МҰҒАЛІМ МӘРТЕБЕСІН ТАЛҚЫЛАДЫ

Түркістанда «Жас Отан» Жастар қанаты Түркістан облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Ұрпақ­тар сабақтас­тығы» жобасы аясында «Ұстаз – ұлағатты есім» атты жиын өтті.

Түркістан қалалық білім бө­лімінің қызметкері Жансая Шо­рабекова жастармен жүздесуінде Жастар жылында атқарылуы тиіс мәселелерді талқылады. Әсіресе, Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жол­дауын кеңінен талдады.

Атап айтқанда, педагогтар мәр­тебесі туралы, әлеуметтік же­ңілдіктер, негізсіз тексерістерді азайту, мұғалімдерге құзыретіне жатпайтын қоғамдық жұмыстарды жүктемеу проблемалары талқы­ланды. Жасотандықтар Жастар жылын педагогтар мәртебесінің артуына үлес қосып, оларды ұлықтаумен бастады. «Жас Отан» Жастар қанатының Түркістан облыстық филиалының төрайымы Жұлдыз Алмасқызы педагогтар мәртебесін көтеруге барлығымыз атсалысуымыз керек деген ойымен бөлісті. «Баланың жеке тұлға болып қалыптасуына, қиялына қанат бітіріп, рухын тәрбиелеуде ата-анамен қатар, мұғалімдердің де үлесі ерекше. Қай заманда болмасын, педагогтар қауымының мәртебесі биік. Елбасы «Қазақ­стандықтардың әл-ауқаты өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арт­тыру» атты Жолдауында жоғары білім беру туралы және педагог мәртебесі жайында бір­қатар маңызды міндеттерді атап өтті. Атап айтқанда, биыл «Педагог мәртебесі туралы» заң қабыл­да­нады. Бұл – қазақстандық ұстаздар қауымының қоғамдағы беделін арттырып, орнын айшықтауға зор қадам болмақ. Бізді жастарға білім беруге айрықша көңіл бөлінуі ерекше қуантты», – деді Жұлдыз Алмасқызы.

Жиында Жолдауда айтылған негізгі мәселелердің қай-қайсысы да өзекті екені жан-жақсы тал­қыланды. Расул Есетов атындағы №20 мектептің қазақ тілі пәнінің мұғалімі: «Қай заманда да қоғам педагог мәртебесіне селқос қара­маған. Өйткені ұстаз – ұлды ғана емес, тұтастай ұлтты тәрбиелеуші. Ұлы ақын Абай Құнанбайұлы «Адамның адамгершілігі жақсы ұстаздан болады» деген сөзін бала кезден санамызға сіңірдік. Енді балаларды да осы тұрғыда ­тәр­биелеп келеміз. «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзір­леп, қабылдау қажет деп са­наймын. Бұл құжат мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекеме қызметкерлері үшін барлық игілікті қарастырып, жүктемені азайтуға, жөнсіз тек­серістер мен міндеттен тыс функ­циялардан арашалауға тиіс» деген ойын ортаға салды.

Жиынға қатысушылар Елба­сының: «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушыларын мұғалімдер қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол дең­гейде болады» деген тапсырмасын өңірде іс жүзінде іске асыру үшін қоғамның барлық мүшесі белсенді атсалысу керегін айтты.

 

Майра ЖАНЫСБАЙ
«Айқын» газеті

-ЖАРНАМА-

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

Exit mobile version