Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің дерегіне сүйенсек, елімізде 2020/21 оқу жылында орта мектептерде жұмыс істейтін 347 052 мұғалімнің 281 209-ы әйелдер, яғни еліміздегі барлық мұғалімнің 82-83 пайызы нәзік жандылар екен. Бұл орта есеппен алғанда әр мектепте 4-5 ер мұғалім ғана жұмыс істейді деген сөз.

Қазір байқап отырсақ, ер балаларымыздың көбі нәзік, майысқақ болып бара жатқаны жасырын емес, мұның басты себебі не? Балабақшаға барса, тәрбиеші — әйел адам. Бастауыш сыныпқа барса, мұғалім — тағы әйел адам. Жоғары сыныптардың дені қазіргі уақытта көбісі әйел мұғалімдер. Колледж, университеттерде де солай. Жаңа өсіп келе жатқан балғын шыбық сияқты балалар осыдан кейін майысқақ, жасық болмай қайтсін?! Себебі олардың қайсар қарағайдай қасқайып өсуіне үлгі болатын ер адамдар қазіргі білім саласында өте аз. Болса да, көбісі — «физрук». Қазіргі мектептерден Кеңес заманындағыдай математика , физика, химия сабақтарынан ер адамды кездестіре алмайсыз. Кездескен күннің өзінде олар «ақшасы жақсы» жерлерде сабақ береді. Ол аздай қазіргі педагогикалық мамандықтарда оқитын бакалавр мен магистратура топтарында да жігіттер санының аз болуы бұл қиындықтың таяу арада шешіле қоймайтынын аңғартқандай.
Бір жағынан қарасақ, жігіттер әскерге кетеді, үйленіп тұрмыстың ауыртпалығымен күреседі. Отбасын асырауға мұғалім айлығы мардымсыз. Сөйтіп дипломды сандыққа салып, «вахтаға кетеді».
Енді бір қырынан қарасақ, жалпы көп жігіттердің білімге ұмтылмайтындығы, ең сауапты істің бірі — ұрпаққа білім-тәрбие үйрету екендігін түсінбейтіндігінде жатқан сияқты. Сол туралы айтар болсам, Алла тағала әуел бастан Адам атаны ғылым сипатымен жаратқан жоқ па?! Періштелердің өзі білмегенді Адам атамыздың айтып беретіндігін діни кітаптардан білеміз, ол аз десеңіз Пайғамбарлардың барлығы да — ерлер. «Пайғамбар» деген аты болғанымен, оның басты мақсаты өз қоғамына тәрбие беру, оның кемшіліктерімен күресу емес пе!?
Бұл да жеткіліксіз десеңіз, ұстаздық дегеніңіз кешегі Яссауи, Әл-фараби, Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп, Ыбырай, Шоқан, Ахмет, Әлихан, Міржақып, Мағжан, Сұлтанмахмұд, Мұстафа Шоқай, Мұхтар Әуезовтерден қалған сауабы мол сара жол емес пе?!
Жалпы, білім беру саласы – қоғамның негізгі қозғаушы күші. Демек, бұл салада кіл кәсіби мамандар қызмет етуі қажет. Ал, білікті педагогтардың қатарында ер мұғалімдердің де үлесінің көп болуы білім алушылардың тек білімдік тұрғыдан сауатты болуына емес, әлеуметтік, психологиялық, тұлғалық дамуына да оң ықпалын тигізері анық.
Ал сіздер бұл жайлы не айтасыздар? Мектепте ер мұғалімдердің санын көбейтудің қандай тиімді жолдары бар?
Педагог ретінде айтар ұсынысым: ЖІГІТТЕР, БІЛІМ САЛАСЫНА КЕЛІҢДЕР!!!
Азамат Мәлжанбай,
Қазбілім орталығы директорының орынбасары
ФОТО: Республикалық Қазбілім Орталығының
Нұр-Сұлтан қаласындағы ер мұғалімдердің бір парасы.