Home Ұрпақ тәрбиесі Анар Фазылжан: «Жартыкеш тілді балалар жартыкеш тұлғаға айналады»

Анар Фазылжан: «Жартыкеш тілді балалар жартыкеш тұлғаға айналады»

0

Ағылшын тілі керек, орыс тілі керек, бірақ оны қалай қазақ тілінің мүддесіне қалай жұмсаймыз? Көптілді білім беру жүйесінің моделін таңдағанда өз тілімізге нұқсан келтіріп алмаймыз ба деген мәселені мұқият ойлану керек. Себебі біздің тіліміздің ахуалын Қазақстандағы білім беру жүйесіне енгізбекші болып отырған қазіргі көптілділік компонентіндегі орыс тілінің, ағылшын тілінің ахуалымен салыстырсақ, олардан әлдеқайда тиімсіз позицияда тұрғанын көреміз.

Мәселені осы тұрғыдан қарастыра келе мына проблемаға тап болдым. Мысалы, баланы шет тіліне оқытқан кезде қай жастан бастау керек? Интернет кеңістігінде де, әлемдік зерттеулерде де ғалымдар екіге бөлініпті. Бірінші жақтың ұстыны мынадай: «қазіргі заман баласы мен бұрынғы заман баласын салыстыруға болмайды. Қазіргі заманның қоршаған ортасы түгел өзгерген, бәрі техникаланған бала соған икемделеді. Туа салып, техника тілін игерген бала өзге тілді оңай үйреніп алады.

Бүгінгінің баласы жаңа техникамен түрлі операциялар жасауды тілі шықпай тұрып біліп алады. Бұрынғы баладан ойлау желісі мүлде басқа. Сондықтан оны дұрыс пайдаланып, үйретсе, кез келген тілді оқытуға болады. Бірнеше тілді бала кезінен ертерек үйреткен жақсы, екі жасынан, тіпті бір жасынан үйрету керек» деді. Екінші топ балаға өз ана тілінің бүкіл құрылымдық жүйесін санасына әбден орнықтырмайынша, өзге тілді үйретуге болмайды дейді. Қайсысынікі дұрыс деп басым қатты. Саралап қарасам, бірінші пікірді ұстанатындардың бәрі мен айтқан кантондардан тұратын, біртекті мәдениеттен тұратын мемлекеттен шыққан, сол жердегі жағдаятты зерттеген ғалымдар екен. Басым көпшілігі солар. Ал «өз ана тілін алдымен игеріп алу керек» дегендер біздікі секілді өзінің төл этникалық территориясында тұрып жатып, сыртқы саяси себептермен басқа мәдениеттермен араласуға мұқтаж, мәжбүр болған қоғамнан шыққан ғалымдар екен. Мысалы, Еуропада мынадай принцип бар. Балаға екі тілді үйрету үшін «бір ата-ана, бір тіл» дейді, әкесі баламен кішкене кезінен бастап тек қана ағылшын тілінде, ал анасы француз тілінде ғана сөйлеседі. Сөйтіп, бала шатаспайды.

Ал біздің әлеуметтік ортада мұндай әдісті жаппай қолдану қиын. Сөйтіп бала мектеп, балабақшада жүйесіз түрде екі, тіпті үш тілді арнайы жүйелі түрдегі «күштеп» үйретудің құрбаны болады. Оның қатпаған санасына дүние туралы түсінік біресе өз ана тілінің, біресе дыбыстық-интонациялық жүйесі мүлде бөлек орыс не ағылшын тілінің каналы арқылы келіп құйылады. «Жартыкеш тілділік (полуязычие) деген құбылыс иелері осыдан шығады. Бала кішкене кезінен 2-3 тілді жүйесіз қабылдайтын болса, онда ол жартыкеш тілді тұлғаға айналады. Мысалы, менің қызым қазір 1 сыныптан үш тілді де жеке пән ретінде оқып жатыр, былай сөйлейтінді шығарыпты: «У меня қасымда бойым бар» дейді. «У меня» орысша, «қасымда» қазақша, «бой» ағылшынша бала деген сөз. Сосын мен «менің бойым бар» деп айтып тұр екен деп ойлап, «иә, сенің бойың бар, бойың өседі» дедім. Сөйтсем, қызым түк түсінбейсің деп өзімді түзеді. «Бой» деген «мальчик» деп, ол сөздің орысша атауын берді. Сонда ол «мальчик», «boy», «бала» деген үш сөздің қайсысы оның ана тілінің бірлігі екенін ажырата алмай жатыр. Міне, үштілді жартыкеш тілдік тұлғаның алғашқы белгісі осы, салдары туралы ойлансам, қауіптер көп.

Еуропада бірнеше тілді үйрету үшін әкесі бір тіл, шешесі бір тілді сөйлеп үйретеді. Сонда ол жартыкеш емес, екі тілді тұлға болып қалыптасады екен. Бұл әдістің де осал тұстарын көп айтып жатыр қазіргі ғалымдар. Осыны ойлана келе, біз ұрпағымызды төл мәдениеттің өкілі ретінде біздің ұлттық бірегейлікті сақтайтын, дамытатын, жетілдіретін тұлға ретінде тәрбиелегіміз келсе, онда қалайда оның басында ана тілінің жүйесі қалыптаспайынша, шет тілін оқытпауымыз керек екен деген қорытындыға келдім. Осы пікірді айтқан кезде оппоненттерім «сіз шет тіліне қарсысыз», «қазақтың дамуына қарсысыз» деді. Шын мәнінде олай емес, шет тілін оқыту керек, үйрету керек, керісінше шет тілін игерту үшін керек шара осы — ана тілін алдымен толық игертіп алу, сонда басқа тіл ана тілінің жүйесіне проекцияланып түсе қалады, оны игеріп алу оңай болады. Қазіргі заманда бізге тек қазақ тілін біліп сапалы өмір сүру әсте болғанымен, орыс, ағылшын тілінде де сөйлеу қоғамдық капиталымызды арттыратыны сөзсіз. Қазір ақпаратты орыс тілінің кеңістігінен алып отырмыз. Өйткені «донор» кеңістік ол. Дүниедегі бүкіл ақпарат ағылшын тілінде болғанмен, дәл қазір бірден қазақшалап ала алмайсың. Өйткені сенде оны алудың құралы да, каналдары да жоқ әзірше. Қазақстанда ағылшын тілінде сөйлейтін мамандар да тапшы. Біздің қоғам екітілді. Кеңестік кезең ғана емес, тәуелсіздік дәуірдегі ұрпақ та екітілді. Бұл да пайда көретін тұсымыз. Алайда тіл үйретудің жолдарындағы олқылықтар салдарынен тұтас бір ұрпақтың санасында ана тілінің қалыптасып, орнығу процесіне нұқсан келтіріп алмауымыз керек. Себебі бұл процесс бала санасында ұлттық бірегейліктің қалыптасуымен өріле байланыса жүреді, Мысалы, Ж.Пиаже деген психолингвист ғалым: «Баланың санасында 9-12 жас аралығында өзінің ұлттық бірегейлігі қалыптасады» дейді. Ұлттық бірегейлік о баста психологиялық құбылыс ретінде танылған: тұлғаның өзін бір жағдайға, қауымдастыққа, ұжымға телуі. Өзін бір нәрсенің өкілі, мүшесі санау, жақтаушысы ретінде тану. Мысалы, бала дүниеге келген соң, өзінің кім екені туралы ойлана бастайды. Сөйтіп, 9-12 жасында өзінің қай ұлттың, мәдениеттің өкілі екенін түсінеді екен. Оның соны түсінуіне әсер ететін нәрсе — ең алдымен тілі, ортасы, қоғамы. Мысалы, үйде атасы-әжесі, ата-анасы орыс тілінде сөйлеп жүрсе, бала өзін орыспын деп тануы әбден мүмкін. Ондай да фактілерді анықтаған ғылыми тәжірибелер бар. Ұлттық бірегейлік деген нәрсе ғалымдардың зерттеуінше үш негізден тұрады.

1) Генетикалық бірегейлік

2) Мәдени бірегейлік

3) Тілдік бірегейлік.

Мәселен, тұлға өзін қазақ ұлтының өкілімін деп тануы үшін генетикалық жағынан әке-шешесі қазақ болуы керек. Мәдениет жағынан «Ассалаумағалейкум!» деп қол беріп амандасуы керек, отырысы, жүріс-тұрысы, өзгелермен қарым-қатынасы қазақ мәдениетінде ұстанымдарға сәйкес болу керек. Тілдік бірегейлікке келгенде, қай тілде сөйлесе, сол ұлттың өкілі болады. Осы үшеуінің қайсысы маңызды компонент дегенде ғалымдар мынадай фактілерді келтіреді. Мысалы, шығу тегі, мәдениеті сол ұлтқа тән, бірақ тілі басқа болса, онда мұндай адам өз ұлтымен бірегейлене ме? Кейбіреулер «менің әкем қазақ, шешем қазақ, қазы-қарта жеймін» дейді, бірақ үйде орысша сөйлеседі. Сонда ол адам қазақ ұлтымен бірегейлене ала ма? Толыққанды бірегейлене алмас, бәлкім жартылай бірегейленер. Сөйтіп, ғалымдар мынадай қорытындыға келген: ұлттық бірегейліктің компонентінің ішіндегі ең әмбебабы, ең маңыздысы, тірегі — тілдік бірегейлік.

Қай тілде сөйлесең, қай тілде ойласаң, сол тілді жасаған ұлттың өкілі болып саналасың. Бала өз ұлтымен бірегейлену үшін 9-12 жасқа дейін ана тілінде сөйлеу керек. Лев Выготский — сөз психологиясын зерттеген ғалым. Ол да «баланың басында тіл жүйе болып қалыптасады». Құжаттар файл-файлдарда, папкі-папкіде тұрғандай тілдің бүкіл жүйесі ретпен баланың санасына тууы керек. Ол — белгілі бір жас аралығында жүзеге асатын үдеріс. Интонациялық-дыбыстық жүйе ең бірінші болып қалыптасады. Интонация мен дыбыстар арқылы ол сөздерді, эмоцияларды қабылдайды. Мысалы, тәжірибе барысында жақсы сөзді жаман интонациямен айтқан бала жылап қалған, керісінше, жаман сөзді жақсы интонациямен айтқанда бала мәз болған. Демек, баланың санасында алдымен интонация мен дыбыстар жүйесі қалыптасады. Дыбыстардан құралған сөздің семантикасы содан соң қалыптасады. Сөйтіп, морфологиялық, сөзжасамдық, грамматикалық жүйе де өз жүйесімен орнығады. Тілдің қалыптасу кезеңі 8-12 жас дейді Л.Выготский. Сөйтіп, осы үдеріс барысында балаға басқа тіл жүйелі түрде күштеп үйретіліп, кіріктірілсе, оның жартыкеш тілдік тұлға болу қаупі зор дейді.

А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты

директорының орынбасары,

«Қазақстан-Замана» газетінен алынды

NO COMMENTS

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

Exit mobile version