Home Жаңалық Оқуға келетін қандастар азайып барады…

Оқуға келетін қандастар азайып барады…

0

Елімізде жыл сайын мектеп бітіруші түлектерге бөлінетін 35 мың гранттың 2 пайызы шетелден келетін талапкерлерге беріліп келеді.

Алайда өткен жылы жоспарланған 700 гранттың орнына 2 мың, ал биыл небәрі 1 мың үміткер құжат тапсырыпты. Яғни, шетелдегі қандастарға арналған гранттарды иеленуге деген бәсекелестік төмендеген. Екі есеге. Неліктен жыл өткен сайын Қазақстанға келетін жастардың қатары кеміп барады? Мұның себебі, Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі «Шынтөбе» пікірталас клубының басқосуында айтылды. «Оралмандар: ақиқат, мәселелер және перспективалар» деген тақырыпты талқылауға өзек еткен отырысты «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Мұрат Әбенов жүргізді.

Клуб жиынында жалпы оралмандар мәселесі жан-жақты әңгімеленді. Моде­ратор М.Әбенов жалпы 24 жылдың ішінде 1 миллионға жуық қандасымыздың көшіп келгенін айтып, алайда соңғы жылдары олардың қатарының азаюына да тоқталды. Әрине, оған біріншіден заң талаптарының өзгеруі мен бөлінетін квотаның кемуі себеп болғаны анық. Екіншіден, модератор білікті мамандардың келмеуінің сырына да тоқталды. Қатысушылардың пікірінше, шетелдегі белгілі бір кәсіпті меңгерген қан­дастар Қазақстандағы төленетін жала­қыға көңілдері толмайды. Сондықтан да кәсібі бойынша осында оралып жұмыс істегісі келмейді. Үкімет мұндай мәселені ойланып, елге керекті мамандардың тізімін жасап, сол бойынша қандастарды шақыртқаны дұрыс деген тоқтам жасалды.
– Қандастардың құлшынысының төмендеуіне заңда көрсетілген көмектердің өз деңгейінде берілмеуі де кесірін тигізіп жатыр, – дейді ақын Ауыт Мұқибек. – Мәсе­лен Көші-қон туралы заңның 23-бабында оралған бауырларға жергілікті жұртпен бірдей қарап, шаруашылық үшін жер телімдерін бөліп беру жайы көрсе­тіл­ген. Осыны жергілікті әкімдерден сұрасам, ешқайсысы нақты жауап бере алмайды. Шын мәнінде, шетелден жеткен ағайын­дардың арасында қажетті жер теліміне әкім­діктің көмегімен қол жеткізіп жатқан­дары жоққа тән. Бұл да – шешімін күткен жайт. 
Қазақстан мен Қытай арасында соңғы кездері жасасқан келісімге орай алда көршіміздің 51 компаниясы біздің елге жұмыс істеуге келмекші. Енді отандық кәсіпкерлер сол мүмкіндікті де мүлт жібермей пайдаланып қалуды көздейді. «Қаһан» ЖШС жетекшісі Азат Кәрім «қытайлық кәсіпкерлерге талап қоюымыз керек. Қазақ жеріне әкелетін кәсіпорын жұмысшыларының 70 пайызын жергілікті қазақтардан болуы шарт» деген талапты неге енгізбеске дейді, өзі де шетелден келіп істің көзін тапқан іскер азамат. 
– Жатжұртта жүрген қандастарды қайтарудың әртүрлі жоспарларын Израиль де жасап жатыр – дейді Тель-Авивтің еліміздегі елшісі Михаэль Бродский. – Оның бірінде мемлекет пен жекенің бірі­гуінде жасалған арнайы қор шетелдердегі 30-ға толмаған еврейдің бір рет атажұртына оралып, екі апта көріп қайту шығындарын толық көтереді. Егер ары қарай тұрақты тұруды ойласа, түбегейлі көшіп келетін болады. Ал екінші жобада басқа мемле­кеттегі еврейді әскерге келісімшартпен қызмет етуге шақырып, өз азаматтық міндетін атқаруға мүмкіндік береді. Кейін елде қалуына да жол ашылады. Қазақстан да осындай тиімді шараларды қарастырып көргені дұрыс шығар.
Білім және ғылым министрлігі ЖОО-дан кейінгі білім беру департаменті дирек­торының орынбасары Гүлзат Көбенованың «2015 жылы жалпы бөлінген 35 мың оқу грантының 2 пайызы шетелден келетін қандастарға арналады. Алайда сол кезде 700 орынға 2 мың үміткер құжат тапсырды. Ал биыл бұл көрсеткіш 1000-ға дейін төмендеп кетті. Енді азайып кету себебін анықтап жатырмыз. Мүмкін жоғары оқу орындары шетелдерде кеңселерін ашып, талапкерлерді өздері іздеуі керек шығар» дегеніне отырысқа қатысушылардың басым бөлігі қарсы шығып, оның себебін мүлде басқа жақтан іздеу керектігін айтты.
– Мұның басты себебі, құжат рәсім­деудің қиындығында жатыр – дейді «Қаз­білім орталығының» жетексіші Аятжан Ахметжан. – Заңға сәйкес 16 жастағы балаларға жеке құжат рәсімдеуге рұқсат етілмейді. Ол міндетті түрде ата-анасымен болуы керек. Қытайдағы немесе Моңғо­лиядағы қандастар оқу жылы басталғанда құжат рәсімдеп дайындық курсына келеді. Ол сонымен бірге орта мектепті де қатар оқуы керек. Біздің орталықта дәл қазір осындай 178 оқушы оқып жатыр. Бұларды Астанадағы мектептерге орналастыру қиямет-қайым. Құжаты дұрыс емес деп барлығы бас тартады. Қазір директорлар өзіне тиесілі ықшамаудандағы тұрғылықты мекенжай анықтамасын, тіптен тіркеуге тұрған үйдің құжатын сұрап әурелейді. Шетелден бір ай бұрын келген 16 жасар балада мұндай құжаттар қайдан болсын?! Амал жоқ түрлі жолдарға барып, өзім жұмыс істейтін мектепке осы 178 баланы түгелдей орналастыруға тура келді. Егер шетелден жеткен қандастарымыз дайын­дық курсынан өтіп, кириллица мен Қазақ­станның оқу бағдарламасын меңгермесе университетке қалай түседі. ЖОО-ға қабылдайтын келесі маусым басталғанша бұлардың аштырған 1 жылдық визасы аяқталады. Жаңасын алу үшін Үрімшіге қайтып, өітініш беріп, 3 ай кезек күтуі керек. Сол аралықта Қазақстанда ЖОО-ларға қабылдайтын уақыт аяқталып қала­ды. Сонда не істеуіміз керек? Ең алдымен, талапкерлердің виза мәселесін шешпей бөлінген 700 грантты мұндай әуре-сарсаңмен толтыра алмаймыз. 
 Клуб отырысының барысында Мұрат Әбенов 24 жылда еліміздегі көші-қонның жетістігін санамалап шықты. Ресми мәліметті жариялаған ол аталған мерзімді қазақ жұртына 261 104 отбасы немесе 957 772 этникалық қазақ келгенін мәлімдеді. Бұл жалпы еліміздегі халықтың 5,5 пайы­зын құрайды. Қазақтардың 61,6 пайызы Өзбекстаннан келді, 14,2 пайызы – Қытайдан, 9,2 пайызы – Моңғолиядан, 6,8 пайызы – Түркiменстаннан, 4,6 пайызы – Ресейден және 3,6 пайызы басқа елдерден жеткен. Орналасу реті бойынша талдасақ оралмандардың басым бөлігі Оңтүстік Қазақстанға қоныстанды – 21,2 пайыз, Алматы облысында –16,3 пайыз, Маңғыс­тау облысында – 13 пайыз, Жамбыл облы­сында – 9,4 пайыз және басқа аймақтарға – 40,1 пайыз. Этникалық қазақтардың ішін­дегі еңбекке қабілеттілері – 55,6 па­йыз, 18 жасқа дейінгі балалар – 39,9 па­йыз және зейнеткерлер 4,5 пайызын құрайды. Еңбекке қабілетті этникалық қазақтардың ішінде 8,8 пайызының жоғары білімі, 20,6 па­йызының – орта білімі, 60,8 пайызының – жалпы орта білімі бар және 9,8 па­йызының білімі жоқ.
Дегенмен күні кеше ғана Сыртқы істер министрлігінің Консульдық қызмет департаменті директорының орынбасары Керім Қожамбердиев Қытайдағы қазақтар үшін визаның жаңа ережесінің енетіндігін айтып, қуантып отыр. «Жыл басында Көші-қон заңына өзгерістер енгізілген кезде бұл мәселелер көтерілді. Иә, бізде қиыншылықтар бар. Үрімжі қаласында да қиыншылықтар орын алуда. Себебі, ондағы консульдыққа виза аштыру үшін күніне 300-дей адам келеді. Виза аштыра­тындардың 95 пайызы – қазақтар. Бүгінгі таңда Қазақстан тарабынан виза ешқандай шақырусыз және консульдық алымсыз тегін 1 жылға беріледі. Қазақстанға келген­де де ешқандай шектеу болмайды. 1 жыл­дық визасы бар адам қалағанынша жүріп-тұра алады. Енді Үрімжідегі кезекті азайту үшін біз жаңа ереже қабылдағалы отырмыз. Жылдың ортасында қабылдайық деп едік, бір заңдағы өзгерістерге байланысты жыл соңына қалып отыр. Жаңа ережеге сәйкес бірінші рет Қазақстанға келемін деген оралмандарға немесе қазақ диаспорасына 1 жылдық, ал екінші рет келетін болса 3 жылға виза беріледі. Үш жылға берілетін виза Үрімжідегі кезекті азайтуы керек. Ал Қазақстанға білім алуға келген жастардың 1 жылдық виза мерзімі аяқталса, Қытайға бармастан осы жерден-ақ ұзартуға болатын жаңа ережені енгіземіз», – дейді жауапты ведомствоның өкілі.
Бұл жеңілдіктер енді босқа қалып жат­қан қазақстандық гранттарды толтыруға көмектесе ме? Шамасы жоғары оқу орын­дары келген қандастарды ғана қабылдап отыра бермей, өздері де белсенді әрекетке көшуі керек-ау.

Бейсенбай ДӘУЛЕТҰЛЫ,  Астана

«Айқын» газеті

NO COMMENTS

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

Exit mobile version