Бүгін үйде балаларға глобус пен youtube.com-ды пайдалана отырып, әлем географиясынан сабақ өттім. Қызықты болған сияқты, үшеуі ентелей қарап, сұрақтарын жаңбырша жаудырды. Соған қарағанда жаман мұғалім болмайтын сияқтымын.
Сан мың жұмбаққа толы алып мұхиттар мен құрлықтар, тылсым мен аңызға арқа тіреген Бермуд үштағаны балалардың ынтасын қозғады.
Пандемия келгелі онлайн оқыған балалардың білім деңгейі тым төмен түсіп кеткенін анық сезіп жүрмін. Сабақ басталғанда маңайларында бір құлағымды тіге жүремін. Ұстаздары барын салып оқытқанымен, бәрібір мектептегідей қайдан болсын? Кейде дауыс естілмей кетеді не үзіліп қала береді.
Осылай жалғаса берсе, енді бір жылда білімнен махрұм қалар түрі бар.
Бар салмақты мектепке, мұғалімге арта бермей, үшеуін ынта-бейіміне қарай өзі қызығатын салаға бейімдей беруді жөн көрдім.
Бірыңғай сабаққа теліп қойғанмен бала деген тез зерігеді. Сол үшін қосымша ретінде би мен каратэге барып жүр. Күн жылынса бассейн, футбол сияқты спорт түрлері мен сурет, домбыра, ағылшын тілі курстарына басымдық беру жоспарда тұр.
Қазірше негізгі пәндерді меңгеруіне үйден өзіміз күш салмасақ, жағдай қиын болады.
Бұйырса, ертең Бабалар тарихын өтуге дайындалып отырмын.
P.S
Жемқор жүйеге кіжіне бергеннен ұтсақ, қазақтар қазір айда жүрер едік.
Шығар жол іздеу керек…