Home Керекті кеңес Асаба және мұғалім

Асаба және мұғалім

0
Мен мұғалім және оның қызметін той басқаратын асабаның жұмысымен салғастырамын. Қазіргі күні кең етек алған үрдіс бойынша, асаба тойды басқарғанда, өзін тамашаның басты кейіпкеріне айналдырып жібереді емес пе? Асаба – тойдың сәні, тойдың сапасы асабаның өнерімен өлшенеді. Ол – тойдың бетке ұстары, бірінші тұлғасы, басшысы, тіпті диктаторы десе де болады.
Алайда мен мұндай асабаны нашар той басқарушы деп есептеймін, ал нашар ұстаз дәл осындай асаба секілді емес пе?.. Олардың басты кәсіби ұстанымы мынандай: ылғи да бетке ұстар болып, басты рөлді орындап, елдің назарында болу.
Егерде ерік беретін болса, нашар асаба тойда жұртшылықты тек өзіне қаратқысы келеді, тек өзін тыңдатқысы келеді, тек өзі сөйлегісі келеді, өзгеге ырық бермей, бәрін де өзі жасағысы келеді. Оған толық ерік берсеңіз, ол ауыздыға сөз бермей, өзі сөйлеп, ән айтып, аяқтыға да мұрсат бермей, өзі би билеп, сонымен бірге дастархандағы барлық тағамды өзі ішіп-жеп, елге бата беріп, тіпті жігіт пен қалыңдық рөлдерін өзі орындағысы келетін сияқты болып тұрады маған. Ал тойға жиналған барша халық тек қана иланып, толық бағынып, оның сөзіне құлақ түріп, демін ішіне тартып, тек асабаға риза болғанын көрсетуі керек. Құдды бұл той тек асаба үшін ұйымдастырылған секілді!..
Екіншіден, асаба тойдағы қауымның тек өзіне бағынуын талап етеді. Тіпті асабаға бес жүз немесе мың доллар (екі, бес, алты мың доллар) төлеп, оны той басқару үшін жалдап алған той иесінің өзі оған бағынышты жағдайда болады. «Қазаншының өз еркі – қайдан құлақ шығарса» дегендей, тойдың қалайша дамып, өрбитіндігін асаба өзі біледі. Той иесі оған тек сөз сөйлейтін қонақтардың реті мен кезегі жазылған тізімді ғана береді. Онда да асаба «Тілек айтушылар тым көп екен, мыналарды кейінгілермен қосып жіберейік!» немесе «Мыналар ғана сөйлесе жеткілікті емес пе?!» деп той иесін өз ырқына көндіруге тырысып бағады.
Мен осы жәйтті тіпті де түсіне алмаймын. Әу, бұл қалай, ақша төлеп, жалдап алынған жұмысшы қожайынға қалайша бағынбайды?! Бұл нарықтық қатынасқа, тіпті жәй логиканың өзіне де қайшы нәрсе емес пе?..
Көзіңізге елестетіп көріңізші: үйіңізді салу үшін жалдап алған құрылысшы өзіңіз алдын-ала жасап қойған үйдің жоспарын жоққа шығарып, «Қожайын, кешіріңіз, алайда сіздің жоспарыңыз маған қолайлы емес, тіпті ұнамайды да, сол себепті де мен оны өзгерту керек деп ұйғардым: үйіңіздің ұзындығын қысқартып, енін ұлғайтуға тура келеді; ас үйді мына жерден шығару керек, ол үшін маған мынандай қосалқы материалдар керек және де әйеліңіз бен барлық балаларыңыз маған көмекші боласыз, менің айтқанымнан шықпайсыздар!» десе, сіздің реакцияңыз қандай болмақ?..
Әлбетте, бұл мен келтірген жағдаят тіпті де санаға қонымды болмас. Оның орын алуы да мүмкін жәйт емес те болар!.. Ал өз тойымызда өз еркімізбен барлық құқықтарымызды асабаға неліктен ысыра саламыз? Мен осындай еріксіздікті, тәуелділікті түсінуден бас тартамын… «Бодандық дәуірлерден қанымызға сіңіп кеткен әдет емес пе?» деп қауіптенем…
Қонақтардың да барлығын асаба билеп-төстегісі келеді. Тойда барша қонақ тек асабаны тыңдауы керек… Тыңдамасаңыз, асаба кейіс білдіреді, өйткені оның айтып отырғаны өзіне ақиқат іспеттес сөздер болып көрінеді; тіпті қарғап-сілеуге дейін барады: «Мені тыңдамағандардың құлақтары тас бітіп, слуховой аппарат киіп жүрсін!» деген сияқты.
Асабаның өнеріне белгілі дәрежеде тәнті болмасаңыз, қол соқпасаңыз, тағы да сол секілді реніш мен нағылет естисіз («Маған қол шапалақтағандардың балалары әкім болсын, қол соғуды аяғандардың ұлдары сушы болсын, қыздары Қытайға қашып кетсін!», тіпті «Қол шапалақтағандардың қолына күн бітсін, шапалақтамағандардың қолына жүн бітсін!» секілді тұрпайы да дөрекі сөздер. Оған ренжіп жатқан ешкім де көрінбейді, керісінше ыржиямыз.).
Нашар асаба басқаларға сөз беруді қимайтындай, өзі көбірек сөйлеу үшін, яғни жаттанды, «сақалы шығып», тойдан тойға ілесіп, жауыр болған сөздер мен анекдоттар айтып, сол арқылы елді тамсандырып қалу үшін, ол қонақтардың аз сөйлегенін қалап, оларды алдаусыратады («Аз сөйлегендерге сыйлық бар!») немесе ұялтады: («Басқаларға да сөз беру керек қой!»), оларға ренжиді де («Көп сөйлеп кеттіңіздер, іштеріңізден бір адам тоқетерін айтса да жеткілікті емес пе?!»).
Қысқасы, асаба – тойдың басты еркесі мен серкесі!
Тойды басқаруды асабаға жүктеу де біздің жауапкершіліктен қашатындығымыздың айғағы. Шынында да оңай шаруа емес пе: бүткіл жауапкершілікті асабаға белгілі бір ақша сомасы арқасында жүктей салу? Ертеңгі күні тойдың жақсы-жаман өткендігін де соған ысыра саламыз. Жауапкершіліктен қашу – қанымызда ма?
Екі дастархан арасындағы үзілісте (оны асабалар «Антракт, немесе қазақша «ал, тұрайық!», я болмаса «Антракт – табаныңды жалтырат!» деп атайды) баяғы жаттанды үрдіс: «Әлем халықтарының билері» не «Әлем халықтары мен Верка Сердючканың костюмдері» секілді конкурстар өткізіледі.
Еш креатив жоқтың қасы! Бәрі де үйреншікті, бәрі де әу бастан болжамдауға келетін іс-әрекеттер, әдіс-тәсілдер!.. Сол себепті болар үзіліс кезінде қонақтардың (әсіресе еркектердің) далаға шығып кетіп, екінші дастархан басталмайынша ішке кірмейтіндігі… Мен оларды қызықсыз сабақтан қашқан оқушыларға теңеймін…
Нашар асаба ығыры шыққан әзілдерді келтіреді: кемпірлерді «әй, қыз-ау!» деп келемеждейді, оларды билетеді, олар туралы көне анекдоттар айтады, т.б.
«Асабалар осы неліктен кемпірлерге тиісе береді?» деп біреудің сұрағанына, менің Мұрат есімді құрдасым «Қайтсін енді, қыздарға шамалары жетпейді емес пе?» деп күлген еді…
Нашар ұстаз да дәп осындай нашар асаба іспеттес емес пе?!.
Ондай ұстаз да әр сабақта оқушыларға еш ырық бермей, бәрін өзі жасағысы келеді. Оның шәкірттеріне қоятын бір ғана талабы бар: «Балалар, сендер тек тыныш отырыңдар! Ал қалғанның бәрін мен өзім жасаймын!» Оның негізгі ұстанымы да дәп осындай: «Сен – тұр! Мен – атайын!».
Асаба-ұстаз жаңа материалды да өзі айтып, түсіндіріп береді, кітапты да өзі оқиды, тақтаға да өзі жазады, өзі сұрайды, өзі жауап береді. Қысқасы, бұл мұғалім жаман асаба секілді абсолюттік біріншілікке және басқаларды толық басып-жаншуға ұмтылады. Оның қағидасы: «Мен! Менен өзге ешкім де емес!»
Мұндай адамдар туралы ағылшындарда мынандай сөз бар емес пе: «Олар барлық жерде елдің алды болып, назарларды тек өзіне қаратып, бірінші болуға ұмтылады. Олар тойда – қалыңдық, ал жаназада – мәйіт болғысы келеді!»
Асхат Алимов

NO COMMENTS

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

Exit mobile version