Сабақта не маңызды: тапсырмалар мен сұрақтар ма, әлде әдіс-тәсілдер ме?

Сәуір айында маған Алматы қаласы мектептерінің біреуінен жас мұғалима келіп, мынандай өтініш білдірді:
— Келесі аптада мектебіміздің бір топ мұғалімдері көрші мектепке барып, сол жерде таныс емес сыныптарда сабақ өткізеді. Мен де әдебиеттен 9-сыныпта сабақ өткіземін. Сабақ тақырыбы әдебиет теориясынан: «Әдеби тектер». Ағай, маған сабағыма қатысушыларды таңғалдыратын, бұрын-соңды ешкім де қолданбаған ұтымды бір тәсіл көрсетіңізші!
Мен сабақтың табысты да сәтті, тиімді әрі мағыналы болғандығын жалғыз тәсіл ғана шешпейтіндігін айттым:
— Сабақтың жоғары дәрежеде өтуі көп факторлардан тұрады емес пе? Оларға, менің ойымша, бірінші кезекте мұғалімнің беделін, сыныптағы психологиялық ахуалды, жылы да жағымды қарым-қатынасты, қызықты әрі мазмұнды тапсырмалар мен сұрақтарды, бірлескен зерттеу мен іздену әрекеттерін жатқызуға болатын шығар. Сондықтан да алдымен осы мәселелерді тиімді түрде жүзеге асыруды ойластырып, содан кейін ғана қандай әдіс-тәсілдерді қолдануға болатындығын ойластыру керек болар.
Бірақ әлгі апай «Маған жаңа тәсіл керек!» дегеннен айнымады:
— Ағай, сіздің әдістемелік қоржыныңыз ауқымды ғой! Соның ішінен маған ешкім де әлі қолдана қоймаған бір тәсілді берсеңізші! – деп қиылды.
— Әріптесім-ау, шынын айтсам, мен ешқашан да «Сабақта қандай тәсіл қолданамын?» деп басымды қатырған емеспін, сондықтан да әдіс-тәсілдер мен үшін басты мақсат болмаған! Бұған қоса мен тәсілдерді өз сабақтарымда көптеп қолданбаймын да.
— Сонда сіз сабақтарыңызда еш тәсіл қолданбаймын деп айта алмайтын шығарсыз?! – деп қоймады жас әріптесім. — Әйтеуір бір тәсілдерді қолданасыз ғой!
— Иә, қолданамын. Алайда мен алдымен сабақтың мазмұнына, тапсырмалар мен сұрақтардың қызықты әрі мағыналы болуына назар аударамын. Ал әдістердің ішінен сабақтарда зерттеу мен ізденіске негізделген бірлескен (топтық не жұптық) талқылау және оқушылардың бірін-бірі үйрету тәсілдерін көп қолданамын. Сондықтан да мен сізге алдымен сабақта оқушыларға қандай тапсырма мен сұрақтар қоятындығыңызды ойластыруды ұсынамын.
Сәл ойланып қалған мұғалима біраз үнсіздіктен кейін:
— Ал сіз «Әдеби тектер» тақырыбы бойынша сабақты қалай ұйымдастырар едіңіз? – деп сұрады.
— Қиын сұрақ екен!.. Оған жауап беру үшін мен уақыт тапшылығына байланысты импровизацияға көшемін, сондықтан кейбір ойларымның шикі болуы ықтимал. Сөге жамандамаңыз!..
Әңгімемді бастап кеттім:
— Бұл сабақта мен ең алдымен оқушыларға былай дер едім:
— Балалар, өздеріңіз жақсы білетіндей, әдеби тектер үшеу: эпос, лирика және драма. Сіздерге мынандай сұрақ: неліктер әдеби тектер үшеу? Екеу емес, төртеу не бесеу емес?.. Осы сұрақты шағын топ ішінде 1 минут талқылауларыңызды сұраймын.
Бір минуттан соң мен оқушылардың жауаптарын тыңдап, оларды 2 минуттай талқыға саламын. Бұл талқылаудың нәтижесінде балалар әдеби тектердің үшеу болатындығының себебі олардың тілмен тіке байланысты екендігін айқындауы керек. Егерде олар бұл жауапқа келе алмай жатса, онда мен тура жауапты өзім айтпай, балаларға бағыттаушы сұрақтар қою және көмектесу арқылы оларды осы жауапқа алып келемін.
Осыдан соң мен мынандай сұрақ қоямын:
— Сонымен, әдеби тектердің үшеу болатындығы тілмен байланысты екен, өйткені тіл – әдебиеттің негізгі құралы ғой!.. Дұрыс: тілде, атап айтқанда, етістікте 3 шақ, ал есімдікте 3 жақ бар және де тілдің 3 қызметі бар. Енді сіздерге мынандай тапсырма: топ ішінде эпос, лирика және драманың әрқайсысы қай шаққа және қай жаққа жататындығын айқындап, кестеге түсіріңіздер! Таңдау жасағандарыңызды дәлелдермен негіздеңіздер! Мен сіздерге бұл тапсырманы орындау үшін 5 минут беремін! Оқулықтағы теориялық мәліметтерді қолданыңыздар!
Тапсырманы орындау барысында оқушыларды аралап, олардың қалай жұмыс жасағанын бақылап, сұрақтар қойып, олармен әңгімелесіп, бағыт-бағдар беріп, көмектесіп, олардың тапсырманы дұрыс орындауын қадағалаймын. Қалыптастырушы бағалаудың бір көрінісі осындай!
Енді оқушылардың жауаптарын тыңдалық:
— Ал, балалар, уақыт аяқталды! Менің байқауым бойынша, барлық топ тапсырманы орындап, кестелерді құрастырды. Тапсырманы тексерейік: қай топ өз жауабымен алдымен бөліскісі келеді? Екінші топ па? Қалғандарыңыз қарсы емессіздер ме?.. Онда екінші топтың атынан Темірхан сөйлесін, тыңдалық!..
Оқушының жауабын тыңдап болғаннан кейін өзге оқушыларға:
— Дұрыс па, балалар? Екінші топ шақтарды былай бөліпті: эпос өткен жаққа жатады, лирика – осы шақ, ал драма – келер шақ. Ешкімнің қарсылығы жоқ па?.. Онда менде мынандай сұрақ бар: «Неліктен?» Неліктен эпос өткен жаққа, лирика осы шаққа, ал драма келер шаққа жатады? Темірхан не дер екен? – деп талқылауды ұйымдастырған жөн.
Оқушылар мұнда эпостың өтіп кеткен әрекеттерді сипаттағандықтан өткен шақта болатындығын, лирика адамның ішкі дүниесінің қазіргі ахуалы туралы екендігін, ал драманың болашақта сахнада қойылатындықтан келер шақта жазылатындығын айтуы керек. Мұғалім осыған көмектесуі қажет.
— Сонымен, балалар, біз әдебиет тектерін тілдің 3 шағы бойынша бөліп шықтық. Ал енді оларды тілдің жақтары бойынша қалай бөлдіңіздер? Бұл туралы бірінші топтың атынан Аялаға сөз берейік!..
Бұл оқушының да жауабын тыңдап болып, оны талқылауды ұйымдастыру керек:
— Аяла өз жауабында эпос 3-ші жақта болады («Ол»), лирика 1-ші жақта («Мен»), ал драма 2-ші жақта («Сен/сіз») болады дейді. Бұл жауаппен келісесіздер ме, балалар?
Оқушылар мұнда эпостың (роман, повесть, әңгіме, жыр, мысал, тәмсіл, аңыз, ертегі, эпопея, очерк, т.б.) әңгімеші атынан айтылатындықтан, біреуді сипаттауға негізделеді, яғни 3-ші жақта жазылады не айтылады деп тұжырымдауы керек. Олар лирика адамның (лирикалық кейіпкердің) сезімдері, көңіл-күйі, ойлары, әсерлерін суреттейтіндіктен (лирикалық өлең, элегия, ода, романс, сонет, т.б.) 1-ші жақта болатындығын айтуы қажет. Ал драма сахнада диалог пен әрекеттер арқылы жүзеге асырылатындықтан, оның жанрлары (драма, комедия, трагедия, т.б.) 2-ші жақта жазылады деген қорытындыға келгені дұрыс.
— Жарайсыздар, балалар! Сіздер әдебиет тектерін тілдің шақтары және жақтарымен дұрыс бөлдіңіздер! Онда сіздерге тағы да бір сұрақ: «Тілдің қандай негізгі 3 қызметі бар?» Топ ішінде бұл сауалды 2 минут талқылаңыздар. Сұрақ оңай емес!
Осыдан кейін бүкіл сыныптың талқылауын сұрақтар көмегімен ұйымдастырған жөн. Оқушыларға дұрыс жауаптарға жетелейтін сұрақтарды қойған орынды:
— Тіл не үшін керек? Біз тілді қашан және қалай қолданамыз? Аллаһ Тағала Адам Атаны жаратқанда, оны барлық періштелерден жоғары қою үшін оған не үйретті? Дұрыс, барлық тіршілік атаулысының аттарын үйретті. Сонда тілдің бірінші қызметі қандай?.. Демек, тілдің бірінші қызметі атаулы (номинациялық) және қайталау (репрезентациялық) қызметі болмақ. Бұл қызмет қай әдеби текке тән?.. Әлбетте, эпосқа! Неліктен? – деп оқушыларды терең ойға батырып, дұрыс жауапқа бағыттаймыз.
Осыдан кейін дәл осылай лириканы да тілдің бір қызметімен байланыстырамыз:
— Тілдің басқа да қандай қызметі бар?.. Мамыржан, осы сабақта өзіңізді қалай сезініп тұрсыз? Сабақ сізге ұнауда ма?.. Балалар, Мамыржан қазір бізге тілдің қай қызметін көрсетті? Дұрыс: эмоциялық қызметін. Адамның ішкі жан дүниесін көрсететін қай әдеби тек? Сіздермен толық келісемін: лирика! Жарайсыздар!
Дәл осылай драманы да тілдің қарым-қатынастық (коммуникациялық) қызметімен байланыстырамыз, өйткені драма сахнада қойылып, кейіпкерлердің диалогына негізделеді.
Осыны айтып, қарсы алдымда отырған жас әріптесіме:
— Міне, осылайша біз әдебиет тектерін 3-ке бөлінуінің себептері мен «құпияларын» оқушылармен бірлесе зерттеп, барлық сұрақтарымызға жауап алған боламыз. Мұндай сабақтың оқушылар үшін қызық та мағыналы болатындығы ықтимал ғой?! Өйткені сұрақтар мен тапсырмалар мәнді-мағыналы болды емес пе? Ал осы сабақта біз қандай әдіс-тәсілдер қолдандық? Тек топтық және сыныптық талқылау секілді елдің бәріне де белгілі тәсілдерді. Тағы да қайталағым келеді: сабақтың қызықтылығы мен маңыздылығы бірінші кезекте оның мазмұнымен, яғни оқушыларға ұсынылатын тапсырмалар мен сұрақтардың сапасымен байланысты. Ал сабақта қолданылатын әдіс-тәсілдерді осыдан кейін ғана ойластырса болады деп есептеймін, — дедім.
Байқаймын, менің әңгімем жас әріптесіме бәлендей әсер етпеген секілді. Ол кісі «Маған бір қызық тәсіл болса ғой, шіркін!» дегенінен таймай, менімен салқын қоштасты. Менің мұғалиманың айтқанынан шыға алмай, оның сенімін ақтай алмағаным анық…
Осы біз ылғи да оңай жолды таңдаумен айналыспаймыз ба? Өмірімізде пайда болған мәселелерді (проблемаларды) тудыратын себептердің тереңіне, байыбына үңілудің орнына біз үстірт кетіп, шөптің басын ғана орып, олардың салдарымен ғана айналыспаймыз ба? Еңбектеніп, ащы тер төгіп, өзімізді қинағанның орнына ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүргіміз келмей ме?
Мәселен, оқушылармен жағымды қарым-қатынас құрып, олар үшін бедел болып (өзімізде жақсы мінез сомдап), оларға тіпті ұнап («Бала тек өзіне ұнайтын мұғалімнен үйренеді» деген қағиданы ескеріп), оларды қызықтырудың орнына, біз сабақтағы мәселелерді жедел және оңай жолмен шешетін «сиқырлы кілтті», яғни әдіс-тәсілдерді табуға әуеспіз.
Алайда негізі мен мағынасы болмаса, формадан (қалыптан) не пайда? Сабақтағы тапсырмалар мен сұрақтар қызық әрі мазмұнды болмаса, әдіс-тәсілдерден не пайда? Мұғалімнің шеберлігі оның әдіс-тәсілдерді қолдана білуінен ғана емес шығар?
Сол себепті де мұғалім сабақта басты назарын мазмұн мен мағынаға, мақсат пен мәнге аударуы керек. Осыдан кейін ғана әдіс-тәсілдерге ден қоюға болар.
Алайда бірінші жол қиын да күрделі болғандықтан, көп мұғалімдер екінші жолды таңдап, баяғы Архимед сияқты (оның «Маған тірек нүктесін берсеңіздер, мен Жер шарын төңкеріп түсірер едім!» деген сөздері есіңізде ғой?) «Маған бір қызық әдіс-тәсілді берсеңіздер, мен сабақты төңкерер едім!» дегеннен тайынбайды.
Олардың есіл-дерті жаңа әдіс-тәсілдерде, қызықты стратегияларда, солар арқылы сабағын түрлендіргісі келеді. Жаңағы мұғалиманың да мені тыңдамай кеткенінің себебі осы, өйткені менің ұсынысым – қиындау, оны жүзеге асыру үшін уақыт керек, күш-қайрат жұмсау керек, қиналу керек, ал егерде елді «аһ!» ұрдыратындай сиқырлы тәсіл болса, онда мұғалім емес, тәсілдің өзі «жұмыс жасап», сабақты қызықтырып жіберетіндей көренеді ол апайға.
Қиын жолмен жүрген дұрыс болар. Есімізде ғой ертегілерде: «Алыс жол бар: алыс болса да жақын. Жақын жол бар: жақын болса да алыс» деп айтатындығы? Бұл «Оңай жолмен жүрсең – жақсы нәтижеге кенелмейсің, қиын жолмен жүрсең ғана қомақты жетістіктерге қол жеткізуге болады» дегенді білдіреді.
Алыс жолмен жүрген абзал.
-ЖАРНАМА-

1 КОММЕНТАРИЙ

  1. Керемет ұстаз мен сізбен келісемін әдіс-тәсіл дегенмен соған жететін жолды іздеу керек балаларды ынталандыратын сұрақтар ойластыру керек дұрыс айтасыз келісемін сізбен 100 пайыз.Еңбегіңізге шығармашылық тыбыс тілеймін.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

Exit mobile version