20.05.2024

ҰБТ. 18 жылдық өзгерістер…

ҰБТ-ға қандай да бір өзгерістер енгізілген сайын оқушыларда “неге именно біз” дей салу әдет сияқты.
Ең алғашқы ҰБТ басталған 2004 жылдан қазіргі уақытқа дейінгі 18 рет болған ҰБТ-дағы өзгеріс туралы шешімдердің басым көпшілігі оң өзгерістер, тест тапсырушылар үшін жеңілдетулер жағына қарай өзгергендей. Әрине, ҰБТ-ға мектеп жауап бермейді дегеннен басқа
Жаңа форматтағы ҰБТ-ның тест тапсырушылар үшін жеңілдіктері:
1. Орыс тілінің мүлдем қажеттілігі жоқ. Бұрынғы ҰБТ бойынша әсіресе, ауылдық жердегі көп оқушы аттестатқа ғана қойлатын, бірақ конкурсқа қажеті жоқ осы пәннен көп құлап жататын.
2. Математика және қазақ тіліненен бұрынғыдай толық бағдарламаны оқып, дайындалудың қажеті жоқ. Әйтеуір, сөз түсінетін, сәл-пәл ойлана алатын болсаң жеткілікті. Сабақтастың салаластан айырмасы, пирамиданың бүйір бетінің ауданы табанының ауданынан… деп басталатын сұрақтар жоқ.
3. Таңдау пәндеріне басымдық беруі. Тек қана таңдау пәндерінен 90 балл алуға болады.
4. Бірнеше дұрыс жауабы бар сұрақтардың енуі. Бұндай сұрақтар екі ойлы болып тұрған жауаптарда өте жақсы көмектеседі. Әрі 2 ұпайдың тым болмағанда бірін алып қалу мүмкіндігі бар.
5. Таңдау пәндеріндегі комбинация. Кейбір мамандықтар үшін аса қажет-ақ дүние еді. Мысалы, бұрын “Есеп және аудит” мамандығына түсу үшін география таңдайтын. Ал география, биология сияқты пәндерді көбі есептен қашып таңдайды. Есептен қашқан оқушы қайтіп есепші болады? Қазір әйтеуір география-математика таңдап, тым болмағанда есептің өзіне қатысы бар екенін біліп барады.
6. Калькулятор қолдануға рұқсат.
Осыны өз басым құптамаймын. Керек те емес. Көбейткіштерге жіктеп, өрнекті түрлендіре алған оқушыға қосу, азайту түк емес. Химияда есептің берілгенінен 12.8 г металл десе мыс екенін, 6.3 г болса азот қышқылы деп түсіне беруге болады. Себебі көп есепте сандарды бөлгенде дәл шығатындай етіп беріледі. Оның үстіне, жауыр болған сол баяғы сандардан басқасы қолданылмайтын да сияқты. Оқушылардың үйреніп қалғаны соншалық: “Бұрын сонда қалай есептеген?” дейді, таңғалып.
7. ҰБТ-ның жалпы балы көбейсе де шекті балл өскен жоқ. 120, 125 балдық жүйе кезінде шекті ұпай 50 болған, 140 балл кезінде де сол 50 балл, 35.7% ғана. Сонда 11 жыл мектепке барып, шамамен 4 жылында ғана білім алғанмен тең ғой(.
8. Жылына бірнеше рет тапсыру мүмкіндігі. Бұрын ҰБТ-дан шекті балл ала алмаған жағдайда ақылы бөлімге түсу үшін де бір жыл күтіп, келесі жылы қайта тест тапсыратын. Қазір жылдың 4 қана мезгілінде, 5 рет ҰБТ тапсыруға болады.
9. Конкурста “Алтын белгі” иегерлеріне, НЗМ түлектеріне, олимпиада жеңімпаздарына басымдық берілмейді. Басты критерий – жоғары ұпай. Қалғаны тең түскен жағдайда ғана. Бұрынғыдай тізімде алтын белгі иегері 85/100 балл алып (пәндер бойынша 5-тік баға алып), одан жоғары 100/100 жинаған талапкерден бірінші тұрмайды.
10. “Орыс бөліміне тапсыра салсам, түсіп кетер ем”,- деген өкініш жоқ. Конкурс қазақ және орыс тобына бірге қарастыралады. Қазақ бөліміне 85/100 балмен түсе алмай, орыс бөліміне дәл сол мамандыққа 60 балмен түсе салу жоқ!
11. Жыл сайынғы оқушылар, грант санын салыстырсақ, грант санында бәрібір айырма көп. Қазір салыстырмалы түрде 10 адамның 8-і грантқа түседі-ау.
12. ҰБТ тапсыратын күнді өзің таңдау.
13. Әділеттілік. Қазір ҰБТ анағұрлым тазарып қалды. ҰБТ тарихындағы шпор дәуірі, whatsapp дәуірі келмеске кетті. Көшіруге мүмкіндік болғанына қуану – ақымақтық! Біреуде көшіруге, айлаға мүмкіндік болса, қалғаны да қарап отырмас. Кім біледінің емес, кім көшіре біледінің конкурсы болып кетеді, ондай уақыттар болған да.
14. Түрлі жобалар, бағдарламалардың жеке гранттарының көбеюі.

Гүлбану Қанай

Республикалық QAZBILIM орталығы директорының бірінші орынбасары

 

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА