Парақор педагог қайдан шығады?

Осыдан 2 жыл бұрын бір танысымыз мектепке ақша беріп жұмысқа тұрды. Ол осы әрекетін: «Барлық жерге түйіндемемді жібердім. Бірақ бәрінде бірдеңе дәметеді. Ал мен өз кәсібімді, мұғалімдікті шынымен жақсы көремін. Бала оқытқаннан ләззат аламын. Сүйікті ісіммен айналысу үшін осындай қадамға бардым. Өйткені басқа амалым қалмады. Таза жолмен жұмысқа жетемін деп қанша уақытымды жоғалттым. Бастысы, мен – маманмын ғой. Еден жуып жүріп, бала оқытып кеткен жоқпын», деп түсіндірді.

«Ақша беріп те көрдім»

Қалай ойлайсыз, дәл осы уәж педа­гог­ті ақтай ала ма? Екіұшты ойда қа­лар­сыз, бәлкім сөз таластыруға, бар­лық са­ла­ны жайлаған жемқорлық жа­йын желеу етіп лайықты аргумент те табарсыз. Бірақ мұндай мұға­лім­дер­дің көп екенін ақтауға келмес. Жақында Facebook әлеуметтік желісіндегі «Қазақстан ұстаздары» атты 100 мыңға жуық жазылушысы бар ашық топқа Құралай Жол­да­­сова атты желі қолданушы: «Сәле­метсіздер ме? Мен мектепке жұмысқа тұра алмай жүрмін. Барлық мектепке түйіндеме тастадым. Бірақ жауап жоқ. Ақша беріп те көрдім. Ортадағы адамдар жоқ болып кетіп, алданып қалдым. Жұ­мысқа тұрудың енді қандай амалы бар?», деп жазыпты.

Дымы құрыған кейіпкеріміз айт­қан­дай, білім беру саласындағы бұл бас­сыз­дыққа балта шабудың енді қандай ама­лы бар?

«Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағ­­дарламасы: Білім индексі 2019» зерт­теу қорытындысы бойынша үздік үштік­те тұрған Аустралияда мұғалім болып ең­бек ету үшін сіз жұмыс істегіңіз келетін штат­тағы білім департаментінің талаптары­на сай болуыңыз керек және тиісті бақы­лау органында педагог ре­тін­де тірке­луге тиіссіз. Көрдіңіз бе, бақылау ор­ганы ұр­пақ тәрбиесімен айналысқысы ке­летін адамның кім екенін алдымен жіті тек­середі.

Ал бізде қалай? Мұғалімді жұмысқа мек­теп директоры алады. Педагог болу үшін қандай да бір органның бақы­ла­уы­нан өту қажет емес. Міне, біз дәл осы жерде жемқорлыққа қолдан жол беріп отырған секілдіміз. Себебі елімізде әлі күнге дейін мұғалімдерді жұмысқа қа­былдайтын мектеп директорларын тағайындау­дың бірыңғай жүйесі жоқ. Олар жер­гілікті атқарушы органдардың және білім басқармаларының шешімімен қыз­метке қол жеткізеді. Бір проблема­дан соң екінші проблемаға тап боламыз. Өйткені түйткілдің тамыры те­реңде. Білім саласындағы біраз мәсе­ле­­нің шешімін табуға, сондай-ақ дәл осы біз көтеріп отырған жемқорлықты жою­ға, тым болмаса алдын алуға ықпал ете алар бір қадам бар. Бұл – мектеп ди­ректорларын тағайындаудың та­лап­­­тарын күшейту, бірыңғай тиімді жү­йе­сін енгізу. Неге? Өзіңіз білетіндей, мұ­ғалімді жұмысқа алатын адам – сол мек­теп директоры.

Мектеп директорының еңбекақысы кей мұғалімдікінен төмен

Мәселеге тура қарасақ, пара беретін мұ­ғалім бар делік, демек алатын да дирек­тор болып тұр ғой. Сол себепті мә­се­ле­нің салдарын емес, себебін осы жер­ден іздеу керек секілді.

Елордада орналасқан Райымбек батыр атындағы №50 Қазғарыш мектеп-ли­цейінің директоры Роза Болатаева кейбір мек­теп басшыларының қылмыстық қа­дам­ға баруына жалақысының аздығы се­беп болуы мүмкін екенін айтады.

«Біз мұғалімдерді жұмысқа қабыл­да­ғанда бір орынға үміткер болып тұрған педагогтерді әңгімелесуден өтуге қатар шақырамыз. Әңгіме барысында мұғалім мамандығын және дәл біздің мектепті таңдаудағы мақсатын, қандай жаңалық енгізіп, не өзгерткісі келетінін сұраймыз. Содан соң осы сұрақтарға жауабын жаздыртамыз. Сол арқылы оның ойын, ойындағысын жүйелеп жеткізу қабілетін, сондай-ақ сауатын тексереміз. Өзі қате жазатын мұғалім балалардың сауатын қалай ашады? Кейде өзі қобалжып отырған үміткерді де абыржытпай, өзі­міз­дің де уақытымызды көп алмай сал­мақ­ты сұрақтарға жауап ретінде бір эссе емес, қарапайым өмірбаянын жазып беруді өтінеміз. Басқа да талаптар бо­лады, әрине. Мәселен, математика пәнінен жоғары сыныптарға сабақ беретін мұғалімге есеп шығартамыз. Міне, осындай сынақтардан өте алған маманды жұмысқа қабылдаймыз. Меніңше, мұғалім өзіне, өзінің білімі мен қабілетіне сенімсіздіктен пара беруі мүмкін. Бұл – шындығында педагогикалық этикаға жатпайтын жат қылық, ауыр қылмыс. Сондықтан оған қандай жағдайда да, тіпті жалақыны да сылтауратып жол беруге болмайды», деді Р.Болатаева.

Иә, мектеп директорларының алатын жалақысы жайында бұған дейін де көп көтерілді. Соның нәтижесінде мектеп директорларын аттестаттау жүйесі ен­гізіліп, одан өткен және өзі­нің бі­лік­ті­лігін дәлелдей алған оқу ошақ­тары басшыларының жалақысына білік­ті­лік деңгейіне қарай 30-дан 100 пайызға дейін үстемеақы қосылады.

Бұл туралы Білім және ғылым ми­нис­трі Асхат Аймағамбетов (вице-министр кезінде) 2 жылдай бұрын: «Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, мұғалімдердің үстемеақысы өсіп отыр. Бірақ мектеп директорлары мен директор орынбасарларының еңбекақысына қатысты мәселе бар. Біз бұл мәселені аттестация арқылы шешуді жоспарлап отырмыз. Қазір мектеп директорлары азаматтық қызметкерлер ретінде үш жылда бір рет аттестациядан өтеді. Шағын мектеп болса да, үлкен мектеп болса да, тіпті директордың тиімді жұмысына қарамастан оның жалақысы өспейді, үстемақы жоқ», деген еді. Міне, енді сол мәселе шешімін тауып жатыр. Бірақ бұл мектепке мұғалімнің жемқорлықсыз жұ­мысқа тұруына кепілдік бола ала ма? Мектеп басшыларының жалақысы өссе, олардың бәрі педагогті парасыз жұмысқа қабылдайды деген сөз бе?

Педагогтерді порталмен іріктейді

Негізінен тек жалақыны өсіргеннен түйткілдің түйіні түбегейлі тарқатылып кетпесі анық, әйтеуір жемқорлықтың алдын алуға сөзсіз сеп болады. Алайда осы қадаммен ғана қол қусырып қарап отыра берсек, мәселені одан әрі ушықтырғаннан өзге ештеңе ұтпайтынымыз бесенеден белгілі. Сонда тағы қандай амал бар? Оны, біздіңше, жақында Шымкент қала­сы­ның әкімдігі қолға алған секілді.

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан: «Білім саласының ішкі және сыртқы жағы бар. Сыртқы жағы – инфрақұрылым мен құрал-жабдықтар. Ішкі жағы – оқу бағдарламасы мен ұжым. Сыртқы жағдайын тез өзгертуге болады. Мектеп апатты жағдайда болса, 1-2 жылда орнына жаңа мектеп сала аласыз. Ал білім саласының ішкі жағы, яғни мәнін бұлай жылдам өзгерте салу қиын. Білім саласының сапасын арттыратын бірден-бір адам – сауатты мұғалім. Сондықтан мұғалімдердің білім-білігі бі­лім саласының сапасын айқындайды. Лайықты мұғалімдер бәсекелестік жағ­да­йында таңдалады. Тамыз айында hr-process.kz порталы іске қосылды. Осы уақыт ішінде жарияланған 511 орындық байқауға 692 үміткер қатысып, 349 мұғалім таңдап алдынды. Олардың 133-і қызыл дипломмен бітіріп, 17 мұғалім ше­телде білім алған. Бұл жүйеге ба­лабақша тәрбиешілері мен колледж мұ­ға­лімдерін іріктеуді қостық. Келер жы­лы педагогтердің біліктілік санаты осы портал арқылы аттестацияланады», деп жазды.

Бірақ үмітінен күдігі басым жүретін қоғамда «Бір ғана порталмен параның проблемасын шешіп тастау мүмкін емес» деген сыңайдағы сенімсіз сөздер айтылды. Сонда Ш.Мұқан: «Шымкенттің мемлекеттік білім беру ұйымдарындағы бос орындар осы сайтқа жарияланады. Қазіргі таңда 47 бос орын тұр. Мәселен, №23 мектепке тарихшы, №115 мектепке ағылшын тілінің мұғалімі, №129 мектепке дефектолог, №57 мектепке математика пәнінің мұғалімі керек. Осылай кете береді. Алайда педагогикалық диплом болса болды, жұмысқа алады екен деп ойлап қалмаңыз. Талап жоғары», деді.

Талап жоғарыласа, тәртіп оралар. Портал тәжірибесін өзге өңірлерге де ен­гі­зуге болатындай көрінді. Бірақ бәрі­бір мұғалімдерді мектепке қабыл­дау­дың шетелдік тәжірибедегідей жүйе­лен­ген арнайы байқауы болуы керек. Байқаудан тек мықтылар ғана іріктелуі тиіс. Байқаудың өзі бақылауда болғаны жөн. Жалпы білім саласындағы бақылау департаменттері әлсіз емес екенін, кері­сінше ықпалды екенін осы тұста дәлел­дей алуы қажет.

Жақында Мемлекеттік қызмет істе­рі және сыбайлас жемқорлыққа қар­сы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев Білім және ғылым минис­тр­лігінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте белсенділік танытып жат­қанын мәлімдеді. Иә, кейінгі кезде министрлік ҰБТ-ға, «Болашақ» халық­ара­лық бағ­дар­ламалар орталығы мен бала­бақ­ша­ға баланы орналастыруға қатысты жұмыстарды жүйелеуде агенттікпен бірлесіп жұмыс істеді. Ведомство тарат­қан ақпаратқа сүйенсек, Агенттік пен Ұлт­тық тестілеу орталығы бірлесіп жүр­гізген мониторингтің нәтижесінде мем­лекет 2,7 млрд теңге үнемдепті. Ал «Бо­лашақ» халықаралық бағдарламалар орталығына қатысты бизнес-процестерді оңтайландыру нәтижесінде жыл сайын 1,3 млрд теңге бюджет қаражаты үнемделмек.

Жақсы ғой, десе де мұғалімдердің жұмысқа тұру мәселесін де агенттікпен бірле­сіп реттесе, байқау негізінде қыз­мет­­ке қабылдауды жолға қойса, білім сапасы қаншама есе көп табысқа кенелер еді-ау. Өйткені сауатты, қылмысқа бармайтын, өзінің білімі мен кәсібилігіне сенетін педагог қана білімді, рухани бай, жаңа заманның талаптарына сай ұрпақ тәрбиелей алады. Ал ақша беруді және алуды қалыпты қабылдайтын парақор педагог қоғамға қауіпті лекті тәрбиелеп шығады. Білімдегі орны толмас орасан шығын осы емес пе?

 

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ
«Егемен Қазақстан» газетінен

-ЖАРНАМА-

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

Exit mobile version