27.07.2024

Қошке Кемеңгерұлы. Жат тіл оқыту әдісі

Тіл оқыту әдістері толып жатса да, ең жақсы әдіс туралы мәселе дұрыс шешілген жоқ. Сонда да тіл оқыту әдісін қарастырушылар негізінде екіге бөлінеді.

Бірінші ағымдағылар тіл үйретуді әріптен (дыбыстан) бастап көшу; одан өзге, сөзден сөйлемге көшу керек дейді. Бұлай оқыту үйлестіру (синтез) әдісі болады.

Екінші ағымдағылар тіл үйретуді байланысты сөйлеуден (связная речь) бастау керек, содан сөйлемдерді жіктеу, сөйлемнен сөзді жіктеу, сөзден буынды жіктеу, буыннан әріпті жіктеу керек дейді. Тіл құралын қолғабыс ретінде керекті жерінде ғана қолданып отыру керек дейді. Бұлай оқыту талдау (анализ) әдісі болады.

Талдау әдісін осы күнде жақтаушылар көп. Бірақ талдау әдісінің кемшілік жері: Тіл құрамына үстірт қарағандықтан, жат тілді терең тексерте алмайды және жат тілмен ана тілді салыстыра алмайды. Әлі де болса тексерілетін жері бар. Сонда да жат тілді жаpу, сөйлеу жолымен үйреткенде төменгі жобаларды ұсынады:

  1. Жат тілді оқытқанда, аса қиын жерлерді ғана ана тілімен түсіндіру керек.
  2. Жат тілді оқыту әдісі ана тіліндегідей болмау керек.
  3. Сыртқы тұлғасын қиын орындарда ғана жат тілден ғана тілге аудару керек.
  4. Ана тілден жат тілге өте сирек аудару керек.
  5. Тіл құрамының ережелерін оқылатын сабақта түсіндіріп отыру керек.
  6. Класта кітап оқыту сабақтың негізі болу керек.
  7. Жат тілдің әдебиет тарихын толық оқытудың керегі жоқ.
  8. Орта, жоғары кластарда үйден даярлап келуге сабақ беріп отыру керек.
  9. Жат тілде өлең-тақпақ айтуға үйрету керек.
  10. Орта, жоғары кластарда жазуға жаттықтыру керек.

Осы күнде талдау әдісінің үш түрі бар:

Бір түрі – әр елдің әдісі: тіл құралының ережелері оқылған сабақтан құратылып шығарылады, бірақ бір тілден екінші тілге аудару болып отырады.

Екінші түрі – көрнекті әдісі. Мұнда шама келгенше ана тілі қолданылмайды. Күндегі өмірде сөйленетін сөздерден бастап, дыбыстармен таныстырғаннан кейін тура әңгімеше сияқты оқуға кіріседі, тіл құрамының ережелері оқылған сабақтан қорытылады. Көрнекті әдіс Еуропада көп таралған. Соңғы 15-20 жылдың ішінде Ресейге де жайылып келеді.

Үшінші түрі – жаратылыс әдісі. Мұнда ана тілі деген, аудару деген болмайды. Бала жаратылысында ана тілін қалай үйренсе, мұнда да жат тілге солай үйрену керек дейді. Бұл әдіс Америкада көп қолданылады.

Әр ел әдісінің қолайсыздығы: оқушы аударуға және тіл құрамына сүйеніп кетеді, сөйлесуге орашолақ болады.

Жаратылыс әдісінің қолайсыздығы: ана тілді, тіл құралын мүлде керексіз табады. Жат тілді үйретуді ана тілінің жолына түсіріп, жаратылыс заңмен орындау еш уақытта мүмкін емес.

Технердің ойынша, ең дұрыс, қолайлысы – көрнекті әдіс.

Мәскеудегі Центральный Гумманитарный Педагогический Институт жанындағы комиссия үйлестіру әдісін молырақ қолдануды дұрыс табады.

Комиссия пікірінің мазмұны:

  1. Мектепте жат тілді толық, мүлтіксіз үйрену мүмкін емес. Сондықтан оқушылардың жаттығу жағын қарастыру керек.
  2. Оқушылар ең кемі жат тілдегі кітапты оқи, түсіне білу керек. Ауызекі сөзге түсіне білу керек.
  3. Жат елдің мәдениеті, әдебиетімен біраз танысу керек.
  4. Оқытушыларды жаттықтыру жолы – жат тілден үйретілген сөздердің мәнісіне түсіндіріп, тіл құрамының ережелерін ұғындыру.
  5. Оқыту реттері: оқу, аудару, жаттығу және сөзді көбірек жаттату.
  6. Ана тілдің Тіл құралындағы, сөйлем жүйесіндегі ережелермен жат тілдікіні салыстырып отыру.

Фриденбергтің «Еңбек мектебіндегі әдісі»:

  1. Мектепте жат тілді оқытқанда сөйлеу жағын ғана мақсат қылуға болмайды.
  2. Жат тілді үйреткенде көз, құлақ, қозғалыс әдістерін қолдану керек.
  3. Оқытушы дұрыс, ашық, қатты сөйлеп оқушыларға үлгі болу керек.
  4. Оқушылардың әр сөзді дұрыс айтуына назар салу керек.
  5. Ана тілден жат тілге аударудың керегі жоқ.
  6. Сөзді құрғақ жаттау жағын азырақ алып, көбінесе сөзді жаттықтырумен есте қалдыру керек.
  7. Аударғанда жеке сөздің мәнісін түсіну қажет емес. Тек сөйлемнің мәнісіне түсінсе болады.
  8. Тіл құрамының ережелерін оқушыларға оқылып отырған сөйлемдерден байқату керек.

«Кітап оқу жобасы» Ганчина мен Кестеренікі:

  1. Кітап оқу белгілі бір жобамен болу керек.
  2. Оқу екі түрлі: түсіндіре оқу не шолып оқу.
  3. Түсіндіре оқуда ережелер жағынан тексеріледі.

Көбінесе дұрыс, дәл ұғу жағына, сөз мәнісіне, әлпетіне назар салынады. Түсіндіре оқуды ІІ семестрден бастауға болады.

  1. Шолып оқуда өз бетімен тексеру үшін үйлерінде де оқитын сабақ беру керек.

«Сөзге байыту жолы» Ганчинанікі:

  1. Тексерілетін, жатталатын сөздер көпке ортақ сөздер болуы керек.
  2. Сөз жаттағанда әуелі деректі сөздерден бастап, содан дерексіз сөздерге көшу керек.
  3. Сөзге байыту үшін алғашқы кезде жеке сөздерді көбірек жаттату, артынан сол сөздердің басқа мағыналарын көрсетіп, қосақтап сөйлемдер жасату керек.
  4. Құрғақ жаттаумен сөз миға қонбайды, ұмытыла береді. Олай болмас үшін сөздерді қосақтап, өзгертіп, сөйлемдер жасату керек.
  5. Қосақтау (жіктеу) реті екі түрлі: не сыртқы тұлғасына қарай жұрнақ қосқызу, не бір ұғым айналасына кіретін сөздерді біріңғай жіктеу. Осының екеуін де қолдану керек.

«Жазу жолы» Фридинбергтікі:

Тіл үйрету үшін жазу – үлкен құрал.

Жазу реттері мынадай болу керек.

А) Тексерілген сабақты түсініп көшіру.

Б) Тіл ережелерінің жаттықтыратын сұрауларға жазып жауап беру.

П) Етістіктерге жалғау қосу.

Т) Оқып өткеннен кейін кітапты ашып қойып, сөздердің тұлғасы, жағы, шағы сияқтыларды өзгертіп айттыру, жаздыру.

Ғ) Көркем әдебиеттен аударту.

Д) Бір тақырып алып сол туралы оқушыларды бірлестіріп (коллек) жаздырту.

Е) Оқылған әңгімеше сияқтыларды қорыттырып (конспект) жаздырту.

«Алғашқы жылдарда оқыту әдісі және програм» Мамунанікі:

  1. Жат тілді оқыту үшін ана тілді білу керек.
  2. Сабақтың негізі күндегі ауыз екі сөздер болу керек.
  3. Көз, құлақ, сезімдерін, қозғалыс орындарын күшейту үшін әр түрлі нәрселер, суреттер, ойындар, өлеңдермен пайдалану керек. Әуелі класқа, одан кейін үйге, қораға, бақшаға, көшеге, қалаға, ауылға, мемлекетке, жер жүзінде тиісті нәрселер болуы керек. Суреттер сол жат елдің тұрмыстарын айқын көрсетерліктей болу керек. Өлеңдер ырғақты болғандықтан әр сөзді дұрыс айтуға жаттықтырады. Өлеңнің арқасында оқушының құлағы жат елдердің тіліне, дыбысына, жаттығады. Әр түрлі ойынды ойнағанда, ойнаушылар жаңадан сөз қосады.
  4. Алғашқы жұмаларда жазу-оқу болмайды. Тек оқытушы үшінші бөлімде көрсетілген ретпен әр сөзді дұрыс айтуға жаттықтырады. Одан кейін оқытушы оқушыларға таныс сөздерді қара тақтаға жазып, дауыстап оқыттырады. Сөзді бөлмей тұтас оқыту керек. Екінші семестрде таныс сөздерді кітаптан оқыту керек. Оқытушылар таныс сөзді оқыса аудармай ұққандықтан жат тілде ойлауға үйретеді.  Алғашқы жылы түсіндіре оқу ғана болу керек. Әуелі оқытушы өзі оқиды. Сол оқылғаннан оқушыларға айтқызады. Содан кейін оқытушы ережелер жағын жіктеп көрсетеді.
  5. Оқумен қатар жазуға үйрету керек. Көшірілетін сөйлемдерді күні бұрын түсіндіру керек. Оқушы таныс сөйлемдерді көшіргенде дауыстап оқып отыру керек. Жаттатқызғанда да осылай болуы керек. Одан кейін суреттерге қарап нәрселердің аттарын жаздырту, біраздан соң сөйлем құрастыру.
  6. Тіл құралы жеке оқылмайды. Тек оқытушы жат тілдің тұлғаларын байқауға үйретіп ана тілінікімен салыстыру керек. Сөйлеудің түйіні етістік болуы керек. Нені болса да етістікке байланыстыру керек.

«Әдебиеттік оқу жолы» Мамунанікі: Қарап оқу – сабақ беруддің негізі. Қарап оқуда екі түрлі, екі мақсат бар: не жат елдің тіл құрылысымен таныстыру, не жат елдің мәдениетімен таныстыру. Оқылуға арналған деректі саясат, шаруашылық, қоғам тұрмысымен байланыстырып сайлап алу керек. Бұл үшін әдейі арналып жазылған кітаптар, журналдар болуы керек. Әдейі арналып жазылған кітапта көркем сөз өрнектері қарасөзбен де өлеңмен де болуы керек. Және жат тілдің , жат елдің қара шаруалары, жұмысшылары туралы да, төңкеріс қозғалысы туралы да, қазіргі шаруашылық, қоғамшылық туралы да болуы керек.

«Аударудың керектігі» – Ганчинанікі. Мәскеудегі білім-тәрбие институтының програмында: «Мектеп жат тілдегі кітапты оқуға, ұғуға үйретеді», – дейді.

Оқылғанды ұғынуға екі жол бар: бірі – аудару, екінші – сөзге түсіну. Осы күні білім, тәрбие пәні аударусыз да жат тілді ұғуға болатындығын сипаттап отыр. Оқылғанды ұғу үшін тілдің, сөзді тұлғасын айыра білу керек.

Оқымастан бұрын таныс емес сөздердің мәнісі, тұлғасы айтылады. Содан кейін оқытушы дауыстап оқиды. Осы ретпен жалпы мәнісі түйістіріледі. Ең артынан оқытушы ұғымсыз сөздердің  мәнісін толық түсіндіріп екі сөздің арасындағы байланысты көрсетеді. Бұларды түсіндіргенде бұрынғы таныс сөздерді мысалға алу керек. Онда да қиын жерлерді ғана аудару керек.

Аудару екі түрлі. Бір түрі – жеңіл сөйлемдерді, аударғанда, негізінен жақынырақ аудару. Екінші түрі – көркемшілік жағын көздеу. Ана тілден аударудан онша пайда шықпайды. Өйткені мектепте жат тіл туралы алатын білім ана тілден толық аударуға шамасы келмейді.

 

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА