11.10.2024

Оқушылардың жаппай улануы: мектеп асханасының тендерін 9 жыл бойы бір кәсіпкер ұтып келген

Маңғыстау облысында оқушылар астан уланған мектеп асханасының ас мәзіріне қатысты ата-аналар тарапынан бұған дейін де шағым болған. Бұл туралы агенттік тілшісіне балалардың ата-анасы айтып берді.

Ата-аналардың айтуынша, балалардың басым бөлігі асханада жеген тамақтың жағымсыз дәміне шағымданған.

«Балам қатты қызулап жатыр екен. Жүрегім айнып, құсқым келеді деді. Сол-ақ екен ішкен-жегенін шығарып тастады. Таңғы мезгіл, балама дәрі алдырттым. Уланды деп ойлаған жоқпын. Кейін балам күндіз мектепте ашыған пюре жегенін айтты», – дейді ауыл тұрғыны Айман Бекқараева.

Маңғыстау облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының айтуынша, балалар ауруханаға түскен кезде тағамдық токсикалық белгілермен келген. 

«Іш ауруы, құсу, жүрек айнуы және іш өту белгілерімен түскен. Оқушылардың барлығы консервативті ем қабылдап жатыр», – дейді басқарма басшысы Бекболат Ізбасаров.

Бесшоқы ауылының тағы бір тұрғыны Марал Жақсыбекованың екі бірдей баласы ауырып қалған. Екеуі де мектеп асханасында берілген тегін тамақтан уланған. Қазір дәрігер тағайындаған дәрі-дәрмектермен емделіп жатыр. Алғашқы екі күнде қатты әлсіреген балаларының қазір беті бері қараған.

«Былтыр аудан әкіміне осы кәсіпкердің былықтарын дәлелмен көрсеткенбіз. Соған қарамастан биыл тағы соны алыпты. Неге бір жеке кәсіпкерді қайта-қайта қойып отыр?» – дейді Марал Жақсыбекова.

Мектеп директоры Тойлыбай Аймағанбетовтың айтуынша, асхананы 9 жылдан бері бір кәсіпкер жүргізіп келеді. Биылғы байқауда да сол ұтып, 3 жылға келісімшарт жасалған.

«Менің директор болғаныма 2 жыл болды. Кәсіпкер 9 жылдан бері менің алдымдағы басшылармен де жұмыстас болған. 3 жыл сайын конкурс тендерге түсіп, өзі жеңіп алып келе жатыр. Биылғы байқауға үш жеке кәсіпкер қатысқан болатын. Осы «Шакенова Д» жеке кәсіпкер тағы да ұтты», – дейді мектеп директоры.

Еске салайық, 6 қыркүйек күні Мұнайлы ауданы Бесшоқы ауылында №8 мектептің бастауыш сыныптарында оқитын оқушылар астан уланып қалды.

Кейін 460 бала дәрігерлердің бақылауына алынғаны, оның 83-і ауруханаға жатқызылғаны, 2 бала жансақтау бөлімінде екені хабарланды.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің қызметкерлері асханадағы тағамдардан тиісті сынамалар алып, асхана уақытша жабылды.  Ал Маңғыстау облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тағы қосымша сынама алынғанын хабарлады. Соған орай, сынамалардың нақты нәтижесі алдағы жұма күні белгілі болмақ.

Осы оқиғаға қатысты қылмыстық істі бірлескен жұмыс тобы тергеп жатыр. Оның құрамында полиция, экономикалық тергеу департаменті мен прокуратура қызметкерлері бар.

Бүгін Үкімет отырысынан кейінгі брифингте Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев балалардың улануына жол бергендер жазаға тартылатынын мәлім етті.

 

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА