Home Жаңалық Мәжілістің жалпы отырысында педагогтар мәселесі көтерілді

Мәжілістің жалпы отырысында педагогтар мәселесі көтерілді

0

Мәжілістің жалпы отырысында «Нұр Отан» фракциясының мүшесі Ж.Нұрманбетова Үкімет басшысы Б.Сағынтаевқа депутаттық сауал жолдап, білім беру саласында шешілуі созбалаңға салынып кеткен мәселелерге тоқталды.

«Бұл мәселені таяуда әлеуметтік желі­лерде жарияланған хатында өскемендік мұғалім Оксана Александрова көтерді. Онда бүкіл кәсіби педагогтар қауымы үшін өзекті және «Педагог мәртебесі ту­­ралы» заң жобасын әзірлеу кезінде ес­­ке­рілуге тиісті мәселелер көрініс тап­қан», – деген депутат мұғалімнің сол хаты­нан үлкен үзінді келтірді.

Біріншіден, О.Александрованың мәліметінше, дәптерлерді тексергені және сыныпқа жетекшілік еткені үшін ұс­таздарға берілетін үстемеақы мөлшері мұ­ғалімдердің интеллектуалдық және уақыттық шығындарына мүлдем сәйкес келмейді. Мәселен, сыныпқа жетекшілік үшін қосылатын ақы айына небары 4 000 теңгені құрайды. Ал міндет ауқымы зор. Оған күнделіктерді тексеру, әртүрлі іс-шаралар өткізу, сынып сағаттарын, сон­дай-ақ музейге, театрға саяхаттарды ұйым­дастыру, ата-аналар жиналысын дайын­­дау, ата-аналармен және бала­лар­мен жеке әңгіме жүргізу, сенбіліктерге қатысу және басқа да шаралар кіреді.

Күніне 50 дәптерді, оқушылардың формативтік жұмыстарын, карталарды, суммативтік жұмыстарын тексеру небәрі 3 500 теңгеге бағаланады. Айта кету керек, ұстаздардың мек­теп­тердегі еңбегіне лайықты ақы төлеу мәселесі 2017 жылы Мәжілістегі Үкімет сағатында талқыланды және үстемеақы төлеу жүйесін қайта қарау туралы ұсы­нымдар берілді.

Бұл ретте мұғалімдердің педагогтік жүктеме аясындағы жұмысының мар­дым­сыз бөлігіне ғана ақы төленеді. Ал сыныптан тыс жұмыстары мүлдем қар­жы­ландырылмайды. Оның үстіне, кани­кулдағы демалысы сан алуан іс-шара­лар­ға, кеңестерге, есептерге шығын­далады. Екіншіден, электронды есептілік сыр­тында қағаз түріндегі есептерді әзір­леуге де мұғалімдердің көп уақыты жұм­салады. Олар сондай-ақ жоғары тұрған органдар үшін мәліметтер жинаумен ай­налысады. Ұстаздар міндетті құжаттарға жатпайтын сантүрлі кестелік материал­дарды тол­тыруға мәжбүр.

Үшіншіден, мектептердегі жария емес рейтингтер мұғалімнің уақытын алып қана қоймай, сонымен бірге, шы­найы көрсет­кіштердің бұрмалануына септеседі. Әрбір тоқсан сайын оқу ісінің меңгерушісі мен мектеп директоры білім бөлімдеріне оқу­шылардың оқу үлгерімі туралы есептер тапсырып отырады. Пе­дагогтар мұндай рейтингтердің қанша­лықты орындылығы туралы әділ сұрақ қояды.

Төртіншіден, рейтинг қуалап, сон­дай-ақ аттестаттаудан өту үшін тиісті порт­фолио қалыптастыру мақсатында мек­тептер әкімшілері ұстаздарды әртүрлі ұйымдар ұйымдастыратын сансыз көп ақылы байқауларға қатысуға мәж­бүрлейді.

«Мен бұл хатта шынымды айттым. Оның астына педагогтардың көбі қол қоя­ды деп ойлаймын. Мен бұған сенім­дімін», – дейді өскемендік мұғалім. Сондықтан депутаттық сауалда Үкімет басшысы Б.Сағынтаевтан мұ­ға­лім­дерді мазалайтын барлық мәселелерді «Педагог мәртебесі туралы» жаңа заң жобасында ескеру сұралады. Өйткені Елбасы педагог кәсібін беделді және қоғамда құрметті мамандыққа айналдыру міндетін қойды.

Айхан ШӘРІП
«Айқын» газеті 

NO COMMENTS

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

Exit mobile version