Home Редактор бағаны Қашықтан оқу және оқыту

Қашықтан оқу және оқыту

0

Бізде дәл қазір бұдан басқа таңдау бар ма? Жоқ!
Баяғыда біреу “қойды қай жетіскеннен жаяу бағамын, астымдағы атымнан сақау шықса” деген екен. Біздікі де сол жағдай ғой, қай жетіскеннен камера алдында әпенді әртіс боп сабақ өткен ұнайды дейсің, оқушымен емін-еркін тілдесіп, талқылап сабақ өтпегесін, екі жақтағы екі экранға айғайлап, ерігіп жүрген ешкім жоқ.
Елдегі жағдай елеңдетіп, әлемдегі жағдай алаңдатып отырғанда басқа жол жоқ. Иә, бастысы тек ел аман, жұрт тыныш болсын дейсің. Ұстазбын ғой, ұстаздығымды адал атқарайын деп атқа қонасың мұндайда.

Айтпақшы, кеше Марғұлан Сейсенбай ағаның кризис кездегі бизнес туралы Украиндықтармен жасаған онлайн сұхбатын тыңдап отырсам, дәл қазіргі кезде онлайн сабақ өтудегі ең танымал платформа Zoom бағдарламасына иегер компания бір айда 15 млрд доллар тауып, капитализациясы 43 млрд доллар болды-мыс. Иә, бұл нені білдіреді? Бұл біздің ғана емес, әлемнің басқа таңдауы жоқ, білімді ақсатпау үшін онлайнға көшті деген сөз.
“Сын сағатта адам не тәжірибе жинайды немесе өнер үйренеді” дейді ғұлама жұрт. Иә, бұл сын сағат білім саласына да үлкен тәжірибе мен жаңа бағыт сыйлары анық. Ол – онлайн білім беру.
Онлайн білім беруді дамыту – соңғы 5 жылда үздіксіз көтеріліп келе жатқан шаруа. Өзім де бұған дейін онлайн білім беруден қаншама ұсыныс түссе де, бас тарттым, себебі, сапаны түсіруден алаңдаған едім. Көз қорқақ, қол батыр, біз (Республикалық QAZBILIM орталығы) 18 наурыздан бері 10 күннен асты, неше жүз оқушыға онлайн білім беріп жатырмыз. Қазір алғашқы күндей емес, төселіп алдық.

Иә, жаңа бағыт жаңа мәселелерді туындатады, 6 сәуірден бастап мектептер де қашықтан білім береді. Ал, оған елдің интернет жылдамдығы, шарт жағдайы, әр отбасының мүмкіндігі жете ме?
Бұл үлкен сұрақ, елдің басты сұрағы, бірақ, бізде таңдау да жоқ, шегінер жол да жоқ.
Сондықтан, құрметті әріптестер, алаңдамай нар тәуекелге кірісіңіздер, “керек емес” деп кежеге кері тартқанмен де, сіздердің мәртебелеріңіз оқушыға сапалы білім бергенде ғана артады. Мемлекет төлейтін әр тиынды да адалынан алып, осындай сын сағатта елімізбен бірге болайық. Біз қашан да елдің ұрпағының білім алуын бір минут та кешеуілдетуге құқымыз жоқ!

Иә, ата-аналар, сіздер де дайындалыңыздар, бала өздеріңіздікі, балаларыңыздың болашағы өздеріңізге керек. Дәл қазір жылайтын мезгіл емес, жыланатын мезгіл емес, дәл қазір шыдайтын мезгіл. Сондықтан, балаларыңызды қашықтан оқуға дайындаңыздар. Білім ертеңі үшін керек.
Біз біргеміз!

Республикалық QAZBILIM орталығы директоры Аятжан Ахметжанұлы

NO COMMENTS

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

Exit mobile version