Home Білім жарысы Жаңа форматты ҰБТ: оның маңыздылығы мен табыс критерийі

Жаңа форматты ҰБТ: оның маңыздылығы мен табыс критерийі

0

Еліміздің тұрақты дамуына ықпал ететін, мемлекетіміздің барлық саласына серпн беретін, жастарымызға игілікті әсер ететін  жаңа қадам жасалды. Ол биылғы 2016-2017 оқу жылындағы басты жаңалық — мектеп бітіруші түлектердің  мектеп бітіру мен орта білім туралы тапсыратын емтихан құрылымының өзгешелігі болып табылады. ҚР Білім  және ғылым министрлігінің шешімімен  биылғы оқу жылында тапсырылатын емтихан жүйесі осындай болып бекітілді. Бұл өзгерістер оқушылардың, ата-аналар мен мұғалімдердің ҰБТ-ны ЖОО-ға түсу емтиханы деп қана қабылдайтындары үшін енгізілді. Сондай-ақ бұған түлектердің білімдерін сай бағалай алмайтынымыз, көптеген ата-ана мен мұғалімдердің ҰБТ жадыны жаттықтырғанымен, оқушылардың сапалы білімін анықтай алмайды деген ойлары түрткі болды. Қатысушылардың саны ешқашан жүз пайыз болмаған. Жыл сайын ҰБТ-ға қатыспайтындар үлесі 30 пайызға жеткен. Бұл ҰБТ қорытындылары бойынша еліміздегі орта білімнің сапасы туралы тұжырым жасауға болмайтынын білдіреді.

Мектептерде қорытынды аттестаттау 5 пән бойынша өтеді: 1. Ана тілі және әдебиеті (эссе жазу). 2. Қазақ тілінде білім беретін мектептерде – орыс тілінен, ал орыс, өзбек, тәжік, ұйғыр мектептерінде – қазақ тілінен (тест түрінде). 3. Қазақстан тарихы (ауызша емтихан). 4. Алгебра және анализ бастамалары (жазбаша) 5. Таңдалған пән бойынша (физика, химия, биология, география, геометрия, дүниежүзі тарихы, әдебиет, информатика, шет тілі (ағылшын, француз, неміс) – тест тапсырылады. Жазбаша және ауызша емтихандар, сонымен қатар, тесттің жауап парақтары мектептердегі пән бойынша емтихан комиссиясы дұрыс жауаптар кодтары арқылы тексеріп, бағалайды.

Барлық емтихан білім беру мекемесінде – мектептерде өтеді.  Аттестацияның қорытынды мерзімі министрліктің «2016-2017 оқу жылын аяқтау туралы» (2017 жылдың 30 сәуіріне дейін) бұйрығы арқылы белгіленеді – шамамен 2017 жылдың 29 мамыры мен 9 маусым аралығы. Түлектердің мектеп бітіру кештері 2017 жылдың 15 маусымына дейін өткізілмек.

Аттестацияның қорытындылары туралы барлық материалдарды Ұлттық тестілеу орталығы білім басқармаларына жеткізеді. Білім басқармалары, өз кезегінде, құжаттарды мектептерге дейін жеткізеді.

     ҰБТ жаңа форматы 2 блоктан тұрады: 3 міндетті пән (математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы (қорыта білу, салыстыра білу, т.б.  «Қазақстан тарихы») бойынша 20 тапсырма және 2 бейінді пәннен («Математика» + «Физика», «Математика» + «География», «Биология» + «Химия», «Биология» + «География», «Шет тілі» + «Тарих», оқыту тілі (қазақ немесе орыс) және әдебиет  + «Тарих», «География» + «Шет тілі», «Химия» + «Физика», «Тарих» + «Адам.Қоғам.Заң», шығармашылық экзамен) – 30 тапсырма. Шектік балл 50 балл күйінде қалып отыр.

Міне, өздеріңіз байқап отырғандай өзгерістер жүйесі осындай. Ақпарат құралдары арқылы да бұл жаңалықтан хабардар болып отырсыздар деп ойлаймын. Десе де, бұл өзгерістердің бізге берері не болмақ? — деген сауалдың ұстаздар, түлектер мен ата-аналардың санасын сына қаққандай осқылап, маза бермей жүргені де даусыз. Ендеше, мына берілген ақпараттарға назар аударып көрелік.

Сауаттылық бойынша тапсырма оқу арқылы талапкердің жалпылау, салыстыру, тұжырымдау және т.б. дағдыларын тексеруге бағытталған. Сауаттылықты тексеруге арналған тапсырмалардың ҰБТ-ге енгізілу себебі – студенттік оқуда түрлі ақпарат көздерімен жұмыс істеп, оларды сараптауға, сол көздерден алынған ақпараттарды салыстыруға және тұжырымдауға тура келеді. Демек, бұл дағдылар мектеп түлегінің алдағы білім алу барысында өте қажет болады.

Бейінді пәндер бойынша тапсырмалар ұсынылған бес жауаптың ішінен тек жалғыз дұрыс жауабы бар 20 сұрақтан, сондай-ақ, көп жауаптың ішінен бірнеше дұрыс жауаптары бар 10 сұрақтан құралады. Бейінді пәндер бойынша тестілеу барысында бірнеше дұрыс жауаптары бар сұрақтарды енгізу арқылы талапкерлердің нақты тақырыпты қаншалықты меңгергендері анық көрінеді. Сонымен қатар, бірнеше жауап варианттары бар тесттер жауаптарды тек жаттап алып  немесе болжау арқылы беруге тосқауыл болады.

Жалпы 120 сұрақ қойылады.  Тестілеуге бөлінген уақыт 3 сағат 30 минутты құрайды. ЖОО-на түсу үшін бағалау шәкілінің ең төменгі шегі өзгеріссіз – 50 балл деңгейінде қалдырылды. Ең жоғары көрсеткіш – 140 балл (бейінді пәндер бойынша берілген дұрыс жауаптар есебінен). Тестілеуге қатысуға ниет білдіргендердің өтінімдері 10 наурыздан 10 мамырға дейін қабылданады.  ҰБТ өткізілу мерзімі – 20 маусымнан 1 шілде аралығы. ҰБТ-ді ақылы негізде тапсыру мүмкіндіктері де сақталып отыр – олар 2017 жылдың тамыз айы мен 2018 жылдың қаңтарында өткізіледі. ҰБТ барысында сыналатын барлық пәндер бойынша тапсырмалар үлгілері желтоқсан айында Ұлттық тестілеу орталығы мен ҚР Білім және ғылым министрлігінің сайттарында жарияланады.

«Алтын белгі» иегерлері, жалпы білімдік пәндер бойынша республикалық және халықаралық олимпиадаларының, сондай-ақ ғылыми жобалардың жүлдегерлері мен жеңімпаздары ҰБТ-ді  жалпыға бірдей негізде тапсырады. Алайда, тапсырған тест нәтижелері аталған жетістіктері жоқ талапкерлердің көрсеткіштерімен бірдей болған жағдайда, гранттарды бөлу кезінде олар басымдыққа ие болады. Жалпы білімдік пәндер бойынша 5 халықаралық олимпиаданың жүлдегерлері мен жеңімпаздарына арнайы гранттар бөлінеді.

Жалпы тестілеу уақыты —   3 сағат 30минут (210 минут).

Егер де осы жүйедегі бағыт етіп алынған бағдарлама қалтқысыз орындалатын болса, онда біздің ұтарымыз көп. Біріншіден, түлектер аттестат алумен бірге ЖОО түсуге де тыңғылықты және кешенді түрде дайындалады. Бірақ бұл дайындық жаттанды түрде емес, базаға негізделген, өмірде қолдана алатын, танымдық түсінігі мол дайындық болмақ. Екіншіден, кез келген түлектің алдында жазу дағдысын ұштау мәселесі тұрады. Жыл бойы бала жазуға дағдыланады, ойды қалай жүйелі жеткізуге болатынына жаттығады. Үшіншіден, өзі зерделейді, сараптайды, салыстырады. Төртіншіден, ой безбеніне салып, қорытынды жасай білуге, қолдануға  үйренеді. Бесіншіден, әркімнің таңдаған мамандығына байланысты жан — жақты ізденуіне жол ашылады. Алтыншыдан, кемел келешек үшін барлық мүмкіндікті қарастырып, сапалы білім алуға жол ашылады. Жетіншіден, креативті ойлап, өз елінің бір кірпіші болып қалануға бағытталған сапалы білім негізі қалыптасады. Сондықтан да бізге тек бес пәнді ғана жаттанды түрде оқып, кейін сол жаттағанды ұмытып кететін, солақай мамандар емес, жан — жақты қаруланған, білікті де білімді маман қажет. Себебі өмірдің өзі осы бір келеңсіз жайтты алдымызға көлденең тартып отырғанын жасыра алмаймыз. Оқуға түсіп, көңілі жайланған әр түлек, түлек қана емес, өзіне қажет емес ақпаратты миынан өшіріп тастайтынын ғалымдар да дәлелдеп отыр. Сондықтан  жасалып отырған өзгерістер осы олқылықтың орнын толтырады деп сенемін. Және де қоғамға қажетті саналы да сапалы креативті ойлап, дұрыс шешім қабылдай алатын мамандық иелері  келеді деп күтеміз. Мен өз тарапымнан әрбір мектеп бітіруші түлекке: «Қанатыңды кең серпі, талмай  ұш!» — дегім келеді. Баршаңызға сәттілік серік болсын!

Шымкент қаласының білім бөлімінің басшысы Ж.Тажиева

ziyatker-on.kz

NO COMMENTS

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

Exit mobile version