2 C
Нур-Султан
13.04.2021

Ботакөз Қамзанова. ҰБТ: МЕНІҢ ТӘЖІРИБЕМ

Мен Ақтөбе облысындағы Хлебодаровка орта мектебінің 2014 жылғы түлегімін. Мектепте өте жақсы оқыдым, белсенді оқушы болдым. Мен мектепке бармасам, мектептің бір бұрышы құлап қалатындай сабақтан қалмайтынмын. Мерекелік іс-шаралардан, жарыстардан, олимпиадалардан, үйірмелерден қалмайтынмын. Осылай әртүрлі нәрселердің басын шатып жүргенде, маңызды деген 11-сыныпқа да жеттік. Жан-жақты болғанмен, соңында нақты ғылымдарды жаным қаламады. Гуманитарлық ғылымдарға жақындығымнан ағылшын тілін таңдадым. Өз басым, ең алдымен, ҰБТ-ның, «Алтын белгінің» «өмірдің соңы» емес екенін саналы түрде түсініп, қабылдадым. Мен үшін ең бастысы – осы уақытқа дейін жинаған абыройымды сақтап қалу және мемлекеттік грант болды. Сол уақытта да мен өзімнің «қазір және осы жерде» деген ұстаныммен өмір сүрдім. Көп оқушыларға ұқсап тамақ ішпей, ұйықтамай, әлеуметтік желілерді өшіріп тастап, қыдырмай дайындалмадым. Естеріңізде болсын: бұл тестілеуге дайындалуға бізге 11 жыл уақыт берілген болатын, ол сұрақтардың жауабын негізінен біз білуге тиіс едік! Мені алға жетелеген нәрсе, ең алдымен, туған апам (әпкем) ала алмай қалған «Алтын белгіні» иеленіп, ата-анамды, ұстаздарымды қуанту. Тағы да айта кететін нәрсе: 11 сыныпта бір олимпиададан жеңіс түгіл, 2 турға өтпей қайтып келдім. Негізі, өзімнің селқостығымнан болды. Сол кезде өз-өзіме мектептегі жылдарыма міндетті түрде «алтын» нүкте қоюға уәде бердім.

Дайындалу нұсқам.

1 жылдың ішінде математикадан 1 ай репетиторға бардым, 2 ай «Сана» білім беру орталығында оқыдым, ағылшыннан сабақ беретін апайыммен тығыз байланыста болдым, ал, қалған уақыттың барлығында жеке өзім дайындалдым.

Қазақ тілі. Жетісіне бір-ақ күн дайындалдым. 45-60 минут көлемінде. Кездесуі мүмкін шешендік сөздерді жазып алып, жаттадым. Жыл соңында ережелерді толықтай бір қайталадым, болды. Сынақ тестілеулерде үнемі 23-25 балл жинадым. Нағыз тесттен 21 балл жинадым. Есімде қалғаны: 2-3 сұрақтың екі жауабының да дұрыс болу мүмкіндігі. Сол жерде қатты қиналдым. Жинаған балыма қарағанда, ойланып-ойланып дұрыс емесін белгілегенмін.

Орыс тілі. Бұл да қазақ тіліндей болатын. Жетісіне бір күн дайындаламын. Көбіне тесттерді орындап, қате кеткен тұстарымды қайталайтынмын. Жылдың соңына қарай толықтай қайталап алдым. Жыл бойына 20-22 балл жинадым, соңында – 21 балл.

Математика. Ең басында, 15-17 балл жинадым. Жеке репетиторға барғасын 20 балға дейін көтерілді. Ол кездің өзінде толықтай түсінбейтінмін. Екінші жартыжылдықта «Санада» оқығанда формулаларды есте сақтауды, бір формуладан екіншісін өрнектеуді, геометриялық есептерді суретпен шығаруды үйрендім. Ең бастысы, ненің не екенін, ол нәрсенің қайдан шығып тұрғанын түсіну. Күніне кемінде бір нұсқаны орындап, тексеру, қателігіңді жөндеу керек. Рустюмованың кітабы мен «Талапкергенің» үлкен көмегі тиді. Үнемі есеп шығара беру керек, жаттығу қажет. Нұсқаны орындап, онлайн тексеріп ал, түсінбей жатсаң соған ұқсас есептің шығарылуын қарап ал, шығарылғанын таппай жатсаң, интернеттен ізде, форумдардан сұра. Алгебраға қатысты есептер формула білсең оңай болып келеді. Геометриялық есептерді сызу арқылы, фигураны зерттеу арқылы шығару керек. Наурыз-сәуір айларында тек есеп шығарумен болдым, жемісін де берді, сол уақытта 23-25 балды қиналмай алатынмын. Тек сандарға мұқият болған жөн! Шешуші тестілеуде 21 балл жинадым, күрделі есептерге уақытым жетпей қалды.

Қазақстан тарихы. Бірінші жартыжылдықта әр сыныптағы кітаптарды оқыдым, сол арқылы тарихты басынан аяғына дейін түсініп алдым. Сосын барып «Талапкерді» жаттадым. Өте қиынға соқты. Білетін секілдісің, бірақ жылдан шатасуың мүмкін. Мамырда дұрыстап қолға алып, күнде жаттаймын, сол тақырыптарды келесі күні сұратамын. Ай аяғына дейін толықтай бітірдім . Қиындау, ұмытып қалуың мүмкін жерлері болса, ассоциациямен жаттаған дұрыс. Жыл бойына тарихтан аз жинап жүрдім, 15-20 балл көлемінде. Шешуші тестте 24 балл жинадым. Барлығы да кездескен, оқыған, жаттаған сұрақтарым болды. Ешкім аспаннан сұрақ қоспайды!

Ағылшын. 8 сыныптан олимпиадаларға қатысып, тереңінен дайындалып келдім. Сондықтан, жалпылама грамматика қиынға соқпады. Тек үнемі жаттығулар орындап, шыңдалу керек. Елтануға байланысты кездескен сұрақтарды дәптерге тізіп жазып алып жүрдім. Жыл бойы жинаған сұрақтарды жаттап алсаң болғаны, соның ішінен келді. Ең қиыны, фразалық етістіктер мен сөздердің синонимін, антонимін табу. Әр жылдардағы тест жинақтарынан, нұсқалардан, кітаптардан, қосымша оқулықтардан іздеңіз, жазып алып, жаттаңыз. Олар өте көп, бірақ сол тестте қолданылатындарын табуға тырысыңыз. 20-25 балдың көлемінде жинап жүрдім, соңында – 21 балл. Синонимін табуға мен аудармасын білмейтін сөз келді, ал қалған қателерім қай жерден кеткенін білмедім. Жалпы, дайындалған сұрақтар келді.

ТЕСТІЛЕУ КҮНІ.

Тестілеу 2-маусым күні болды. 1-маусым күні барлығымызды ауылдан қаладағы жатақханаға орналастырды. Бір бөлмедегі қыздар болып түнімен ұқтай алмадық, қатты уайымдадық. Ертеңіне таңғы ас ішкен соң, тестілеу орнына бардық. Адамдар толып жүр. Ең қызығы, дәл сол уақытта менде ешқандай сезім болмады, күнделікті нәрсе секілді еш уайымдамадым. Мен 10-11 сыныптарда ешқандай шпор қолданған емеспін, нағыз тестіге де ешнәрсе алып кірмедім. Тексеруден өтіп, аудиторияға кірдік. Басталды, бәрі жақсы өтіп жатты. Неге екенін қайдам, үнемі бояуға көп уақыт жіберетінмін. Күрделі есептерімді қоя тұрып, белгілей бастадым, соған 1 сағаттай уақытым кетті. Соңында уақытым аз қалды, қолым дірілдеді, оның үстіне, комиссия 25 минут қалды, 20 минут қалды деп жүйкеге әсер етті. Амал жоқ, шығара алатын есебімнің бетіне қарап жауабын белгілей салдым. Шықтым, ата-анама, мұғалімдерге қалай болғанын айттым. Жыламадым! Орыс тілден мұғалімнен сұрап алдым, тарихтан қарап алдым, тек математикадан күдіктендім. Үйге келген соң, 3-4 сағаттан соң нәтиже белгілі болды. Тестілеуден 108/87 балл жинап, «Алтын белгі» иегері атандым. Қазіргі уақытта Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің студентімін.

Қазақ халқында «бақ шаба ма, бап шаба ма?!» деген әдемі сөз бар. ҰБТ-да да осы заңдылық орындалады. Бабың қанша жерден келісті болса да, Алланың берген бағына байланысты. Менің бабым нашар болмады, жыл бойына орташа есеппен 115 балл жинап жүрдім. Бірақ, шешуші сәтте баллдарым табалдырықтан, яғни 21 балдан тоқтады. 110 балдан жинап, «Алтын белгіні» қорғай алмаған оқушылар болды, бірақ менің бағыма 108 балмен «Алтын белгі» бұйырды. «108/87 балмен қалай «Алтын белгі» болып жүрсің?» деген сөздер де болды. Балым аз болса да, аудан бойынша қорғаған жалғыз оқушы болдым, қаншама марапатқа, қошеметке ие болдым. Сол «Алтын белгінің» арқасында таңдау пәнім ағылшын тілі бола тұра, 87 балмен грантқа қиналмай түстім. Еңбектеніңіздер, ізденіңіздер, жетіліңіздер, талмаңыздар! Ешқашан шпор қолданбаңыздар! Еңбекпен келген нан, расымен де, ерекше тәтті болады! Мақсат қойып, алға ұмтылыңыздар! Тек жақсыдан үміт етіңіздер, ал олай болмаса, Сіз үшін қайырлысы екенін түсініңіз! Бұйырған ешқашанда кетпейді!

-ЖАРНАМА-

Пікір қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -

СОҢҒЫ ЖАЗБА

А. Аймағамбетов еліміздің ғалымдарын Ғылым күнімен құттықтады

Бүгін – Қазақстандағы ғылым қызметкерлерінің күні. Күнтізбедегі бұл дата кездейсоқ таңдалмағаны белгілі. 12 сәуір – Ғылым академиясының тұңғыш Президенті, көрнекті ғалым-геолог Қаныш Сәтбаевтың дүниеге келген...

Асхат Аймағамбетов ұстаздарға үндеу жолдады

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн-брифингіде ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов вакцинаға қатысты мұғалімдерге үндеу жасады. «Денсаулық сақтау министрлігінің берген ақпаратына сәйкес, қазіргі...

ҰБТ-ның форматы емес, тек оны өткізу процедурасы ғана өзгерді – А. Аймағамбетов

Ұлттық бірыңғай тестілеудің форматы өзгермеді. Тек оны өткізу процедурасы ғана өзгеріп отыр. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Білім және ғылым...

Қазақстандық жасөспірімдердің мансаптық таңдаулары

PISA-2018 сауалнамасында 15 жастағы жасөспірімдер өздерін 30 жаста қандай маман ретінде көретіндерін атап өтті. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Мәліметтерге...

Грант ұтып алу үшін талапкерлер ҰБТ-ны екі рет тапсыра алады

Мемлекеттік білім грантын ұтып алуға ниеттенген үміткерлер Ұлттық бірыңғай тестілеуді екі мәрте тапсыра алады. Мәселен, егер талапкер сәуір айында тестілеуден өткен болса, оның ҰБТ-ны...