Home Керекті кеңес Жекеменшік мектептер – Олардың көбеюі бәсекелестікті арттыра ма?

Жекеменшік мектептер – Олардың көбеюі бәсекелестікті арттыра ма?

0
Жекеменшік мектептер – Олардың көбеюі бәсекелестікті арттыра ма?

Білім және ғылым министрлігі жекеменшік мектептерде қалталы ата-аналардың ғана балалары оқығанын қаламайтынын бірер жылдан бері ашып айтып жүр. Оны жүзеге асырудың тетіктері биылдан бастап белгілі бола бас­тады. Жуырда Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов 2019 жылдың басынан бері 47 жекеменшік мектептің ашылғанын жеткізді.

«Мемлекет үшін, бұл – бюд­жетке түсетін жүктемені төмен­дету, орын тапшылығын азайту, білім беру сапасын жақсарту, педа­гог мәртебесін арттыру. Ин­вес­тор үшін, бұл – тұтыну ке­піл­дігі бар табысты әрі ұзақ мер­зім­ді бизнес-жоба» деп атап өткен-ді министр Үкіметте өткен жиында.

Яғни, Үкімет нарықтың бұл сег­ментін бизнес деп таниды. Нұр-Сұлтан мен Алматы қа­ла­ларындағы кейбір мектептердегі жыл­дық оқу құны 3-5 млн теңге болатынын ескерсек, бұл – бизнес. Қазақ қоғамы бүгінде эко­но­микалық табысы мен әлеу­меттік мәртебесіне қарай жіктеле бастағанын көріп жүрміз. Ал­ғашқы сатыда зәулім үйлер мен қымбат көлік болса, екінші саты беделді оқу орны мен жекеменшік сектордағы мектептермен ерекшеленді. Сол себепті жекеменшік мектептер туралы сөз болғанда «ақшасы барлар беттеп, ақшасы жоқтар шеттей береді» деген пікірдің бәсі басым болып келген еді.

Естеріңізде болса, 2017 жылы қолда­ныстағы «Білім туралы» Заңға өзгеріс енгізіліп, ауқатты отбасынан шыққан бала­ларға білім беретін жекеменшік мек­теп­терде мемлекеттік тапсырыспен та­лантты оқушыларды оқыту туралы бастама көтерілді.

Сол кезде Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова мемлекеттің қарамағындағы мектептерде оқып жатқан әрбір балаға жыл сайын бюджеттен 200 мың теңге бөлінетінін, алдағы уақытта осы ақша субсидия ретін­де жекеменшік мектептерге берілуі мүмкіндігін айтқан болатын. «Ата-ана­лар­дың басым бөлігі балаларын премиум санаттағы мектептерде оқытқысы келеді. Алайда, бұған барлығының қаржысы жете бермейді. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін біз жекеменшік мектептерге субсидия қарастыруды көздеп отырмыз. Үкімет ата-аналар төлейтін қаржының бір бөлігін өзі өтейді. Бұл әлемдік тәжірибеде бар нәрсе», деген-ді Бибігүл Асылова.

Қазір Нұр-Сұлтан мен Алма­ты­дағы ақылы білім беретін 54 мек­тепте небәрі 150 мың бала оқи­ды. Сонда әр мектепте орта есеп­пен 2777 бала оқиды. Бұл – ор­та есеппен алғандағы көрсеткіш.

Қазақстандағы үздік жекеменшік мектептердің рейтингі мынадай: Бірінші орын – Haileybury Almaty.

Жылдық табысы – шамамен 2,7 миллиард теңге. Бұл 15 миллион долларға жуық сома. Оқу үшін айлық төлем­ақы – 516 мың теңге. Оқушы­лар саны – 575.

Екінші орын – HaileyburyAstana.

Жылдық табысы – шамамен 1,5 миллиард теңге. Оқу үшін айлық төлемақы – 381 мың теңге. Оқушылар саны – 430.

Үшінші орын – «Мирас» халық­аралық мектебі. Астана қаласында. Жылдық табысы – шамамен 1,4 миллиард теңге. Оқу үшін айлық төлемақы – 417 мың теңге. Оқушылар саны – 370.

Төртінші орын – «TAMOS Education» физика-математика мектебі. Алматы қала­сында. Жылдық табысы – шамамен 1,25 миллиард теңге. Оқу үшін айлық төлемақы – 117 мың теңге. Оқушылар саны – 1185.

Кейбір сарап­шы­лардың «ЖОО-ға бөлі­ніп жатқан білім гранттары­ның 10 пайызы премиум са­нат­тағы мектептерге бө­лінуі тиіс. ҚБТУ, «Назарбаев Уни­в­ер­ситетте» білім грантымен оқып жатқан түлектер көп» деген пікірін қаперге ала­тын кез келді. Яғни Haileybury Almaty немесе «TAMOS Education» мектеп­теріне мемлекеттік бюджет есебі­нен грант бөлу керек. Бұл Қазақстандағы ұлттың сапасына да әсер ететін фактор.

Нұр-Сұлтан қаласының білім беру басқармасының бұрынғы басшысы Әнуар Жанғозин осы жылдың шілде айында елорда мектептерінде үш ауысыммен білім беру мәсе­лесі әлі шешімін таппай жат­қанын, 2018-2019 оқу жылында қаладағы 5 мектеп 3 ауысымды режімде білім беретінін айтқан болатын. Демек бұл факторды парадокс деп қабылдаудан өзге амал жоқ. Ресми статистика Нұр-Сұл­тан қаласының мектептерінде 11 мың балаға орын жетпейтінін, 2023 жылға дейін оған тағы да 124 мың бала қосылатынын айтады. Бұл мәселенің бір қыры. Екінші қыры бұдан да салмақты. Ашып айтсақ, вице-министр Б.Асылова тілге тиек еткен 200 мың тең­гені жекеменшік мектептерге ба­ғыттау оқушының бір жыл­дық оқу ақысының жыртығын жамай алмайды. Үкіметтің 15-20 пайыздық субсидиясының өзі аспандап тұрған бағаның салмағын жеңілдете алмайды. Қаржылық мүмкіндігі шектеулі ата-ана ақшаны қайдан табады? Демек, бұл тұста Үкімет жекеменшік мек­­теп­­тердің қолжетімділігін 15-20 пайыз­дық субсидия емес, бизнес пен билік арасындағы әріптестіктің жаңа формасы арқылы қамтамасыз етуге болады. Жеке сектордың мүмкін­дігі арқылы мемлекет­тік мек­тептердің жүгін жеңіл­дету туралы бастама көп­тің ойынан шықты. «Білімге құштар бала қалай болғанда да бір жерді тесіп шығады» деген ХХ ғасырдың ұстаны­мы қазір ескірді. «Баланың білі­мін жетілдіру үшін оған қол­дан келгенше жағдай жасау керек. Жыл басында дайын­далатын оқу бағдарламалары­мен шектеліп қалмай, оны то­лық­тырып тұру керек» дейді сарапшылар.

Алматы менеджмент уни­вер­ситетінің президенті Асыл­бек Қожах­метовтің тү­сін­діруін­ше, жекеменшік мек­теп ашуды қолға алған адам алды­мен пайданы емес, өзге жеке­меншік мектептерден қан­дай артықшылығы болады деген сұрақтың жауабын ойлауы керек. Себебі жеке­меншік мектептер қолданыс­тағы білім жүйесінің кем­ші­лігін толықтырып тұрат­ын, қоғамдық негіздегі мектеп­терді ши­рық­тырып тұратын күш болуы тиіс. «Қазақстанда жекеменшік мектептер көп болуы тиіс. Сонда бәсеке пай­да болады, ал бәсеке бол­ған жерде баға төмендейді жә­не жекеменшік мектептің мем­ле­кетпен әріптестігі артады. Осылай болғанда мектеп оқу­­­шы­­ларының үштен бір бөлігі жеке­меншік мектептер­де оқу­ға қол жеткізеді», дейді ол.

А.Қожахметовтің пікірін­ше, жеке­меншік мектеп­тер­дің қанша­лықты жақсы білім беретіні құрыл­тай­шы­лары­­ның оқу орнын қандай мақсат­пен ашқанына да байланыс­ті болуы мүм­кін. Тіпті мектептің бағыт-бағдары да осы­ған байланыс­ты, бірі оған сапалы білім беретін оқу орны ретінде қараса, келесісі кіріс келтіретін бизнес ретінде мектеп ашуы ықтимал. «Мен кәсіпкер ретінде мұны бизнес түріне жатқыза алмаймын. Егер бизнес көзі болса, клиенттерінен, кірісінен айы­рылмау, дәулетті ата-ана­лар­дың оқу ақысы­нан қағыл­мау үшін оқушылардан да ештеңе талап етпейді. Бала­ның қаншалықты жақсы оқи­тыны отбасы мен ата-ананың балаға қоятын талаптарына байланыс­ты», дейді А.Қожахметов.

Естеріңізде болса, 2017 жылы кәсіп­кер Еркін Тәтішов Алматыда Сан-Диегоның High Tech High үлгі­сін­дегі жаңа мектепке инвестор болды. Бұл мектептің өзгелерден ерекшелігі, та­лант­ты балалар үшін инвестордың жеке есебінен грант бөлінген.

Апта басында Алматыда өткен инвестицялық форум кезінде Е.Тә­тішов­ті кез­дес­ті­ріп, ерекше үлгідегі мек­теп­ті ашуға қандай фактор әсер еткенін сұрап білдік. Е.Тәтішовтің пайымдауынша, жекеменшік мектептерге инвестиция салу бизнес емес. «Кезінде Германияның кейбір округ­тарындағы халық санының өсуіне байланысты мектептерде орын тап­­шылығы сезілгенде жеке мек­­теп­­тер пайда болды. Со­ның өзінде мем­лекет есебі­­нен қаржылан­ды­ры­­ла­тын­­дық­тан, жекеменшік мек­теп­­тер­­дің көбі әр отбасы үшін қол­жетімд­і, яғни оқу ақысы арзан болады. Демек, жекемен­шік мектеп­тер­дің қа­тарының көбеюі бә­се­келестікті қалып­тас­тырады. Адал бәсеке бағаға да, соңғы нәти­жеге де әсер етеді. Біз де осы бағытқа эволю­циялық жолмен жақындап келе жатырмыз», дейді Е.Тәтішов.

Табиғаты жағынан бизнес емес, әлеуметтік жоба

Бизнесте инвестиция­лар­дың кіріс­тілігі, шығындар және басқалар­ға басымдық бері­­леді. Жеке мектеп құрыл­тай­­шыларының оған бизнес көзі ретінде қарауы – за­ң­­ды­лық. Бірақ бұл таби­ға­ты жағынан бизнес емес, әлеу­меттік жоба. Оның та­быс­­тылығы ақшамен емес, оқу­­­шы­лардың интеллек­туалы­мен, олардың болашақ­тағы тұл­ға­сына қарап айқын­да­ла­ды. АҚШ-та, Батыс ел­дерін­­де мектеп­тер оқушы­лар­ы­­ның қатарынан Нобель сый­­лы­ғының лауреаттары шық­­қаны­­мен мақтанады. Оларға мек­тептің имиджі деп қарайды.

«Мен АҚШ-та жүргенде бірнеше ғасырлық тәжірибесі бар мек­тептер­дің 15-17 жас­тағы түлектерімен сөйлес­тім. Олар жастығына қарамастан, көзқарасы қалыптасқан, өз­деріне не қажет екенін біледі. Олар Абайдың көзқарасымен алып қарағанда толық адамдар. Жекеменшік мектептерге инвес­тиция салған кәсіп­кер қар­жы­сының қайтары­мына емес, толық адамды қалып­тастырса, оның бизнесі­нің ғұмыры ұзақ болады. Егер мұны жүйелі жолға қойса, мек­тептің имиджі бизнесінің бас­қа түрлеріне жол ашады. Бизнес – философия. Онда үй­лесім болған кезде ғана жол ашылады», дейді Е.Тәтішов.

Кәсіпкердің айтуынша, баланың азаматтық ұстаны­мы қалыптасқанша оны туған ортасынан алыстатуға бол­майды. Бала алғашқы қате­лігі үшін ата-анасының, бауыр­ла­рының алдында ұялып, та­бы­сы мен жетістігі үшін со­лар­дың алдында мақтануы тиіс.

Түйін

«Қазақстанда жекеменшік мектеп қажет пе?» деген мәселе қазір тренд емес. Бұл мәселе қазір өзінің екінші кезеңіне өтті. Үкімет Алматы немесе Нұр-Сұлтан тәрізді ірі мегаполис­терде жеке сектордың мүм­кіндігін мектептер салу­ға жұмылдырып жатыр. Се­бебі бұл қалаларда жеке­меншік мектептерді мем­ле­кет­тік тапсырыс арқылы қаржы­ландыратын қажеттілік бар. Үкімет тарапынан жекенің меншігіндегі мектептер мен мемлекеттік меншіктегі мек­теп­тердің арасындағы алшақ­тықты жақындатпаққа талпынған ниеттер бұрын да болған, қазір де жалғасып жатыр. Білім және ғылым ми­нистр­лігі Қазақстанда жеке­мен­шік мектеп көп болуға тиіс деген саясат ұстанып отыр. Ендігі жерде баға мен сапаға қатысты мәселенің түйінін тек бәсеке шешеді.

 

Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙҚЫЗЫ

АЛМАТЫ

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here