26 C
Нур-Султан
14.06.2021

Өмір Шыныбекұлы. БІЗДЕ ДЕМОКРАТИЯ БАР МА?..

Ұстаз әр баланың жанына білім мен тәрбие дәнін сеуіп, арпалыс өмірге қанатын қатайтып ұшырады. “Ұстаз” деген сөз біз үшін қашан да қасиетті болып қалатыны белгілі. Осы себепті де “Ашық әңгіме” бағдарламасының бірінші қонағы елімізге белгілі, ондаған мақаланың авторы, жастар жанашыры, ұлағатты ұстаз Өмір Шыныбекұлы ағамызға таңдау түсті. Эксклюзивті сұхбатты өздеріңізге ұсынамын.

Өмір аға, Сізді халық ұлағатты ұстаз, қоғам белсендісі деп біледі. Фейсбук әлеуметтік желісінде жазған бір жазбаңызға көзім түсіп еді. Онда аудан-қала білім бөлімдері мен облыстық білім басқармаларын жойып тастауды айтып едіңіз. Осы ойыңызды өз басым қолдаймын. “Қойшы көп болса, қой арамы өледі” демекші, барлық мектептер тікелей министрлікке қарағаны дұрыс па?
– Жоқ, жалпы білім бөлімдері керек. Ол күйгеннен, ашынғаннан айтылған ой. Себебі, білім бөлімдерінде мектепте бір күн де жұмыс істемеген, баламен оқу сатысында қарым-қатынаста болмаған мамандар отыр. Жаңадан бітірген мамандар әдіскер болып орналасады да, есеп-қағаздарды мұғалімдерден талап ете береді. Мектепте 5-10 жыл оқушылармен, ата-аналармен, жоғары жақпен жұмыс істеп, тәжірибе жинап барып білім бөлімдеріне барса деймін. Сонда нәтиже болар еді.
Иә, өзі түсінбеген маман бәрін оңай көретіні анық. Іс-шара болсын, мереке болсын мүғалімдерге “бірінші жүк түсетіні” жөнінде айтып өтсеңіз?
– 2015 жылы министрлікке “облыстық білім басқармалары тікелей Білім министрлікке қараса” деген ұсыныс хат жазған болатынмын. Жергілікті әкімдіктерден тәуелсіздеу болса… Мұғалімдерді тегін жұмыс күші ретінде пайдаланады. Сайлау, сенбілік, санақ, тағысын тағы… Тіпті танымал тұлға қонаққа келсе де, мұғалімдер алаңға шығып, “бақытты адамның” рөлін ойнайды. Мұғалім өзіне қатысты тек білім, тәрбие жұмыстарымен айналысқаны жөн.
Ғаламторды сіздің жасыңызда көп адам түсіне бермейтіні анық. Әлеуметтік желіні қалай үйрендіңіз?
– Жетіскеннен үйренген жоқпыз. Оқушылардан қалмауымыз керек. Мұғалім деген сабақта балалардан қандай сұрақ туып қалуы мүмкін, солардың бәріне дайын болуы керек. Оқушы деген мұғалімнен өзінің басым екенін білсе, оны менсінбей қояды. Басымдық деген, мысалы, сенің компьютерді игере алмайтыныңды білсе, мүғалімді кем, сауатсыз санауы мүмкін. 10 жылдай бұрын “агент” деген пайда болып, оны балалармен жағаласып жүріп үйреніп алдым. Сөйтсем, пайдасы өте көп екен. Кейіннен әлеуметтік желіні пайдалануды бастадым.
Өмірімізді ғаламторсыз елестету қиындау… Аға, елімізде демократия бар ма?
– Мен енді Кеңес заманында туып-өстім. Сол уақытпен салыстырғанда демократия әлдеқайда дамыды деуге болады. Өкінішке орай, бізде демократия басқаша түрде дамуда. Бәріміз де шындықты айта аламыз. Қорықпайтын адам жоқ. Қорықпайтын ол тек ақымақ адам ғана. Бала-шағаңды, туыстарыңды ойласаң, айтылатын жерге шейін айту керек. Өзінің шегінен асып кетсең, өз өмірің ғана емес, туған-туыстарыңның басын қауіп-қатерге тігіп жіберуің мүмкін. Біздегі демократияның жағдайы осы.
Түсінікті, Өмір аға. Білім саласына әр министр өз жаңалығымен бірге келеді. Осыдан оқушылардың да, мұғалімердің де миы ашығаны ашыған. Осы жөнінде не дейсіз?
– Шыны керек, әр министр өзінше бір нәрсе жасаған болды. Бірақ оның көбісі декларация жүзінде қалды. Тек қана 2012 жылғы жаңа реформа ғана біршама іске асып келеді. Бірақ оның да бізге тура келмейтін тұстары бар. Ондағы “қамқоршылар кеңесі”, “үш тілділік” деген бастамалардың жағдайын көріп отырсыздар. “Үш тілділікке” өз басым қарсы емеспін, егер әр бала 5 сыныпқа дейін өз ана тілінде білім алса.
Бір реформаны түгел орындап аяқтамай, екінші реформаны енгізбесе деген азаматтық ойым бар. Мектеп мамандары мәселесі қалай: ауылдарда, қалаларда?
– Мен осы мектепте 2003 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Мысалы, облыс орталығындағы лицей статусы бар осы оқу ордасына мен жұмыс жасағалы Астана мен Алматы қалаларының белді жоғары оқу орындарын бітірген бірде-бір маман жұмысқа келген емес. Осындай мектепке келмеген жас мамандар ауылға тіпті де бармайды. Бізге сол Шымкенттегі “ашық-шашық” университеттерді бітірген мамандар келеді. Беделді университеттерді бітірген мамандар келсе деп армандаймыз. Сол мамандармен жұмыс істегіміз келеді, солардан үйренгіміз де келеді. Мамандар білімдерінің сапасы өте төмен. Облыстық лицей статусы бар біздің мектептің өзінде ғаламтор жоқ. Тек қана бір бөлмеде бар. Ол да информатика кабинеті. Осыған қарасақ, ауылдарда ғаламторды әңгіме етудің өзі санаға сыймайды.
Иә, жағдайдың осылай екені бәріне белгілі… Бірақ мұны жоғары жақтағылар біле ме екен?! Сұрағымызға көшейік, мектепті жақсы оқып бітіргендер заңгер, экономика мамандықтарына барады да, мектепті нашар оқығандарды ата-аналары “ең болмаса мектепке кіргізіп қоямыз” деген оймен мұғалімдікке түсіреді. Осы мамандар келешек ұрпақты тәрбиелеуде қалай жұмыс істемек?
– Өкінішке орай, бұл қоғамның қазіргі дерті. Бір жағдайды айтып берейін. Мен 9 сыныпта оқитын бір оқушыдан өскенде кім боласың деп сұрағанымда, полиция боламын деді. Неге десем, оның “левыйы көп қой” деп ыржың-ыржың етеді. Бұл қоғамның бар жағдайын көрсетіп тұр. Бірақ көріп отырмыз, жалақысы аз жұмыстарда жігіттер жұмыс істеуде. Аз жалақымен 3 қабатты үйлерде тұрып жатыр. Оған менің басым жетпейді.
Рас… Қазіргі Білім және ғылым министріне көңіліңіз толады ма?
– Басында сөздері ұнады. Кейін ойым өзгере бастады. Бір жағынан бұл тек орындаушы секілді. Бұл бағдарлама 2012 жылы шыққан. Ерлан Сағадиев келді де, “өл-тіріл” осы бағдарламаны “орындаңдар” деген бұйрық берді. Қажет десеңіз, көп нәрсені түсініп те үлгерген жоқ. Ол өзі оқып келген шетелдік біліммен өлшеп жүр осы жақты. Бетпақдаладағы ауылдық мектепке барып көрген емес. Аудандағы мектептерге барған жоқ. Сабақ беріп, көше сыпырып, “мұғалім терісінде” болған емес.
Орындаушы болса, солай да шығар. Сыбайлас жемқорлықтан қалай арыламыз?
– Қоғам санасы былғанған. Оны бағана келтірген 9 сынып оқушысының әңгімесінен көріп отырмыз. Ұрпақ санасын тазарту, қоғам дертінен құтылуға кемі 40 жыл уақыт керек. Бәрі жақсы болады дегенге сенгім-ақ келеді. Бірақ… Себебі, сананы тазарту өте қиын. Аса ірі көлемде пара алғандарды “Отанын сатқандар” деген баппен жазаласа. Олар мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндіруде. Сананың уланғаны – мемлекетке төнген қауіп. 25 жылдан кейін елді басқаратындарды көз алдымда көріп отырмын. Шырылдайтыным да осы себептен.
Неше ұл-қыз өсіріп отырсыз?
– Алла берген 2 ұлым бар. Үлкенім – архитектор, кіші ұлым – конструктор.
Өмірлік ұстанымыңыз?
– Арыға бармайын. Өз әулетімнің тарихын зерттедім. Ағайынымызға зәбір көрсеткен “шолақ белсенділер” көп болған. Бірақ солардың арты жақсы болмаған екен. Көбісінен ұрпақ қалмаған. Ұрпақ қалғандарының өзі алқаш, мүгедек болып кеткен. Осыдан шығатын қорытынды, адамның көз жасына қалмау, қиянат жасамау. Туыстарыма да, шәкірттеріме де осыны айтып отырамын. Аса діншіл емеспін. Алла тағаланың құдіреті шексіз. Ұрпағым көбейсін десең, жақсылық жаса. Сенің әрбір әрекетіңе ұрпағың жауап береді. Мұрағат пен шежірені салыстырып жүріп көзім осыған жетті.
– Рахмет әңгімеңізге.

Сұхбатты жүргізген:
Амангелді АҚЫНОВ.

kaztimes.com

-ЖАРНАМА-

Пікір қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -

СОҢҒЫ ЖАЗБА

Орыс әдебиетінің орнын әлем әдебиеті алмастыруы керек!

Әлқисса Әдебиет – адам санасының биік көкжиегінің бірі. Ол әлемдегі ең қуатты идеологиялық қарудың бірі болған, бола бермек те. Әдебиетті өзінің дегенімен жүргізу арқылы бір...

Магистратура мен бакалаврдың арасын кемінде екі жылға ашу керек!

Бүгінде магистратураны ғылым іздеп емес, өзге мақсатта оқитындар көбейді. Жаппай айыптаудан аулақпын, бірақ айтпасақ болмайды. Бүгінгі жұрт магистратураға не үшін түседі? Бірінші, бакалавр бітіре салып, жұмыс...

«Осы ұпай маған жетеді» деген ойдан аулақ болыңыз

Сонымен, жас түлек 2021, ҰБТ-ның бірінші мүмкіндігін сәтті тапсырып шыққан болсаңыз, "осы ұпай маған жетеді" деген ойдан аулақ болыңыз. Өйткені екінші мүмкіндікті пайдаланып неге...

Сенат депутаты Байқоңырдағы мектеп мәселесін көтерді

Биыл Байқоңыр қаласы мен Төретам елді мекенін дамытуға 2,1 млрд теңге жұмсалады. Бұл туралы Қаржы министрі Ербол Қарашөкеев айтты. 1994 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының...

Грант конкурсына қатысқанда нені ескеру керек?

Грант конкурсына қатысатын ҰБТ аяқталуына 20 күн қалды. Көпшілік бөлігі екі мүмкіндігін тапсырып та үлгерді. Енді барлығының ойландыратын сұрақ грантқа қалай түсемін? Конкурс жазатын кезде...