Мағжан Жұмабайұлы. Баланың жанын тәрбиелеудің негіздері

Бастапқы кезде жөпшенді білінбейтін баланың жан тұрмысы бала өскен сайын бірте-бірте біліне бастайды. Сондықтан баланың дене тәрбиесі мен жан тәрбиесін қатар алып бару керек. Қатар алып бару емес, бала өскен сайын тәрбиеші күшінің көбін баланың жан тәрбиесіне жұмсай беруге міндетті. Тегінде берік ұғу керек: адамның қымбат нәрсесі де, жұмбақ нәрсесі де сол – жан. Қиын тәрбие тілейтін де сол – жан. Жанды дұрыс тәрбие қыла білу үшін жанның жайын баяндайтын ғылыммен таныс болу керек.

Психология – ескі пән. Бұл пәнді пән қылып дүниеге шығарушы – Айса пайғамбардан бұрын болған грек ұлтынан шыққан Александр Македонский (Ескендір Зұлхарнайын) патшаның тәрбиешісі Аристотель данышпан. Психология деген сөз грекше екі сөзден құралған. Психо – жан, логос – сөз деген мағынада. Яғни жан туралы сөз, жан туралы пән деген сөз болып шығады.

Жанды ешкім көрмесе де, жанның барлығында дау жоқ. Бірақ бұл жан деген не нәрсе? Жанның не нәрсе екендігі туралы үш пікір бар. Үшеуі үш түрлі философия пікіріне негізделген. Біріншісі, жан денеден бөлек өз алдына бір нәрсе дейді. Бұл – баяғыдан бері келе жатқан пікір. Қазақтың жан шыбын сықылды бір зат, өлгенде ауыздан ұшып шығып кетеді, ұйықтағанда мұрнынан шығып серуендеп жүреді-мыс деген ертегісі – осы пікірдің бір сәулесі.

Үшінші пікір – жан деген жан көріністерінің жиынтығы дейді. Яғни жан деген ойлау, сезу һәм барлық жан көріністерінің жалпы аты дейді. Қайткенмен де адамзат бұл күнге шейін жанның не зат екенін біле алған жоқ. Жанның не зат екені білінбеуінен жанның барлығына қүмән қылуға болмайды. Жан бар. Барлығы сол – оның істері, көріністері бар. Ақша қарда жосылып жатқан айқын ізге түссек, алдымызда аңның барлығына күмән қыламыз ба? Бұ да сол сықылды, жалғыз-ақ айырма мынау – ізіне түсіп зерттеп отырып адамзат аңды баяғыдан бері соғып келсе де, жанға жете алған жоқ. Яғни істері, көріністері бойынша жанның не зат екенін қанша білмекші болса да, әлі күнге біле алғаны жоқ. Бірақ бұдан бала тәрбиесі ақсамайды. Баланың жанын жақсы тәрбие қылу үшін жанды көзбен көріп, қолмен ұстамай-ақ, оның істерін, көріністерін жақсы тексеру жетеді.

-ЖАРНАМА-

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

Exit mobile version