Home Жаңалық Алтайда оқушылар міндетті түрде атқа міну сабағын оқиды

Алтайда оқушылар міндетті түрде атқа міну сабағын оқиды

0
Алтайда оқушылар міндетті түрде атқа міну сабағын оқиды

Қытайдың Алтай қаласында мектеп оқушыларына арналған ат спорты сабағы қайта басталады. Бұл туралы қытай қазақтарының «Ағажай-Алтай» сайтына сілтеме жасап Қазақпарат агентігі хабарлады.

2019 жылы Қытайдың Алтай қаласында мектеп бағдарламасына енгізілген ат спорты сабағы биылғы жаңа оқу маусымында қайта басталды, деп хабарлайды kazakh.altxw.com сайты.

Аталған БАҚ-тың жазуынша, өткен жылы бұл ерекше дене шынықтыру сабағына Алтайдағы 10 мың жасөспірім қатысқан. Биылғы жылы жаңа оқу маусымда ат спорты сабағына 4-8 сынып оқушылары қатыспақ. Осы атқа мінуді үйретіп, ат спорты өнеріне баулитын ерекше бағдарлама Алтай қаласындағы мектеп оқушыларының сөзсіз оқитын міндетті сабағына айналған.

Жергілікті үкіметпен 10 жылдық оқыту туралы келісімге келіп, оқу-материалдық базасын ұсынып отырған «Алтайдың алтын қанды асыл тұқымды жылқы шаруашылығы» ЖШС 3 миллион юань қаржыға талапқа сай ат спортына арналған жаттығу алаңдарын жасап және жаңа жабдықтар сатып алған. Мұнда оқушыларға жылқы шаруашылығы бойынша жоғары оқу орындарынан білім алған білікті ұстаздар сабақ береді.

 

«Ат спорты сабағында оқушылар алдымен жылқылардың тіршілік ету ортасы мен жылқылардың жалпы сипаты және ат спорты өнері туралы жан-жақты мағлұматтармен танысады. Содан кейін атқа мінуді үйренеді. Мамандардың айтуынша, бұл бағдарлама оқушылардың күйзелісін жеңілдетіп, дене шынықтыру сабағына қызығушылығын арттырады. Сондай-ақ, жастардың өзіне деген сенімділігін күшейтіп, ат үстінде тепе-теңдікті сақтай отырып, дене бітімінің шымыр, түзу өсуіне, ағзаны нығайтауға көмектесетін ерекшеліктері бар. Сонымен бірге бұл бағдарламаның негізгі мақсаттарының бірі жергілікті жылқы мәдениетін қорғау және оны бүгінгі ұрпаққа насихаттап қалдыруды көздейді. Жалпы Алтайдағы оқушылардың дене шынықтыру сабағы шаңғы тебу мен ат спорты өнерін үйренуге басымдық берілген», – деп жазады «Ағажай-Алтай» сайты.

Адамның азамат қатарына қосылуының өзін «ат жалын тартып мінді» деп бейнелейтін қазақ халқы үшін жылқы түлігі қашанда ерекше маңызға ие болған. Қытайдағы Қазақтар шоғырлы қоныстанған Алтай аймағындағы төл мәдениетімізді ұлықтаған, қазақ еліне үлгі боларлық бұл жаңалығы көңілге қуаныш ұялатады.

 

Осы дереккөзінің жазуынша, ат спорты өнерін үйрену сабағында, оқушылар бұрын атқа мініп көрмеген соң, бастапқыда қорыққан. Кейіннен оқушылар аттың қасына барып, басынан сипап, жетелеп, мініп көріп үйірене бастайды. Осылайша Алтай жерінде өмір сүрген, ат жалында өскен аталарының жолын қуып, мәдениетін сақтап, жалғастырушы ұрпақтары төл мәдениетін қайта бойына дарытпақ ниетте. Қытай елінде мұндай өңірлік ерекшелікке ие міндетті курстарды үйрету дәстүрі қалыптасқан екен. Мысалы, Алтайда оқушыларға атқа міну сабағы оқытылса, Гуанчжоуда оқушылар «Сорпа жасауды», Хайнаньда суда жүзуді міндетті сабаққа енгізген.

 

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here