Элементтердің периодтық кестесі

Суретте осы кестедегі элементтерді кімнің алғаш тапқаны туралы ақпарат көрсетілген. Ең көбі кәрі құрлық Еуропаның меншігінде, одан кейін алпауыт Америка. Азияның елдері бұл бәсекеге ат ізін салмаған.

Айтпақшы, кезінде өз құрамындағы елдерге Менделеев кестесі деп оқытқан орыстың еншісінде алты элемент бар екен, бұл да жетістік. Бірақ, дәл осы кестені біздің жұрт әлі Менделеев деген шал түсінде көріпті деген ертегіге сенеді, әлі соның атында деп оқулыққа жазады. Жә, әлі солай оқытса, келер ұрпақ та солай деп жүрер деп алаңдаймын. Шыны керек Менделеев бұл кестенің ретін жасаушылардың, осы кестені осы күйге жеткізуші ғалымдардың ішіндегі бір адам ғана, бұл кесте үшін кімдер терлемеді, бәрінің еңбегін Мәкеңе жаза салмаңыздар, қалған ғалымдарға обал болады.

Жә, айтпағым ол емес, айтпағым, бұл кестедегі көрініс ғылым деген алпауыт кімде қатты дамығанын, кімнің әлем тізгінін ұстап отырғанын көрсетсе керек, себебі бұл кесте — элемент. Элемент — химия. Себебі, химия – мұнай-газ, алтын т.б. Ол – ақша, экономика, химия – дәрі-дәрмек, ол – денсаулық, химия – техника, химия – ғарыш, химия – атом, атап айтқанда, химия — бүгін, химия — болашақ. Сол үшін де химиясын дамытқан елдің болашағы да қарыштай түседі!

А, айтпақшы, бұл кестедегі элементтердің 90%-ы біздің дархан даламызда бар, бірақ, сол элементтің (байлықтың) еншісі кімде екенін жазса, дәл кестедегідей болмаса да соған жақын болуы әбден мүмкін. Көгерген көк туымыздың суреті санаулы жерде тұрса, ол біздің ғылымға деген көзқарасымыз. Егер химияны, техникалық ғылымдарды дамытпасақ, ен байлық ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетеді.

Ал, ғылымды дамыту үшін…

Жоқ, бізге ақын керек, әнші керек, әлемдік бедел (уақыттық) керек. Болашақта кім болу маңызды емес. Қазір бізді әлем «танып» жатыр. Шүкір, бізде ЭКСПО өткен, бізде Азиада мен саммит өткен, бізде әлденеше жүз мың әнші, әлденеше мың легионер бар, бізді әлемге танытады. Жемқор жүйе, шоумен қоғам бар, бізді «әлем» таниды…
Шулаңдар…

P.S. Бір сурет әр түрлі ойға жетелейді. Менің жүрегім бабам сыйлап кеткен байлықтың қызығын баласы көре алмай қала ма деп ауырады.

Аятжан Ахметжанұлы.

-ЖАРНАМА-

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

Exit mobile version