Home Жаңалық БІЛІМ БАСҚАРМАЛАРЫ ЖАБЫЛА МА?

БІЛІМ БАСҚАРМАЛАРЫ ЖАБЫЛА МА?

0

Сенат депутаты Дариға Назарбаева еліміздегі білім басқармаларын жабу керек дегелі біраз жұрттан ұйқы қашты. Көпке топырақ шашқымыз жоқ, еліміздің білім саласын дамытуға сүбелі үлес қосып жүрген басқарма басшылары баршылық. Сондай-ақ басқарма басына келген соң өзін жарты әлемнің билеушісіндей сезінетіндері де жоқ емес. Солардың сүйкімсіз қылығы білім басқармасы деген құрылымның абыройын түсіріп болды, мұғалімдерді де мезі етті. Басқармаларды жабу туралы әңгіме шыққанда алғаш болып мұғалімдердің қуануы – соның дәлелі. Мұғалім қауымы мәселенің мәнісін қаншалықты түсінгені белгісіз, ә дегеннен бөркін аспанға атып жатыр. Әліптің артын бағайық деген әріптестерін тыңдар емес.

Болашақта білім басқармаларының тағдыры не болады деген сауал кім-кімнің де көкейінде тұр. Енді ше, бұл әңгіменің ұшын басқа емес, заң шығарушы органның өкілі шығарды емес пе? Сенатор Д.На­зарбаева мектептер жан басына шаққандағы қаржыландыруға көшіп жатқандықтан, әр мектеп өз қорын құра алатынын айтады. Ол қорда демеушілер мен донорлардың бюджеттен тыс қаржылары жинақталады.

«Бұл жердегі мәселе мектептің өз бе­тінше өмірге дайындығы болып тұр. Мұндай жүйеде облыстық, аудандық және қалалық білім басқармалары керек болмай қалады. Бұл – маңызды мәселе, себебі мектеп қар­жыландырылады, ал ақша осы ұйымдарда (білім басқармаларында – ред.) ұзақ уақытқа қалып қояды. Аталған ұйымдар қалағанын істейді, яғни қаржыны бүгін не ертең береді немесе мектептерден үнемдеп, оқулықтар мен жөндеу жұмысын толық қаржыландырмайды. Осылайша, «ештеңе етпейді, ата-аналарға айтып, ақша жинап аласыңдар» дейді. Ол жерде заңбұзушылық көп, сондықтан бұл ұйымдардың қанша­лықты қажет болу-болмауы сұрақ болып тұр. Басқармалардың жабылғанын қолдай­мын», – деді Дариға Нұрсұлтанқызы журналистерге берген сұхбатында.

Осы сұхбаттың өзі көп мәселенің бетін аймандай етіп берді. Біріншіден, басқар­малар бүгінге дейін мектептің жөндеуі мен оқулықтарға бөлініп келген ақшамен ойына келгенін істеген болып отыр, тіпті басқармалар «ештеңе етпейді, ата-аналарға айтып, ақша жинап аласыңдар» деп алшаң басып жүре берген. Мұндай бассыздық бұ­ған дейін ашық айтылмаса да, сыбыс болып тарап жататын. Сол сыбысты Білім және ғылым министрлігі қызметкерлеріне жет­кізген сайын, бізге – БАҚ өкілдеріне бір­түрлі болып қарайтын. Сөйтсек, минис­тр­лік өкілі ақша бөлінді, енді бұларға не керек деп ойлайды екен ғой. Сонда министрлік бөлінген қаржының мақсатты жұмсалуынан бейхабар ма? Егер сенатор айтқан ұсыныс қабыл болса, басқарма басшыларының басынан «бақ» тайғандай екен-ау…

Мұғалімдер неге қуанды? 

Сөз басында айтқанымыздай, мұғалім­дердің басым бөлігі бұл жаңалықты қуана қабылдады. Қоғам қайраткері, өзі де ұзақ жыл ұстаздық еткен Сәуле Мешітбайқызы мұғалімдердің бұл қуанышының өз себебі бар дейді.
«Білім басқармаларын жабу туралы ұсынысқа мұғалімдер неге қуанды? Олар тексерістен құтыламыз деп қана шаттанып отыр. Себебі, министрлікте, білім басқар­масында мектепте бір күн істемеген, тәжі­ри­бесі жоқ адамдардың сансыз тексеруінен әбден мезі болған. Басқармалар жабылса, тексеру азаяды деп ойлайды», – дейді. Ал өзі білім басқармаларын жабуға қарсы.
«Себебі, министрлік мектептерге ие бола алмай қалады. Біздің елде министрлік түгілі басқарма өкілі бас сұқпаған мектептер бар, ондағы мұғалімдердің білім деңгейі көңіл көншітпейді. Шалғайдағы мектептер­дің жағдайын жасаудың орнына аяқ жетер жердегі мектептер мен балаларды экспе­ри­ментке айналдыруды әдет қылып алды. Сырт­тан әдістеме ала бермей, неге өз жо­бамызды жасамаймыз, осы? Біздің неге өз мектебіміз жоқ, Ұлы дала мектебін құрсақ, кім кедергі?» – дейді Сәуле Мешітбайқызы.
Оның айтуынша, білім саласының бүгінгі халі адам аяр жағдайда. Бір ғана электронды күнделік мұғалімдердің басын қатырып тастады.
«Kundelik.kz жобасын жасаған адам Санкт-Петерборда отыр. Басқа елдің азаматы. Kundelik.kz жобасы үшін бүкіл ақша соған құйылып жатыр. Қазақстанда жасалған bilimal.kz деген мұғалім журналын қолдаудың орнына біреудің қаңсығын таңсық көрдік. Білесіз бе, қазір мұғалімдер сабақ өтуді қойды, олардың ойында рейтинг, «күнделік» қана. Облыстарды жиі ара­лаймын, бармаған ауылым жоқ. Көп мек­тепте интернет жұмыс істемейді. Мұғалімдер шаршаңқы, сондықтан да олар басқарма жабылса, тексеру азаяды деп үміттенеді. Ауыл мектептерінде қаладан, яки ауданнан комиссия келе жатыр десе, комиссияны күтіп алып-шығарып салу үшін ақша жинау қалыпты жағдайға айналды. Мектепке пара беріп жұмысқа орналасу да таңғалмайтын әрекет. Жуырда ғана бауырымның баласы диплом алды, мектепке орналасайын десе, 200 мың теңге сұрапты. Диктофонымды көтеріп Таразға жеттім. Әкімге кірдім, білім басқармасына бардым, анау деді, мынау деді, әйтеуір ақталып жүріп, жұмысқа қабылдады, бір тиынсыз», – дейді байырғы ұстаз.

Ол бүгінгі білім сапасына, мұғалімдердің абыройына алаңдаулы. «Маңғыстауға екі рет жолым түсті. Өңір басшысы мұғалімдердің айлығын оңтай­лан­дыру арқылы көбейтпек екен. Сон­дағы ойлап тапқаны, он адамның үшеуін қалдырып, жетеуін қысқартады. Бұл жерде оларды ешкімнің тағдыры ой­ландырып тұрған жоқ. Бұлай жалақы көбейтудің қажеті не? Біле-білсек, білім беру мен денсаулық сақтау саласына ешқандай оңтайландырудың қажеті жоқ. Болашақ ұрпағымыз дені сау, білімді болсын десек, осы екі саладан ақша аямауымыз керек», – дейді.

Жергілікті биліктен тәуелсіз болса… 

«Зияткер ұстаз» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Өмір Шыныбекұлы Білім басқармаларын жабуды қолдамайды. Бұл құрылымды жергілікті биліктен алып, Білім және ғылым министрлігіне беруді ұсынады.

«Қай деңгейдегі білім басқармасы бол­масын, министрлікке бағынса, әкімдердің санасы өзгерер еді. Себебі, көше тазалау мен сайлаушылар тізімін түгендеу қажет болса, мұғалімді жұмсау әдеті әлі бар. Түркістан облысының Төле би ауданында комиссия келеді десе болды, сол ауылдағы мектеп мұғалімдері демалыс кезінде де жол бойын қоқыстан тазартып жүреді. Ең қызы­ғы, мұғалімді жұмсайтын – әкім-қаралар бөтен жақтан келмеген, көз алдымызда өскен балалар, бірақ әдет болып кеткен бе, мұғалім жұмсауды доғармайды. Сондықтан білім басқармасын әкімдіктен ажырату керек. О баста білім басқармаларын әкімдікке бағынышты еткенде, мұғалімнің әлеуметтік жағдайын жасайды деген ниет болған шығар. Бірақ әкімдер мұғалімге жағдай жасаудың орнына, желкесіне мініп алды», – дейді.

Оның болжамынша, білім басқармалары жабылмайды, түбі салалық министрлікке беріледі. «Қаржыландыру дегеннен шығады, бір сұхбатымда Түркістан облыс орталығы болып жарияланған соң, Түркістанға қоныс аударатын облыстық білім басқармасы қызметкерлерін аттестациядан өткізіп алса деген өтініш айтып едім. Ешқандай аттес­тация болған жоқ, соңы не болды, екі айдан соң басқарма қызметкерлері парамен ұсталды. Міне, сол қызметкерлер «Өлке­тану» оқулығын жазған төрт мұғалімнің Алматы іссапарына төлеуі тиіс жолақысын тауып бере алмаған. Өз ақшамызбен барып келдік. Іссапардың ақшасын кейін төлейміз деп еді, әлі алған жоқпыз. Енді болса, қалаға қарайсыздар деп бізден жалт бұрылып жа­тыр. Біз Шымкент қаласының емес, Түр­кістан облысын түгел қамтыған оқулық жаз­дық, мұны ескеріп жатқан ешкім жоқ», – деген Өмір Шыныбекұлы осы мысалдың өзі білім басқармаларындағы қаржылық былықтың бір сипаты екенін айтады.

Жабамыз десек, құрылым көп
Республикалық Qazbilim орталығының директоры Аятжан Ахметжанұлы білім басқарманың барлығын бірдей жабуға қарсы. Ол аудандық білім бөлімдерін жауып, облыстық басқармаларды қалдыру керек деген ұстанымда. 

«Облыстық басқарманы жапса, мектеп­тер бақылаусыз кетеді. Әрі-беріден соң білім басқармаларын жапқаннан мәселе шешілмейді, мектептерді әкімдіктен алып, министрлік қарауына беру туралы ұсынысты қолдар едім. Білім басқармалары министр­лік арқылы басқарылса, қаржы тікелей жетеді. Қазір басқармалар беделі түсіп кетті, өйткені олар әкімдік тапсырмасын орындаушы, мұғалімдерге әкімдік тапсыр­ма­сын орындатушы күштік құрылым ре­тінде танылып отыр. Әкімшіл-әміршіл жүйені кім қолдасын? Содан басқармаларда абырой қалмады. Жабу керек болса, аудандық білім бөлімдерін жапсын. Жалпы, бізде жауып тастайтын құрылым көп. Мысалы, белгілі бір қызмет түрін қайта­лайтын Мұғалімдердің біліктілігін арттыру институты, «Дарын» ғылыми-тәжірибелік ор­талығы, «Өрлеу» ұлттық біліктілікті арт­тыру орталығын біріктіру қажет деп ойлай­мын. Бізге бір ғана мұғаліммен айналысатын 4-5 мекеме қажет емес», – дейді ол.

Осы тұста мынадай сұрақ туындайды: облыстық білім басқармаларын қалдырып, аудандық білім бөлімдерін жаптық делік, онда мектеп директорлары мен мұғалімдері ауданға емес, облысқа шапқылай бастамай ма? Мұндайда шалғай аудандағы мектеп басшысы облыс орталығына қатынаумен күн өткізуге мәжбүр болады. Қайбір жылы Ақмола облысында аудан орталығына есеп тапсыруға кеткен ауыл мектебінің дирек­торы қайтар жолда үдей соққан боранда бағытынан жаңылып, бақилық болмап па еді? Қазірдің өзінде аудан орталығына әрең барып-қайтатын мұғалімдер қайтпек?

Әрине, бұл сұраққа астаналық шенеу­ніктер есебін интернет арқылы жіберсін деуі мүмкін. Алайда ауыл-аймақтың барлығы интернет жолағымен толық қамтылмаған. «Қамтылды» деген өңірлерде көлемі ауыр файлдарды айтпағанда, қарапайым фотосуретті жүктеудің өзі мұң.

Мектеп демеуші «меншігіне» айналмасын!
Сенатор білім басқармаларын жабу туралы пікірді жайдан-жай айтпағаны белгілі. Біздің мектептер жан басына қар­жыландыру жүйесіне көшті. Қай мектепте бала көп болса, сол мектепке қомақты ақша құйылады. Себебі, қаржыландырудың бұл түрінде мемлекеттік шығынды жоспарлау бірлігі мектеп емес, оқушы болады.

Жалпы, қаржыландырудың бұл түрі көп елдің тәжірибесінде бар. Мәселен, Ұлыбри­танияда жан басына қаржыландыру мектеп­терді оқушы қабылдауға ынталандырады. Британдық жүйеде мектеп өз бюджетін тікелей жұмсайды. Мектептер жұмысының нәтижесі туралы деректерді жариялайды. Мектеп қызметкерлерінің жалақысы мемлекеттік деңгейде белгіленген, мектеп әкімшілігі қосымша төлемдердің мөлшерін белгілеуге құқылы. Мемлекет оқушылар (330 адамға дейін) немесе оқытушылар (12 адамға дейін) саны аз мектептер үшін ғана жалақының орташа және нақты деңгейі арасындағы айырмашылықтың орнын толтырып қаржы береді, қалған мектептер қаражатты өз бетінше қарастырады.

АҚШ-та мектептер қаражатты бөлуге қатыспайды, өйткені өңір мектептерінің басым көпшілігінің банкте есепшоты жоқ. Мектеп директоры мектеп ғимаратының ұс­талуы мен материалдық базасына ғана же­текшілік етеді. Қаржыландыруды толық­тай аймақтық инстансалар, біздіңше, білім басқармалары қамтамасыз етеді. Қаржы бөлуді қамқоршылық кеңес жүзеге асырады.

Австралияның білім беруді қаржы­ландыру жүйесі қазақстандық модельге ұқсас: мемлекет бюджетінен жалпы және мақсатты гранттар (бізде – трансферттер) түрінде қаражат бөлінеді. Штат бюджетінен қаражат мектептерге түседі. Штаттар мектептерді қосымша қаржыландыруы мүмкін. Ал Канада мектептері провинция (штат) бюджетінен қаржыландырылады. Мектептер өз бюджетін өздері басқарады. Грузия 2015 жылы білім беру жүйесін реформалап, мектептерді қамқоршылық кеңес басқаратын мемлекеттік автономдық заңды тұлға етіп өзгертті. Жергілікті білім беру департаменттерінің орнына деректерді жинау, мектеп қызметкерлері үшін оқу мен семинарларды ұйымдастыруға, сондай-ақ мектеп кеңестерінің қызметін бақылауға жауапты жергілікті Білім беру ресурстық орталықтары (ERCs) құрылды. Автономды мектептерді қаржыландыру мемлекеттің орталық бюджетінен тікелей жүргізіледі. Жергілікті билік органдары қатысты­рыл­майды, тіпті ақшалай қаражатты жеке мек­тептер арасында қайта бөлуге де құқы жоқ. Біз де осы жүйеге келе жатырмыз. Сенатор айтқан «министрліктен келетін ақша бірден мектепке түсетін болса, басқарма керек пе?» деген әңгіме осыдан туындап отыр.

Ал демеушілер ақшасын аударатын қор ашылса, оған ақша жинала қояр ма екен? Бұл қордың соңы ата-аналардан ақша жинау науқанына алып бармай ма деген сұрақ бар.

«Егер ақша ірі демеушілерден тар­тылса, ондай қорды қолдар едім. Десе де, ертеңгі күні білім ошағы демеушілер «мен­шігіне» айналып кетпей ме деген де сауалдың басы қылтияды. Сондықтан бұл мәселеде аса сақ болған жөн», – дейді Аятжан Ахмет­жанұлы.

Бұрын болмаған жүйеге ауысу қай қоғам үшін де қиын. Реформа сәтті бола ма, жоқ па деген уайым тағы бар. Әр тараптың уәжі назар аударуға тұрарлық. Сондықтан бұл реформаны қолға алмас бұрын жеті рет өлшеп, бір рет кескен жөн.

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ
“Айқын” газеті

NO COMMENTS

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

Exit mobile version