Home Үздік Ұлт руханиятына қосылған қазына

Ұлт руханиятына қосылған қазына

0

13 желтоқсан Ұлттық академиялық кітапханада Таңжарықтану ғылымының негізін салған белгілі әдебиеттанушы ғалым, жазушы және фолклоршы Оразанбай Егеубаевтің Бес томдық шығармалар жинағының тұсаукесері өтті.

Шығыс Түркістандағы қазақ әдебиетінің жарық жұлдызы Таңжарық Жолдыұлының өмірі мен шығармаларын зерттеуге өмірін арнаған Оразанбай Егеубаев елімізге қазақ фолклорының жинаушы һәм зерттеушісі ретінде де жақсы таныс. Азат рухтың алдаспанындай болған Таңжарық ақынның ел арасындағы мұрасын жинап-теріп, тұңғыш толық жинағын шығарған  да ғалым Оразанбай Егеубаев болатын. Кейіннен жарық көрген барлық жинақтар осы академиялық жинақтың негізінде құрастырылып жүр.

Шығыс Түркістан қазақтарының асыл мұраларын қазақтың бай мәдени мұраларының қатарына қосып, ұлттың рух байлығын түгендеу де кезек күттірмейтін міндет. Әлемде теңдесі жоқ жоба «Бабалар сөзі» жүз томдығына  он бес томдық мұра Шығыс Түркістан қазақтары фолклорын әкеп қосқан, сол томдардың редакторлық қызметін де қоса атқарды. Бір иниституттың атқаруға тиісті міндетін өзі атқарған  ғалымның қазақ мәдениетіне қосқан үлесі өлшеусіз.

Сонымен бірге Оразанбай Егеубаев жазушы ретінде де бірнеше романдар мен хикаяттардың авторы. Оның прозалық шығармалары да оқырманды бейжай қалдырмай, ерекше толғандырған сәтті туындылар қатарына жатады. Ғалымның бұл бес томдығы әке аманатына адал ұрпағы Айдын Оразанбайұлы мен Айнұр Оразанбайқызының мұрындық болуымен және Оразанбай Егеубаевтің досы, жазушы Сәли Сәдуақасұлының құрастыруымен оқырманға қауышып отыр.

Бес томдықтың таныстырылымына қазақ әдебиетінің белгілі өкілдері ақын, мемлекеттік сыйлықтың иегері Несіпбек Айтұлы, тарих ғылымдарының докторы, профессор, жазушы Тұрсынхан Зәкенұлы қатарлы тұлғалармен қатар оқырман қауым мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Кешті алаштанушы ғалым, профессор Тұрсын Жұртбай жүргізді.

Саналы ғұмырын қазақ мәдениеті мен әдебиетін зерттеу мен насихаттауға арнаған қажырлы ғалымның шығармаларының оқырман көппен қауышуы ұлт мәдениеті үшін сүйіншілі жаңалық.

Ербол Алшынбай

kazbilim.kz

NO COMMENTS

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

Exit mobile version