2020 жыл жаңартылған білім мазмұнына көшу барлық сыныптарда аяқталады.

Соңғы кезде жаңартылған білім мазмұнына байланысты көп талқылаулар жүргізіліп, түрлі пікірлер айтылды. Енді міне ҚР Білім және ғылым министрлігі жаңартылған білім мазмұнын бірінші сыныпқа енгізгелі отыр. ҚР Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева министрлік «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының қадамдарын және Білім мен ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатындағы білім мазмұнына кезең-кезеңмен көшу жұмыстарын бастағанын атап өтті, — деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Атап айтқанда, жаңа оқу жылынан бастап еліміздің барлық мектептеріне Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибесі бойынша жаңартылған білім мазмұны бірінші сыныптан бастап енгізіледі», — деп атап өтті Э. Суханбердиева елордада өткен баспасөз мәслихатында.

Осы ретте ол оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытуға бағытталған жаңартылған мазмұн 30 қанатқақты мектепте сынақтан табысты өткенін еске салып өтті.

Белгілі болғандай, жаңартылған білім мазмұны арнайы кестеге сәйкес кезең-кезеңмен енгізіледі: 2016  жылы — 1-сынып,  2017 жылы — 2,5,7 сыныптар, 2018 жылы — 3,6,8,10-сыныптар,  2019  жылы — 4,9,11,12-сыныптар. 2020 жылға қарай 12 жылдық құрылыммен жаңартылған білім мазмұнына көшу барлық сыныптарда аяқталады.

Өз кезегінде ҚР БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім департаментінің директоры Жаңыл Жонтаева жаңа оқу жылында 410 мың бүлдіршін мектеп табалдырығын алғаш рет аттайтынын сөз етті. Осы ретте бұл балаларға жаңа мазмұн бойынша білім алу сәті түсіп тұр.

«Биыл бірінші сыныпқа 410 мыңнан астам бала келеді деп күтілуде. Барлық облыстарда ақпараттық түсіндіру жұмыстары, мектептердің дайындығы бойынша мәліметтерді жинақтау аяқталуда. Бүгінде мектептер дайын. Сонымен қатар қазіргі кезде ұстаздарды, оқулықтарды даярлау шаралары жүріп жатыр», — деді департамент басшысы.

Қазіргі кезде білім заңнамасына сәйкес, тамыздың ортасына қарай барлық мектептерге оқулықтар жеткізіледі. Осы ретте тиісті келісімшарттар бекітілген көрінеді.

Бұдан бөлек, департамент директоры бірінші сыныпқа қабылданатын бүлдіршіндерге тест немесе емтихан тапсыру қарастырылмағанын атап өтті. «Заңнамаға сәйкес, 6-7 жасқа толған балаларды ата-аналары мектепке бірінші сыныпқа апаруға құқылы», — деді ол.

Атап айтқанда, жалпы білім беру жүйесінде 325 184 педагог жұмыс істейді. 2016 жылы курстардан 91 391 мұғалім, оның ішінде  білім мазмұнын жаңарту аясында 69 097 ұстаз өтеді. Үштілді білім беруді енгізу кезінде биыл Назарбаев Университеті мен еліміздің 15 жоғары оқу орындары базасында биология, химия, физика және информатика пәндерінің 675 мұғаліміне арналған төрт айлық курстарды өткізуді жоспарлауда. Бұл курстардың мақсаты — оқытушылар арасында ағылшын тілін жетілдіру.

«Біліктілікті арттыруға жыл сайын 10 млрд. теңге бөлінеді. Барша мұғалімдерге айтарымыз, жаңартылған бағдарлама бойынша біліктілікті арттыру ұстаздардың жеке қаржысына емес, бюджет есебінен жүргізіледі», — деді ҚР БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім департаментінің директоры Жаңыл Жонтаева.

Өз кезегінде ҚР Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева физика, химия, биология және информатика пәндері мұғалімдерінің ағылшын тілінен білім алудың төрт айлық курстары олардың жоспарлы демалыстарына әсер етпейтінін айтты.

Эльмира Суханбердиева 2017-2019 жылдары әрбір жыл сайын 5200 мұғалім ағылшын тілінде курстармен қамтылатынын жеткізді. Бүгінде ЖОО-да мұғалімдерді 12 жылдық білім берудің жаңа мазмұнына сәйкес дайындау басталды. Осы уақытқа дейін 42 жоғары оқу орнында 18 мыңнан астам студент үштілділік бағдарламаға сәйкес білім алуда.

Мектептерде 2019 жылға жоспарланған үштілді білім беруге көшу оқу орындарының дайындығына қарай іске асырылмақ. Бұл тұрғыда шамамен 40 оқушы білім алып жатқан шалғайдағы елді мекендердегі шағын мектептердің жағдайы ескерілмек.

«Біз алыстағы елді мекенді (білікті мұғалімдермен) қамтамасыз ете алмасақ, онда бұл мектепті 2019 жылға емес, бір жыл кейін дайындаймыз. Барлық қадамдар дайындығына қарай іске асырылады»,-деді вице-министр. 

Руслан Ғаббасов

-ЖАРНАМА-

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

Exit mobile version