Home Ұлт діңі Махаббатсыз отбасы

Махаббатсыз отбасы

0

Әке! Үш – ақ әріптен тұратын осынау ұлы сөзді жастайымыздан пір тұтып өстік. Өкініштісі сол, пір тұтуға себеп болған – әкеге деген мақтаныш сезімі емес, әкеден қаймыққан қорқыныш. «Анама ауыр сөз айтпаса екен, қол көтермесе екен» деген қорқыныш амалсыз әкені сыйлауға мәжбүрлейтін.

Неге бұлай болды? Басқалар секілді мен неге әкемді айтып, кеудемді кере мақтана алмаймын? Неге мен «әкем осылай жасады» деп қуана айта алмаймын? Жалғыз ғана айта алатыным: «Ең бастысы, әкем бар». Әрі қарай жалғастырғым да келмейтін.

Кішкентайымыздан ұрыс – керіске толы отбасы, жұмыс істемейтін, арақ ішіп, әйелін ұратын әке, сезімі жоқ ерлі – зайыптылар – осының бәрін көріп өстік. Құрбыларымның үйіне барғанда, әкесі мен анасы бір жастыққа жантайып, теледидар қарап жатқанын көргенде, бала жүрегім елжіреп, «менің ата – анам да неге осылардай емес» деп ойлайтынмын. Есейе келе түсіндім: бұның бәрі әкем мен анамның арасында махаббат жоқ болғандықтан екен, бәлкім, басқаша болар…

Бір күні ішімдікке сылқия тойып алған әкем үйге екі орысты ертіп әкелді. Әкемнің қаһарынан қаймыққан сорлы анам «белгісіз меймандарға» дастарханын жайып, шайын берді. Асын жеп, арағын ішіп болған орыстың біреуі әкеме ақырын ғана: «Твоя жена красивая» деп сыбырлады. Ал әкем не істеді, «мына орыспен араңда нең бар?» деп, анама жөнсіз тиісіп, пышағын ала жүгіріп, ақыры не керек, сол күні анам, сіңлім үшеуміз көрші үйде қонып шықтық. Сонда түн жарымында көршінің есігін қағып тұрғанда ызаға булыққан жүрегім: «Не деген намыссызсың, әке! Асыңды ішіп, қонақжайлығыңа рахмет айтудың орнына отбасымызды ойран еткісі келген оңбаған орыстың арам ойын түсінбедің бе? Орыс болмай – ақ қойсын, басқа біреу болса да, «әйелімде жұмысың болмасын,» – деп айтуға намысың жетпеді ме? Құдай – ау, әйелің мен балаңды өзің қуып шығып жүрсең, өзгелерден кім қорғайды, кім сүйеу болады? Сол сәтте бізді қуып шығудың орнына оңбаған орысты бауыздай салсаң да, сені мұнша кінәламас едім ғой. Отбасыңды қорғағың келген ойыңды түсінер едім ғой», – дегенді айта алмады. Айтуға дәрмен бар ма?! Оны айтсам, «мен ғой жаман, бәрің маған жаусыңдар. Одан да қораға барып, дарға асыла салам» деген әкенің сөзін еститін болсам…

Көп құрбыларымның әкелері жасаған істерін көргенде, қатты қызығамын. Неге мен де солар секілді мақтана алмаймын деп. Тек кейбір жетім жүректерге қарап, әкемнің барына да шүкір деймін.

Бәріне арақты кінәлаймыз. Соның кесірінен қаншама отбасы жапа шегіп жатыр деп. Жооқ, олай емес. Арақті ішеді, қояды, ақыры түсінеді ғой жақсы емесін. Ең жаманы – махаббатсыз отбасын құру, сезімі жоқ әке мен ананың бір – біріне деген жеккөрінішін көріп өсу.

Иә, түсінемін, біз үшін, балаларың үшін бәріне шыдап, көніп жүрсіңдер. Бірақ сезімге берілгіш, бәрін жанына жақын қабылдап алатын мен ондай отбасында өскеніме өкпелеймін кейде.

Бірақ қандай болса да – әкем, қандай болса да – отбасым! Өздерің ит пен мысық сияқты болсаңдар да, бауырмал төрт баланы өсіріп жеткіздіңдер, аяққа тұрғыздыңдар. Бұл күні менің адам болып, ел қатарында жүргенім – сендердің арқаларың. Сол үшін басымды иемін.

Кейде әкем мен шешемнің басын қосып жылағым келетін – ді. «Әке, ана, сүймей қосылсаңыздар да, балаға тек махаббат пен мейірім төге біліңіздерші, бір – біріңізді шексіз сүйетін сыңай танытыңыздаршы. Шынайы емес екенін сезіп қоямыз бәрібір, бірақ тырысып жүргендеріңді көреміз ғой. Біздің жүрек елжірейді, мейірімге бөленеді ғой», – деп көз жасымды өзіммен өзім мұңдасқанда төгіп алатын – ем.

Қазір қалада жүргелі біраз жыл. Кейде ауылға сағыныш, әке – шешеме, отбасыма деген сағыныш жүректі кернеп тұрса да, бір суық сезім үйге аяғымды әзер бастырады. Анамның бір сәтке қуанышы үшін баратын – ем, бірақ, қалай тез барсам, солай тез қайтқым келетін – ді.

Бір күні кешкі уақытта жұмыс сапарымен Алматыда жүрген ем, үйдегі інім звондап жылап тұр. Аузы сөзге әрең келіп тұрған інім: «Әпке, әкемді сиыр теуіп, жағын сындырып кетті, мүлде сөйлей алмай қалды», – дегенде жүрегім тарсылдап кетті. Бала кезімде қаншама айқайын естіген кезде әкемнің мүлде сөйлемей қалуын аңсайтын ем, бірақ дәл осы сәтте әкеме звондап: «Әке, мен сені жақсы көремін», – деп телефонда еріксіз жылап жібердім. Сол сәтте ауылға барғым келді, бас салып құшақтап, «әке» деп айқайлағым келді. Телефонда тек әкемнің сөйлегісі келгенін сездім, ол мені амалсыздан үнсіз тыңдады…

Әке! Бәрібір де бөлек сезім, терең сүйіспеншілік, бір кескінді мінездің көрінісі.

Әкеге, анаға деген махаббат бөлек қой. Бірақ сүйіспеншілікке толы отбасыға деген сүйіспеншілік тіптен бөлек. Әр бала отбасының жылы лебін сезіп өссе екен, мейірімге бөленсе екен деп ойға шома берем. Бәлкім, осының бәрін отбасын құрарда ескеру керек те шығар, кім білсін?!

Сайлаубекқызы Гүлсезім

 

NO COMMENTS

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

Exit mobile version