20 C
Нур-Султан
26.07.2021

Қазақ ғылымының қайнар көзі

Отырардан шыққан оғылан, қыпшақ текті бұл ғалымның аты-жөні де қызық. Тарих әрі шежіре. Ұзақ баян һәм көркем. Тұтастай айтып көрсек, Әбу Насыр Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Тархан ибн Ұзлақ әл-Фараби ат-Түрки. Орта ғасырға жататын 870-950 жылдар аралығында ғұмыр кешкен ғазиз жан.

Ол кезеңнен біраз уақыт бұрын Отырар өлкесін арабтар жаулап алғаннан кейін, Ислам дінінің орнығуына байланысты ол жер – Фараб аймағы аталғаны тарихымыздан белгілі. Осы аймаққа қарасты кішкене шаһар Весидж (Оксус кенті) қамалында түркінің, оның ішінде қыпшақтың әйгілі әскери әулетті отбасында дүниеге келген Әбу Насыр балалық, жастық шағын туған жерінде өткізген екен. Алғашқы сауатын өз елінде қыпшақ тілінде алған. Бала күнінен арман-қиялға оранған алғыр жас білім іздеп, араб халифаты мәдени орталықтарының бірі, гүлденген Бағдатқа аттанады. Фарабитанушы ғалым М.Хайруллаев: «Орта Азиядан кетпей тұрғанда әл-Фараби Шаш пен Самарқанға соғып, біраз уақыт Бұхарада оқып, жұмыс істейді. Ол Бағдатқа барар жолда Иранның көптеген шаһарларында: Исфахан, Хамадан, Рей (Тегеран) және тағы басқаларында болады. Фарабидің саяхатқа шығып, Бағдатқа келген уақыты белгісіз. Кейбір дереккөздерде ол Бағдатқа халиф әл-Мұқтадирдің тұсында (908-932 ж.ж.) келгені туралы айтылады», – деп тұжырым жасайды. Бағдатқа келген Әбу Насырдың бар арман-мақсаты білім алу, ғылымды игеру болды. Ғылыми-танымдық қызметтерге араласты. Бірнеше тілдерді зерттеді. Олардың ішінде парсы, грек, сирия тілдері бар еді. Дегенмен, ең бірінші кезекте араб тілін үйренуге күш салады.

Сол кезеңде теориялық деп аталатын ғылымдар – математиканы, медицинаны, астрономияны, логиканы, философияны, поэзияны зерттеуді бастайды. Әлем бойынша Аристотельден кейінгі Екінші Ұстаз дейтін әйгілі атаққа ие болған ұлы жерлесіміздің энциклопедиялық дарыны әлі күнге дейін адамзат баласын таңғалдырып келеді. Сонау орта ғасырлардың өзінде философиялық, әлеуметтік, саяси, этикалық, эстетикалық мәселелермен бірге, жаратылыстану және математика саласындағы көптеген ғылыми мәселелердің түйінін шешіпті. Әдебиет пен музыка салаларына да айтарлықтай мол үлес қосқан.

Әл-Фарабидің ғылыми әлемін айтқан кезде, оның екі арнада дамығанын көреміз. Бірінші арна – өзіне дейінгі ұстаздар легі: Сократ, Платон, Пифагор, Аристотель, Евклид, Птолемей, тағы басқа ірі ғалымдар болса, екінші арна – өзінен кейінгі көрнекті толқын: Ибн Сина, Ибн Рушд, әл-Ашари, әл-Ғазали, әл-Кинди, әл-Ансари, әл-Хорезми, әл-Беруни, Бэкон, Ш.Маржани, т.б. Яғни, алды да, арты да – мықтылар. Әл-Фараби алдынғы ғұламалардың күрделі ғылыми еңбектерін 100 рет, 200 рет оқып, әрі қарай дамытты. Оларға ғылыми түсініктеме жазып, көпшілікке ұғындырды. Ал өзінің шәкірттері, ізбасарлары Фараби өзенін арнасынан асыра, толқындата тасытты.

Әбу Насыр әл-Фарабидің феноменін сөз еткенде, мынаны байқаймыз. Біріншіден, ғалым ортағасырлық ислам ғылымын толық меңгеріп, Алланы тануға құтты қадам жасаған. Осының нәтижесінде жаратылыс пен табиғаттың тылсым сырларынан қорытынды жасай алған. Аспан әлемін зерттей отырып, адамның шексіз ғарышпен байланысын анықтаған. Екіншіден, ғалымның өмір бойы адамдық асыл қасиеттерді ұстанып өткендігі. Ол қаншама атақ-даңқы дүрілдеп тұрса да – өте қарапайым әрі адал адам болған.160-тан астам ғылыми трактат жазып, әлемнің 70-ке жуық тілін меңгерген ғұлама ешкашан «мен» деп кеуде қақпаған екен.

Әлемдік ойдың алыбы, жер жүзі таныған Әбу Насыр бабамыз ғұмыр кешкен кезде ортағасырлық Шығыс батыс Еуропаның мәдени дамуынан, өркениетінен әлдеқайда алда тұрды. Орта ғасырлардың өзінде-ақ араб – мұсылман өркениеті ренессанстық сипат алған еді. Қалалық мәдениет өркендеді, ғылым мен білімге басты назар аударылды. Антикалық мұра қолға алынып, аудармалар жасалды. Осы кезде Әбу Насыр Сократтың, Платонның, Аристотельдің барлық ғылыми салаларын, математикасын, физикасын, музыкасын, философиясын, логикасын жоғары сатыға көтерді. Оның осынау ерен еңбегін араб тарихшылары: «аса ірі мұсылман философтарының бірі, сондай үлкен атаққа ие болған ғалым» деп жазыпты.

Әбу Насыр этиканы – жақсылық пен жамандықты ажыратуға мүмкіндік беретін ғылым деп қарастырған. Грек этикасының орталық ұғымы – эвдемонаны өзінің этикалық шығармаларына негіз қылып алған. Осының нәтижесінде «Бақытқа жол сілтеу», «Қайырымды қала» секілді трактаттары жарық көрген. «Қайырымды қалада» қала тұрғындары бақытты болу үшін оны жақсы әкім басқаруы қажет деп айтады. Жақсы әкімге мынадай сипаттама береді. Әкім – әділ, инабатты, мейірімді, жанжақты білімді, жақсылыққа жаны құмар, батыл, жомарт жан болуға тиіс. Сонда ғана жеке адамның бақыты жалпы қоғам бақытына ұласады, – деп көрсетеді.

Осыдан мың жыл бұрын айтылып, жазылған баба өсиетін бізге дейінгі және біздің қоғам да орындай алмай жүр. Өкініштісі – сол.

Ғаламдық деңгейдегі ғұламаның этика, мәдениет, тәрбие, пәлсапаға негізделген бірнеше қысқа да нұсқа жазбаларына көз салсақ, мынандай ой түйіндерді көреміз. «Жақсы мінез-құлық пен ақыл күш болып біріккенде, бұлар адамның қасиеті болып табылады», «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы», «Ғақли көзбен қарасаң, Дүние ғажап, сен – есім, Жаһли көзбен қарасаң, Дүние қоқыс, сен – мешін», тағы басқалары.

Парасат падишасының орта ғасырларда айтқан: «Табиғат математикалық және геометриялық дәлдікпен жасалған. Оны орнынан сәл қозғасаң, дүниенің тас-талқаны шығады» дейтін пайымды пікірін, біріншіден – Жаратушы Аллаға деген үлкен құрмет, екіншіден – табиғат пен қоршаған ортаға жанашырлық деп ұққанымыз жөн шығар. Осы жерде ойға келетін бір жайт бар. Кеңестер Одағында, біз мектепте жүрген кезімізде Дарвин, Мичурин секілді ғалымдарды көп оқыдық. Біреуі – анатомияның, біреуі – биологияның білгірі еді. Сол жасыл әлемнің атасы атанған И.В.Мичурин: «Біз табиғаттан рақым күтіп отыра алмаймыз, ал одан алу біздің міндетіміз» дегенді айтқан екен. Бұған қарап, «Батыс беріде бұрысын, Шығыс әріде дұрысын айтқан-ау», дейтін де ойға қаласың.

Ұлы тұлға, даңқты бабамыз Әбу Насыр әл-Фараби шын мәніндегі әлемдік құбылыс. Көне заманның өзінде көп білген көреген-хакім. «Шәкіртсіз – ұстаз тұл» дейтін даналық ойды, ұстаз бен шәкірт арасындағы қарым-қатынасты, тығыз байланыс пен сый-құрметті Әбу Насыр бабамыздан бастау алған ізгілікті іс деп айтуға болады. Оған бір мысал, бірінші Ұстаз, атақты Аристотельді өз замандастары толық түсіне бермеген. Оның еңбектерін ерінбей бірнеше мәрте оқып, талдап – түсіндірген, әлемге әйгілі еткен шәкірті Әбу Насыр әл-Фараби. Ал, Әбудің шәкірті, кейіннен медицина атасы атанған Ибн Сина (Авиценна) ұстазының тағылымды еңбектерін көп оқып, өзінің «Книга исцеления» атты туындысын жазыпты. Бір деректерге қарағанда, сол Ибн Синаның атақты еңбегі Әбу Насырдың ұстазы Аристотель еңбектерінен жасаған конспектісі екен. Оны медицина атасының өзі де мойындап, жазып қалдырғанға ұқсайды.

Биыл туғанына 1150 жыл толып отырған әлемдік деңгейдегі ғұлама ғалым, даңқты жерлесіміз, аңызға айналған абыз бабамыз Әбу Насыр әл-Фарабиді ұлықтау ұзағынан сүйіндірсін дей отырып, Ұстаздың асыл мұраларын мұқият оқып, өсиет-өнегелерін орындап қалдырған аманатқа ұрпақтар адалдығын көрсете берейік, қадірлі оқырман қауым дегім келеді.

Қазақ даласынан басталған даналық ойлардың ғұмыры – мәңгілік.

Әлімжан ҚҰТЖАНҰЛЫ,

Е.Бөкетов атындағы ҚарУ-дың журналистика кафедрасының аға оқытушысы.

-ЖАРНАМА-

Пікір қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -

СОҢҒЫ ЖАЗБА

Бірқатар өңірлерде көше, мектеп, университет атаулары өзгерді

Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Республикалық ономастикалық комиссия қортындысы бойынша мемлекет меншігіндегі обьектілерге, мемлекеттік заңды тұлғаларға, мемлекет қатысатын заңды тұлғаларға және басқада кейбір құрамдас бөліктеріне атау...

Болашақ журналистерге: Шығармашылық емтиханды қалай тапсырамыз?

ҰБТ тапсырғаннан кейін бірден университетке түсіп кетемін деген түсінік жоқ. Әрине, бұл шығармашылық емтихан тапсыратындар үшін. Олар үшін тестілеу – алғашқы қадам ғана. Оларды...

ҚР БҒМ комитеті күні бойғы жұмысқа тартылған 14 жасөспірімді анықтады

Кәмелетке толмаған 14 балаға қатысты еңбек заңнамасын бұзу фактілерін ҚР Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің қызметкерлері анықтады. Министрлік мәліметіне сәйкес, жұмыс берушілер...

Магистратура түсушілер назарына…

Құрметті, кешенді тестілеуге (магистратура) қатысушылар! 2021 жылдың 18 маусымында басталған магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеуге қатысуға тіркеу 15 шілдеде аяқталады. Магистратураға түсушілерге кешенді тестілеуге қатысуға өтініш...