Кейбір грант иегерлері мемлекет шығынын жұмыспен өтеу рәсімін айналып өтудің амалын тапқан, — деп жазды Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өзінің facebook парақшасындағы жазбада.
Оның мәліметінше, кейбір студенттер грант арқылы 3-курсқа дейін тегін оқып, үш жыл бойы стипендия алады. Содан кейін мемлекеттік грантты жұмыспен өтемеу үшін 4-курста ақылы бөлімге ауысатын.
Осыған байланысты грант иегерін оқытуға мемлекет жұмсаған шығындарды өтеу бойынша жаңа норма енгізілді.
«Мәселен, студент грантта екі жыл оқып, кейін ақылы бөлімге ауысты делік. Бұл жағдайда студент қанша жыл грантта оқыса, сонша жыл грантты жұмыспен өтеуге міндетті болады», — деп жазды министр.
Дәл осы норма, ақылы бөлімнен грантқа ауысқан студенттерге де қатысты болады.
Сонымен қатар, А. Аймағамбетовтің мәліметінше, енді қарамағында колледждері бар жоғары оқу орындары да техникалық және кәсіптік білім беру бағыты бойынша мемлекеттік тапсырысты орналастыру рәсіміне қатыса алады.
«Бұған дейін оларда мемлекеттік тапсырыс алу құқығы болмаған еді. Біз бұл мәселені де шештік. Енгізілген түзету жоғары оқу орындарының үздіксіз оқытуды қамтамасыз ету мүмкіндіктерін кеңейтеді», — делінген жазбада.
Бұл түзетулердің барлығы заңнаманы жетілдіруге, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім сапасын арттыруға бағытталған.
kazbilim.kz