Home Жаңалық УӘЛИХАН БИШІМБАЕВ: БІЛІМНІҢ САПАСЫН БІЛІКТІ ҰСТАЗ ҒАНА КӨТЕРЕДІ

УӘЛИХАН БИШІМБАЕВ: БІЛІМНІҢ САПАСЫН БІЛІКТІ ҰСТАЗ ҒАНА КӨТЕРЕДІ

0

Білім мен бала тәрбиесі қашанда алдыңғы орында тұратыны анық. Халқымызда «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген қанатты сөз де бар. «Терең білім – тәуелсіздігіміздің тірегі, ақыл-ой – азаттығымыздың алдаспаны» деді Елбасы. Осыған орай, біз де білім мен ғылым саласының мәселесін үнемі көтеріп жүрген ел ағаларымен сұхбаттасуды жөн санадық. Сонымен, бүгінгі қонағымыз – «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, техника ғылымдарының докторы, профессор Уәлихан Қозыкеұлы Бишімбаев.

– Уәлихан Қозыкеұлы, біз сіздің академик екеніңізді, Қазақстан Республикасының білім және ғылым саласында еңбек сіңіріп, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанғаныңызды және ордендермен марапатталғаныңызды жақсы білеміз. Сіз химия саласының белді маманысыз. Осы саланы таңдауыңызға не себеп болды?

– Соғыстан кейін, 1946 жылы дүниеге келдім. Ол бір елдегі жағдайдың ауыр кезі еді. Бала кезімде ауылда 100 үй болса, соның бір-екеуінде ғана телефон бар. Автокөлік жоқ. Теледидар деген атымен жоқ. Ал радиосы бар шаңырақ бір керемет жетілген үй болып саналатын. Кино айына бір рет келеді. Оны кешкісін мектептің алдына қояды. Жерге отырып қызықтайтынбыз. Мектепті 1963 жылы тәмәмдадым. Біз Кеңес дәуірінде тәрбиелендік. Сол кезде КСРО-ны басқарған Н.Хрущев: «Коммунизм – бұл Кеңес өкіметі, сонымен қоса, бүкіл елді электрлендіру және халық шаруашылығын химияландыру» деп ұрандады. Соған орай химияны дамытуға баса назар аударылды. Әрине, үгіт-насихат жұмыстары да жүргізілді. Шымкент қаласындағы Қазақ химия-технологиялық институтына оқуға түсіп, мамандық иесі болып шықтым. Оңтүстік Қазақстанда химия саласы қарқынды дамыды. Сол уақытта Жамбылда, Шымкентте жаңа зауыттар салына бастады. Мамандар ауадай қажет еді. Бастапқыдағы негізгі ойым дәрігерлік, хирург мамандығын армандағанмын. Ауылда атамның қолында тәрбиесін көріп, көп нәрсе үйрендім. Мал союдың тәсілдерін де үйреніп алған едім. Малдың өкпесі қай жерде, бауыры мен жүрегі қай жерде екенін өзімше зерттеп, ішкі құрылысынан хабарым болды. Алайда, бұйрық солай болған шығар, химия саласын терең зерттеуге бет бұрып кеттім. Ол үшін тағдырыма еш өкінбеймін. Себебі бізді жақсы оқытты, көп нәрсе үйретті. Мектептегі мұғалімдердің өздері кандидат, доктор болмаса да, өте жақсы оқытты деп айта аламын. Жасыратыны жоқ, ауылдан келген қазақ балалары институтта төменгі курста орыс тілінен шорқақ болды, көп қиналды. Бірақ тынбай еңбектенудің арқасында, тілді де меңгеріп, сабақ үлгірімін де жақсарта білді. Керемет, өте білімді мамандар болып шықты. Міне, осыдан кейін химия саласы бойынша еліме қызмет ету азаматтық борышым деп есептедім.

– Кеңес үкіметі кезінде білім алдыңыз. Сол кезде ғылыммен айналысып, ғалым деген атқа ие болдыңыз. Кешегі ғылым мен бүгінгі ғылымның айырмашылығы неде деп ойлайсыз?

– Қай кезде де ғылыми жұмыстың тақырыптары заманға сай өзекті болуы тиіс. Оның зерттеген еңбегі заманнан озық болуы қажет, сондай-ақ өндіріске кірігіп кетуге және оның бір саласын дамытуға жол ашуы керек.
Бізде әртүрлі жағдай кездеседі. Мысалы, кейде жетекшілерінің қорғап кеткен ғылыми жұмыстарының бір бөлігін алып, тақырыбын ауыстыра салатындар да болды. Не болса соны тақырып ретінде алып, ғылыми еңбекті жаза салуға болмайды. Мемлекеттің қаражатына оқыған соң, Отанына пайдасын тигізер еңбектер жазылса, құба-құп. Экономикаға қажетті болғаны абзал. Олардың қорғайтын жұмыстарына талапты күшейту керек. Химиядан жақсы жұмыстар бар деп айта аламын. Мысалы, осы тұрғыда Қазақ Ұлттық университеті, Қазақ-Британ университеті, техникалық университеттердің жұмыстарын атай алар едім. Бізде мүмкіндіктер бар. Ашылатын жаңалықтар да жетерлік. Газ-химия, мұнай-химия саласы қазіргі заманға сай көп еңбекті талап етеді. Сонымен қатар арнайы киімдер, мысалы, өрт сөндірушілерге, әскери адамдарға, отты температураға төтеп беретін маталардың құрамын зерттеп шығару да үлкен ғылымды талап етеді.

Оның үстіне, ғылым жолына түскен адамды «4-5 жылдан кейін нарықта біздің орнымыз қай жерде болады? Біздің деңгейіміз қандай болады?» деген сауал мазалауы тиіс. Көршілес елдерден білім және ғылым саласында озық тұруымыз қажет. Білім, ғылым, өндіріс тығыз байланыста болуы керек. Өйткені бізде бүкіл қажетті химиялық элементтер, мұнайдың да түр-түрі жетерлік. «(HILL) Corporation» деген май шығаратын зауыт бар. Олар қоспаларын шетелден әкеледі. Шымкентте бәрін араластырып шығарады, шығаратын ел Қазақстан болғанмен, қоспалары шетелдікі. Мұнай бізден шығатын болса да, қоспаларды шетелден әкелу оларға жеңілірек.
Өйткені олар дайын қоспаны алдыртады. Ал бізде оны өңдеу, зерттеу қажет, қаражатты көп жұмсауға тура келеді. Болон жүйесінде мынадай қағида бар: «Болон процесінің қағидаттары ұлттық тәжірибелері ескеріле отырып, әрбір елде енгізілуі тиіс, сонда ғана олар оң нәтиже береді». Біз өзіміздің білім жүйемізді сол Болон жүйесімен сәйкес-
тендірсек, одан ұтылмаймыз. Осы жүйені әр мемлекет өзіне бейімдесе, өзінің экономикасына жұмыс істетсе, дұрыс болады. Бізде қазір өндірісте ғалымдар дайындай алмаймыз. Яғни, ескі мен жаңа біріксе, жақсы нәтиже шығады. Бұрынғы тәжірибені ұмытуға болмайды. Мысалы, көп елдер осыны қолданады. Бразилия 200 миллион халқы бар, 39 патент алды. Оңтүстік Корея 50 миллион халқы бар, 1995 жылы 50 патентке қол жеткізді. Корея ғылымды жақсы дамытты, университетте де, ғылыми зерттеу институтында да және өндірістерінде де үлкен мән берді. Міне, кейінгі жылдары Бразилия 2011 жылы 362 патентке ие болса, Корея жылына 14 400-дей патентке ие болған екен. Салыстыруға бола ма? Қалай алға кетіп қалғанын көріңіз?! Сол сияқты кішкентай ғана Финляндия 5 жарым миллион халқы бар, 20 университеті бар, соның 23 мың Doctor PhD-і өндірісте жұмыс жасайды екен! Ал, ол елдің экономикасы жоғары. Біздің университеттерде ғалымдар жетпейді. Өндіріске есік ашуымыз қажет. Өндіріс пен ғылым тығыз байланыста болса, жетістігіміз анағұрлым арта түсері сөзсіз.

– Сіз: «Шикізаттың әр элементін пайдалану керек. Бір өндірістің қалдығы екінші өндіріске шикізат болуы керек. Шикізаттың тоқтаусыз айналымда жүргені дұрыс», – дедіңіз. Барды ұқсатып, осы шикізат айналымда жүру үшін не істеуіміз қажет деп ойлайсыз?

– Орынды сұрақ. Иә, бұл ғылыми түрде зерттеліп, қаралып барып іске асатын дүние. Ғылымның біздің экономиканың дамуына ықпалы өте жоғары. Ғылымсыз экономика дамымайтыны белгілі. Өзіміздің ғылым мықты болмай, ешнәрсе өнбейді. Әлемдік ғылымдағы жетістіктерді қайталамай, одан әрі дамытсақ дұрыс болар еді. Бұрын жасалғанды қайта қаражат шашып жасау бекер, тек соны дамыту абзал. Шетелден тәжірибені әкеліп, пайдалануымыз қажет. Елбасы осы туралы көп жерде айтты. Ана жолы Индустрия күні «Біздің кейбір шикізат қалдықтарын басқа елдер сатып алады. Біз соның құрамындағының бәрін алуымыз керек» деп айтқан еді. «Бұл пікір бекер айтылмаған шығар» деген сұрақ әр азаматты мазалау керек деп ойлаймын. Сондықтан бұл жерде ғалымдар көбірек уақытын ғылымға арнаса деген ойым бар.

– Сіз 20 жылдан аса жоғары оқу орындарын басқарып, ректор болдыңыз. Жалпы, студенттердің білім деңгейін сөз етсек…

– Мен 14 жыл үлкен оқу орны филиалының директоры болдым. 22 жыл ректор болдым. Инженермін және жас кезімде сол инженер саласына көңіл бөлуімізге өте көп мән беретін. Дұрыс есептей аламыз, сызуларды сауатты оқи аламыз, сызбаны сызып түсіру қолымыздан келеді. Технология мен құрал-жабдықтарды пайдалануды өте жақсы меңгердік. Бізде бұрын теория мен практика қатар жүрді. Сонымен қатар 1-2 жұмысшы мамандықтарын бірдей меңгеруіміз міндетті болатын. Бірінші курстан бастап химик-лаборант, жұмыскер-технолог, слесарь-жөндеуші мамандықтарын игердім. Міне, бір басымызда осыншама мамандық болды. Жасыратыны жоқ, қазіргі білім саласы теориялық жағына көбірек мән береді. Практикалық жағдайы ақсап жатады. Алған білімді қолдануға мүмкіндік болмай қалатыны бар. Елбасы айтқандай, қаржыны ұтымды пайдалануымыз керек. Бұның себебі студент мемлекет тарапынан грантта тегін білім алсын, немесе өз тарапынан ақылы түрде білім алсын, бәрібір кеткен шығын зая болмағаны дұрыс. Сондықтан қаржыға келген білімнің көзін таба білсек, болашақта ол елді дамытуға да ықпал етеді, өзіңді де биікке жетелейді. Бізді кезінде оқытқанда ұстаздарымыз: «Мақсатқа жету керек. Мақсатқа жетпеу мүмкін емес. Экономика атына заты сай үнемді болғаны дұрыс. Егер аз қаржымен мақсатыңа жетіп, сапасы сәйкес болса, саған – үлкен құрмет!» дейтін. Сондықтан студенттерге қай сала мамандары болмасын, практика жағынан бар жағдай жасалса деген ойдамын. Адам бәрін де тәжірибе арқылы үйренеді емес пе?!

– Елбасы «Қазақстан болашағы – бүгінгі ұстаз қолында» деді…

– Біз оқыған кезде мұғалім бәрін өз қолымен үйрететін. Қаражаттың жетіспеушілігі, компьютердің жоқтығы, көрнекі құралдардың болмағандығы ешқандай қол байлау болған емес. Жоқ нәрседен бар жасау, ол – ұстаздың біліктілігі мен еселі еңбегі. Ол кезде бір сыныпта 35-40 бала болатын. Әлі күнге дейін 1-2 сыныпта сабақ берген ұстаздарым есімде. Бірақ әрқайсымызға да көңіл бөлетін, уақыт табатын. Сабақты түсінбей қалған жағдайда, артынан бізді қалдырып түсіндіруші еді. Бір қызығы қалам жоқ. Сия сауыт әкеліп сонымен жазатынбыз. Таза, бүлдірмей жазу да еңбек еді. Кейіннен 6-7 сыныптарда қаламмен жаза бастағанбыз. Оның өзінде рұқсат бермейтін. Жоғары сыныптарда ғана жаздық. Сапалы білім беру ол уақытта керемет болып саналатын. Біз қазір мектепте сапалы білім беруге мән берсек, оқушылардың деңгейі анағұрлым арта түсері сөзсіз. Өйткені қазіргі заман балаларының ой-өрісі басқа. Кейде мұғалімдердің өздерін қайта тәрбиелеу керек пе деп те ойланамын. Біздің кезіміздегідей біліктілік жетіспейтіні шындық. Баламен дұрыс тіл табысып, өз ұсынысын дәлелдей алса, айтайын деген ойын бала санасына жеткізе білсе, нұр үстіне нұр болары анық. «Әр бала жұлдыз, жарқырауына көмектес» деген жақсы бір қанатты сөз бар. Қазір үлкен адамды да тәрбиелеу артық емес. Қашанда әр балаға жеке көзқарас керек!

– Мүмкін бітпейтін тексеріс, қағаз-бастылық, аз жалақыға пәтер жалдап тұру және басқа да әлеуметтік проблемалар ұстаздарымызды қажытып жіберген шығар? Қалай ойлайсыз?

– Әрине, әлеуметтік проблемалар бар, жетерлік. Бірақ талапты төмендетуге болмайды.

– Жасыратыны жоқ, теледидардан күндіз-түні шетелдік «қорқынышты» немесе санамызға жат мультфильмдер болып жатады. Соның бәрі баланың сана-сезіміне теріс әсер етуде. Бүгінгі бала – ертеңгі азамат, олар қатыгез, тасжүрек болады-ау деген ой мазаламай ма?

– Мен әуелі отандық «Балапан» телеарнасын тілге тиек еткім келеді. Бұл өте жақсы ұйымдастырылған жоба десем, артық айтқаным болмас. Бірақ көрсетілімдерінің сапасын әлі де көтеру керек. Балалардың ой-өрісін дамытуға бағытталған қызықты дүниелер көбірек болса екен деймін. Бізде кейде бір жолға түсіп алады да, содан кейде шыға алмай қалады. Бір деңгейден аспайды. Балалар көреді де, содан соң басқа «Nickelodeon», «Cartoon Network» сияқты арналарға бет бұрады. Ол жерде басқа ұғым, басқа дәстүр бар, арасында қатыгездік пен оғаш қылықтар да көрсетіледі. Мүмкін дұрысы да болар. Бірақ басым көпшілігі қатыгездік. Оның үстіне олар орыс тілінде. Біз ұлт боламыз десек, балалардың өздері тәлім-тәрбие алып жүрген үйдегі «көкжәшігімізді» ретке келтіруіміз қажет. Әсіресе, балаларға арналған бағдарламаларға баса мән бергеніміз жөн. Алысқа бармай-ақ қояйын, өз немерелерімнен байқайтыным, жоғарыда мен атап өткен арналарды ауыстырып көреді. Сапасы сын көтермей тұр. Өзі мынадай жазылмаған заң бар: «Әрбір 20-30 жылда туылған ұрпақтардың санасына өзіне берілген, құйылған сезіммен дүниеге келеді» деген. Биологиясына, санасына өзінің қалпы әлдеқашан беріліп қойған адамдар туылады. Сондықтан осы ұрпағымыздың санасын дамытатын, ұлттық қадір-қасиеттерімізді бойына сіңіретін дүниелерді шығаруға ерекше мән берсек, ұтарымыз көп болады.

– Сізді қоғамдағы қандай мәселе толғандырады? Қолыңызда сиқырлы таяғыңыз болса, ең алдымен не нәрсені дереу жөндер едіңіз?

– Білімнің сапасына басты мән берер едім. Жоғары оқу орындарындағы оқытушылар құрамының сапасына көңіл бөлер едім. Ғалымдар дәріс беруі керек. Шетелде мектептерде тек магистр мамандар ғана сабақ береді. Бүгінгі жағдайда мемлекетке әлі ғалымдар жетіспейді. Тап қазіргідей жағдай бола берсе, шынайы ғалымдар азая бермек. Қазір Аллаға шүкір, қаншама мектеп салынуда? Елімізде бар жағдай жасалып жатыр. Елбасының тапсырмасымен «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында көптеген мектеп пен аурухана салынды. Одан басқа қаншама мектептер есік ашты. Бізде жасалып жатқан жағдай басқа бірде бір мемлекетте жасалып жатқан жоқ. Білімнің сапасын білікті ұстаз ғана көтереді. Басты назарымыз мұғалімнің біліктілігінде, олардың мәртебесі болса, дұрыс болар еді.

– «Білімді ел» оқырмандарына айтар тілегіңіз?
 
– Балаға бірінші сыныптан бастап білім беру мен еңбек етуді үйретуіміз керек. Білім мен еңбек қатар жүрсе ғана, жас ұрпақ тәлімді, тәрбиелі, білікті маман болып өседі. Баланың өмірде қандай іске қабілеті, талабы мен дарыны қандай екенін ерте бастан анықтай біліп, соған баса көңіл бөлуіміз керек. Баланың санасына «Менің қолымнан не келеді? Мен не істей аламын?» деген сұрақты сіңіре білуіміз керек. Жай ғана мысал келтірейін, Кореяда 3-сыныптың баласы сағыз шайнайды. Сағыз тісіне жабысып қалады. Бір уақытта жаңғақты шағып жей бастайды. Сонда байқайды жаңғақ жесе, жабысқан сағыз жоқ болып кетеді. Сөйтсе, жаңғақтың құрамындағы май сағызды ерітіп жібереді екен. Міне, олар соған патент алып, тістегі сағызды тазалайтын бір жаңалықты ойлап табады. Пайдалы іске, кәсіпкерлікке, еңбекке және тек адам баласына пайда әкелетін жұмыстарға баланы баули білсек деген ойым бар. Еңбектеріңіз жана берсін!
 
– Алтын уақытыңызды бөліп, ой бөліскеніңіз үшін рахмет!

Сәния СҮЛЕЙМЕН,
Астана қаласы

bilimdinews.kz

NO COMMENTS

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

Exit mobile version