Home Ұстаз үні Утебаева Несипкул. Тәрбие деген тәңір бар

Утебаева Несипкул. Тәрбие деген тәңір бар

0
Утебаева Несипкул. Тәрбие деген тәңір бар

« Тек қана ата-аналармен бірге, жалпы күш жігерді   біріктіру         арқасында   мұғалімдер балаларға үлкен адамдық бағыт беруі мүмкін.»

                                                                                                                                             В.А.Сухомлинский

Қазақстан Республикасы Ата заңының 27-бап,2-тармағында «Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу – ата-ананың табиғи құқығы, әрі парызы» делінген. Демек ата-ана балаларына жақсы тәрбие беруде қоғам алдында жауапты.

«Ата-анадан өсіп ұрпақ тараған,

Жақсы-жаман болса, бала солардан», – деп Жүсіп Баласағұн айтқандай, ата-аналар балаларын  тәрбиелеп, бағыт-бағдар берудің маңызы зор. Отбасының негізі баланы өмірге келтіру ғана емес, оған мәдени -әлеуметтік ортаның құндылығын қабылдату,ұрпақтың, ата-бабалардың ұлылардың ақыл- кеңес  тәжірибесін бойына сіңіру,қоршаған орта, адамзатқа, өз қоғамына пайдалы етіп тәрбиелеу болып табылады. Жоғарыдағы  В.А.Сухомлинскийдің  даналық сөзіне сүйенсек, мұғалімдер балаларға үлкен адамдық бағыт беруі үшін тек ата-анамен бірігіп жұмыс істеу керек екенін ескерткен. Сондықтан, ата-аналар «балаларының тамағының тоқтығы мен көңілінің көктігіне қарайтын, тек асыраушысы» рөлінен шығып, ендігі жерде, мұғалімдермен ынтымақтаса отырып, балаларының тәрбие-білім алу жолындағы нағыз серіктесі болулары қажет.

Бүгінгі таңда  бала тәрбиесі – тәрбие саласының ең өзектісі болып отыр. Ащы да болса шындық. Жасөспірімдердің арасындағы қылмыстың өршуіне не себеп?

Кейбір бала жағымсыз мінезді періште бойына қайдан қондырды? Ал, олай болса неге осы сұмдықтардың тамырына үңілмейміз? Қазір тәлім-тәрбие төңірегінде әңгіме айтыла қалса, қоршаған орта мен теледидарды, компьютерді айтып, тіпті, баласының бойындағы кемшілікті мектеп пен мұғалімнен іздейтін де ата-аналар кездеседі. Сол балалардың теледидардан көргендерін қабылдайтын, мұғалімге еліктейтін кезеңге дейінгі тәрбиесіне жауаптыны қайдан іздейміз? Ал, қазір көп отбасы жұмыс басты болғандықтан, бала тәрбиесін шегелеп мектепке тапсырды. Енді қайтсін. Күнкөріс қажет. Таңалакеуімнен кеткеннен қас қарая үйіне оралады. Шаршап-шалдығып келген адамның тәлім-тәрбиемен айналысуына уақыты да құлқы да бола бермес.

4-5 сағат мектепте уақытын өткізіп келген бала тәуліктің қалған бөлігінде немен айналысады? Еркі өзінде болған баланың тәлім-тәрбиешісі теледидар, одан қала берсе шетелдің мән-мағынасы жоқ, ми шайқап, жүйке тоздырудан басқа пайдасы жоқ музыкасы. Одан қалса, санасын санға  бөлер компьютердегі автоматты ойындар… Бүгінгі көп баланың (әрине, бәрі емес) бар ермегі осы. Осы орайда, бір оқиға еске түсті. Осыдан екі жылдай бұрын біздің жергілікті «Тұран-Түркістан» телеарнасынан кәмелетке толмаған жасөспірімдердің түн мезгіліндегі компьютер орнатылған орындарда ойнап отырғандарын көрсетті (ішкі істер бөлімінің рейді болу керек, шамасы, қателессем кешірім сұраймын). Ойынқұмар балалардан интервью алғандағы сұрақтары мынадай: «Аты-жөнің кім? Қай мектептенсің? Директорыңның аты кім? Сынып жетекшіңнің аты кім?» Сонда түнгі мезгілдегі оқиғаға бұлардың қатысы нешік? Ата-анасы қайда қарап отыр? Неге оқушының тұратын мекен жайын, Ата-анасының есімдерін, аты-тегін сұрамасқа? Сонда бір қынжылғаным бар. Тәрбиеге кінәліні, жауаптыны іздеп әлекпіз. Төңіректен түңілген сәттерде қолымызға алып жүгінетін Абайдың 10-шы қара сөзінде бала тәрбиесі туралы айтылады. Сол10-шы сөзде «Баланың жақсысы-қызық, жаманы- күйік» делінген. Ұлы ғұлама ақын баланы тәрбиелеуде отбасы тәрбиесіне,ата-ананың жауапкершілігіне ерекше мән берді. Сонымен қатар Абай атамыз жастарды тәрбиелеуде ұстаздың да алатын орны ерекше екенін атап көрсетті. Адамның тәрбиесінің жақсы болуын, жақсы ата-ана,жақсы құрбы, жақсы ұстаздан деп түсіндірген. Яғни, адам тәрбиесіне тек отбасы ғана емес, сонымен бірге өскен ортасының, мектептің де бірдей жауапты екені, олардың бірлесіп қызмет атқаруға тиіс екенін көреміз. Бала тәрбиесі М.Жұмабаевтың айтуынша, сонша жеңіл нәрсе емес, бала тәрбиесі ауыр өнер, жеке бір ғылыми иесі болуды тілейтін өнер. Балаға дұрыс тәрбиені әрбір мұғалім, ата-ана тәрбие жолын ешкімнен үйренбей-ақ, еш тәрбиені оқып білмей-ақ өз бетімен бере алмайтынын М.Жұмабаев дәлелдеген.

Ата-бабаларымыз бала тәрбиесіне құрғақ ақылдан гөрі үлгі-өнеге арқылы ықпал етудің жұғымды екенін және балаға жора-жолдастарының, құрбы-құрдастарының әсері мол екенін айтқан. Ата-бабаларымыз бала тәрбиесіне ерекше назар аударып «Баланы жетіге келгенше тыйма, 14-ке келгенше құлыңша қина, 14-тен кейін құрдасыңдай сыйла» деп, баланың ой-өрісі даму кезеңін ерекше бағалаған. Ата-бабаларымыз жазу-сызуды білмеген кездің өзінде де бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, адам құқығын қорғауды назарда берік ұстаған. Мысалы, «Қасымханның қасқа жолы», «Есімханның ескі жолы», Әз Тәукенің «Жеті жарғысы» сияқты көрнекті заңдардың өзі қағазға түспеген. Ата заңды аттағандарды ауыл –аймақтың билері төрелік айтып жазалаған. Аузы дуалы қариялар тентек-содырларын тезге салып отырған. Қазіргі кезде мұны – қоғам деп айтсақ болады. Демек, қоғам жауаптыны, кінәліні (ата-ана, мектеп) іздеп, сырт көз-сыншы болып отырмау қажет. Тәрбиеге өздері де жауапты екендерін ескеріп, міндетті түрде оңтайлы жол іздеу қажет. Жасөспірімдердің арасындағы қылмыстың алдын алу үшін бірігуіміз қажет. Менің ұсынысым: «Отбасы, Мектеп, Қоғам» (бұрын «отбасы, оқушы, мектеп» дейтінбіз) – бірігуші күштер болып табылады. Үш одақ: отбасы құндылығынан, мектеп құндылығынан, қоғам құндылығынан тұрады. Осы орайда, А.Байтұрсыновтың «Аққу, шортан һәм шаян» деген мысал өлеңі еске түседі. Оқиға желісінде арбаны  біреуі көкке, екіншісі теңізге, үшіншісі құрлыққа сүйремей ме?! Сол айтқандай, тәрбиеге байланысты айтыс-тартысты қойып, бір-бірімізді табаламай, ынтымақтаса іске кірісуіміз қажет. Отбасы, Мектеп, Қоғам – бір-біріне борышты және жауапты. Осы орайда баршаңызға ой тастап, пікір алмасуға шақырамын.

Біз «Тәрбие деген тәңір бар» екенін ешуақытта естен шығармауымыз керек.

Несипкул Мейманханқызы Утебаева,

Түркістан қаласы, Некрасов атындағы

№9 мектеп-гимназияның мұғалімі

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here