынша мектеп жа­сындағы балалардың шамамен 90 пайы­зының білім алуына кедергі келтірген.

Білім берудегі теңсіздік мәселесі бірінші орынға шықты. Себебі мектептер жаппай онлайн оқытуға көшкенде оған барлығы бірдей дайын болмады. Адам құқығының бұзылмауын діттей­тін ұйым өкілдері елдер үкіметтері пан­демия кезінде білім алу процесі үзілген оқушыларды мектепке қайтарып, оқу үдерісін бұрынғы қалпына келтіруді мақсат етпеуі керек дейді. Қашықтан оқу кезінде өзгелер секілді технологияға қол жеткізіп, онлайн білім алуға дайын болмағандарға көбірек көңіл бөлінгені жөн дейді мамандар. Балалардың оқу бағдарламасын қуып жетуіне мүмкіндік берілуі керек деген пікірлер де айтылды. Жалпы, мемлекеттер үкіметтері толыққанды білім алуға мүмкіндігі болмаған балаларға барлық жағдайды жасауы керек.

Түрлі елдер мен өңірлердегі оқушы­лардың сапалы білімге қол жеткізу мүмкіндігі әр қалай. Тіпті бір елде балаларға әртүрлі жағдай жасалынған. Мұндай қорытындыға Human Rights Watch ұйымы 60 елде 470 адаммен әңгімелесу арқылы келген. Мәселен, Индонезиядағы Борнео аралындағы оқушылар мұғалімдерінен WhatsApp хабарламаларын алуға және тапсырмаларды электронды пошта арқылы жіберуге жеткілікті телефон сигналын табу үшін аптасына төрт рет мотоцикл­мен 24 шақырым жол жүріп отырған. Кейбір ел үкіметтері сабақтарды радио мен теледидар арқылы таратқан. Қазақстан да осы әдіске жүгінгені белгілі. Десе де көптеген балаға пандемия кезінде оқуды жалғастыру үшін қажетті құрал-жабдықтар мен мүм­кін­діктер берілмеген.

Мамандар балалардың білім алуына келтірілген залал бұрындары болған мәселелерге негізделгенін айтады. БҰҰ мәліметі бойынша әрбір бесінші бала COVID-19 індетіне дейін де мектепке бармаған.

«Елдер үкіметтерінің көпшілігі қай топтың балаларының мектепке бармайтынын немесе мектептен жиі шығып қала­тынын жақсы біледі, олардың қол­дарын­да нақты деректер бар. Олар мек­теп­тердің жабылуынан кім көп зардап шегетінін алдын ала біле тұра пандемия кезінде сол балаларды сапалы білімнен шеттетті», делінген баяндамада.

UNICEF Оңтүстік Африкада оқу­шы­­лар­дың мектеп бағдарламасынан 1 жыл­ға артта қалып қойғанын айта­­ды. UNESCO-ның Алматыдағы кең­сесі Орталық Азияда мектептердің жа­былуы барлығы 16 млн оқушыға әсер еткенін айтады. Сондай-ақ Шы­ғыс Еуропа мен Орталық Азияны қоса алғанда бала­лардың 34 пайызы, яғни 25 млн оқу­шыға онлайн немесе теле­ви­зиялық сабақ­тар жүргізілмеген. Қазақстанда рес­понденттердің 70 пайызы білім дең­гейі кем дегенде төрттен бірге сапасызданды деп есептеген.

Дүниежүзілік банктің есебі бойын­ша бұл жағдай ұзақмерзімді мәсе­ле­лер­ге ұласуы мүмкін. Мәселен, тест нә­­ти­­­­желерінің төмендеуі болашақта жұ­­мы­с­­пен қамтудың төмендеуімен ба­й­ла­­­нысты екені белгілі. Керісінше, оқу­шы­­лар үлгерімінің жақсаруы олар­дың бо­­ла­шақ кірістерінің едәуір өсуіне әке­ле­­тіні дәлелденген. COVID-19 пан­де­мия­сынан туын­даған білім алу мәсе­ле­лері дер ке­зін­де шешілмесе, көптеген ба­ла­ның бо­ла­­шақтағы әл-ауқатына теріс әсер етуі мүм­кін деген болжам айтылуда.

Былтыр жарияланған тағы бір зерт­теу­­де пандемиядан ең көп зардап шеккендер бастауыш сынып оқушылары екені анықталған. Ғалымдар 6 мың бастауыш мектепте 1,47 миллион оқушының үлгерімі өз жасына қаншалықты сай екенін зерттеген. Нәтижесінде, барлық сынып оқушыларының көрсеткіші төмендегені байқалған. Алайда мектеп табалдырығын жаңадан аттаған оқу­шылардың үлгерімі ең төмен деңгейді көрсеткен. Мәселен, пандемияға дейін 1-сынып оқушыларының 82%-ы оқу­да, 79%-ы жазуда және 83%-ы матема­ти­када өз жасына сай нәтиже көрсетсе, 2020 жылы жазда балалардың оқу бо­йынша 60 пайызы, жазу бойынша 54 па­йызы, математика бойынша 59 пайы­зы ғана аталған бағыттарды өз жасына сай меңгерген болып шықты.

Одан бөлек кейбір зерттеушілер балалардың менталды күйі, үйде өзін өзі ұстауы мен тәртібі де назардан тыс қал­мауы керек деп есептейді. Себебі дос­тарымен көріспей, жеке байланысы үзіліп қалған балалар үшін бұл жағдай ауыр болуы мүмкін. Тағы бір зерттеудің бірінде мамандар мыңнан астам ата-ана мен 10-18 жас аралығындағы 350 азаматпен әңгімелескен. Психикалық денсаулықтың алты саласы – депрессия, мазасыздық, ашуланшақтық, назардың бөлінуі, гиперактивтілік және белгілі бір нәрсеге әдеттегіден бөлек аса қызы­­ғу­­шылық таныту бойынша бол­жам­­­дар жасалған. Мектеп жасын­дағы бала­лардың 70,2 пайызы (6 жастан 18 жасқа дейін) және мектеп жасына дейінгі ба­ла­лардың 66,1 пайызы (2 жастан 5 жас­қа дейін) кем дегенде бір көрсеткіш бо­йынша тәртібі өзгергені байқалған.

Міне, осы секілді зерттеулер балалар мен жасөспірімдерге пандемияның қалай әсер еткенін аңғартады. Мектеп жасындағы балаларға қатысты алдағы шешімдер осы секілді мәселелердің барын негізге ала отырып қабылдануы маңызды. Себебі жастардың екі жыл уақытын ұрлаған пандемияның ізі бірден көзге түспегенімен, болашақтарына әсер етуі әбден мүмкін.

Меруерт БҮРКІТБАЕВА
“EGEMEN QAZAQSTAN” GAZETI

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА