Home Ұстаз үні Білім ордасындағы безендірудің екі түрі туралы

Білім ордасындағы безендірудің екі түрі туралы

1
Білім ордасындағы безендірудің екі түрі туралы

Мен безендірудің екі түрі бар деп есептеймін: жанды және жансыз.
Жансыз безендіру дегеніміз сыныпта немесе дәліздер мен коридорларда ілулі тұрған сәнді әрі тұрақты стендтер, көрнекіліктер, суреттер, баннерлер.
Олар өте әдемі, көздің жауын алады. Алғаш оларды ілгенде оқушылардың жапа-тармағай қаумалап қоршап алып, оларды тамашалағаны, зерттегені есімізде болар. Алайда күндер өте бұл стендтер мен көрнекіліктер үйреншікті заттарға айналады емес пе?

Психологияда «түйсінудің/қабылдаудың автоматизмі» деген ұғым бар: қандай да болмасын зат, нәрсе, құбылыс, ұғым алғашқы кезде біздің назарымызды аулайды, біз оларды тамашалаймыз, қызық көреміз, зерттейміз, талдаймыз, бүге-шігесіне дейін үңілеміз; алайда олар уақыт өте біз үшін үйреншікті болып кетеді – біз енді оларды «автоматты» түрде қабылдаймыз, назарымызды тоқтатпаймыз, зер салмаймыз, тіпті елемейміз де…

Дәл сол секілді күні кеше ілінген көрнекіліктерге біраздан соң оқушылардың көздері үйреніп, олар да әдеттегі үйреншікті нәрселерге айналады: оқушылар енді олар жаққа қараса да, оларды көрмейді, назарына ілмейді. Тіпті «Зат есім» атты стендтің алдында отырған оқушыға зат есім туралы сұрақ қойсақ та, ол жауап бергенде артында тұрған стендке қарамайды да, өйткені бұл стенд көзге үйреншікті болып кеткен, оқушы үшін ол аты да, заты жоқ жай ғана безендірудің біріне айналған…
Бұл безендірулер қабырғаларда не үшін ілулі тұр, егерде оларды ешкім оқымаса, олар ешкімге де қажет болмаса? Анда-санда мектепке тексеру келгенде «Безендіруі жоқ!» деп айтпасын!» деген мақсатта ма? Мұғалімдер мұндай стендтер мен баннерлерге қаншама қаражатын жұмсайды десеңізші!
Мұндай «ұзақ мерзімді» көрнекіліктерді «жансыз безендіру» деп айтуға тұрарлық емес пе?..

Ал «жанды безендіру» деген не дейсіздер ме?..
Мен жанды безендірулер қатарына оқушылар мен ұстаздардың жұмыстарын жатқызамын. Әр сыныптың қабырғаларында оқушылардың жазба, сызба және сурет жұмыстары жыпырлап, самсып тұруы қажет деп есептеймін. Олардың әр сабақта жазған жеке жұмыстары (шығармалары мен эсселері, кестелері мен диаграммалары, схемалары мен графиктері, суреттері мен жобалары, стикерлері), топ жұмысының нәтижесі (постерлер) алдымен қабырғаға ілінуі керек. Олардың ішінде мұғалімнің де жазған/салған жұмыстары болуы керек, өйткені біз кез келген жұмысқа мұрындық болып, балаларға үлгі-өнеге көрсетіп, өздеріміздің де өзіміз берген тапсырмаларды орындағанымыз дұрыс..

Мұндайда әсіресе фоторепортаждардың алатын орны ерекше. Кез келген сабақтың немесе іс-шараның іс барысын фотоға түсіріп, ізін суытпай фотоларды дайындап, плакатқа желімдеп, астына комментарий жазып, сабақ немесе іс-шара соңында сынып не коридор қабырғасына іліп қойса – бұл әрекет оқушылардың қызығушылығын арттыруы әбден мүмкін емес пе?!.
Фотосуреттерді де жиі қолданған орынды. Неліктен мектепте бір үлкен қабырғаға барлық (барлық!) оқушылардың кішкене фотосуреттерін желімдеп қоймасқа? Ал қарама-қарсы қабырғаға барлық мұғалімдердің фотолары ілінсе! Мұнда тек бір ғана талап қоюға болады: фотоларда тек күліп түсу керек! Бұл жұмысты ұйымдастырып, жасауды оқушылардың өздеріне де табыстауға болады.
Қабырғаға ең үздіктердің де үлкен фотоларын ілуге болады. «Аптаның (айдың, тоқсанның, оқу жылының) үздік оқушысы (немесе мұғалімі)» фотосының астында қысқаша өмірбаяны және ол туралы қызықты деректер келтірілсе: арманы қандай, не жасауды ұнататындығы, қандай қауіптері барын, сүйікті пәндері, мұғалімдері (оқушылары), тағамдары, ақын-жазушылары, әншілері, әндері, т.б.

Барлық дерлік оқушылардың қабырғада ілулі тұрған мұндай жұмыстарға деген ынтасы мен қызығушылығы пайда болатын шығар: «Менің жұмысым басқалармен салыстырғанда қалай шықты екен? Салыстыру керек!», «Гүлжаһан не жазды екен? Үзіліс кезінде оқып көрейінші!», «Жомарт әдетте тың ойлар келтіруші еді. Осы жолы не жазды екен?!.» Үзіліс кезінде олардың жапа-тармағай сыныптан шығып кетпей, өз жолдастарының жұмыстарымен танысып, оларды оқып, бағалап, өз жұмыстарымен салыстыруы әбден ықтимал емес пе?..
Оқушылардың жұмыстарын сынып қабырғаларына және коридорға іліп қою оқушылардың өз жұмыстарына деген жауапкершіліктерін көтеріп, таным процесін жалғастыра түседі: оқушылар бір-бірінің жазбаларын оқиды, оларды талқылайды, өз жұмыстарымен салыстырады, сол арқылы үйренген үстіне үйрене түседі.

Бұл дегеніңіз, таным процесі жалғасуда деген сөз, оқушылар үйренуін қоңыраумен бірге тоқтатпайды деген сөз… Мұнда мұғалімнің оларға тіпті түрлі-түсті стикерлерді таратып беріп, бір-бірінің жұмыстарына «жұлдыздар» мен ұсыныстар жазып, дәл сол жұмысқа желімдеп іліп қоюды сұрағандығы да орынды. Бұл тәсілді «Сыни ойлауды оқу мен жазу арқылы дамыту» жобасында «Галереяны шарлау» деп атайды. Алайда оның төркіні Жан Пиаженің «шеберханаларына» барып тіреледі.
Әрине, мұндай пікірлердің тек жағымды тұрғыдан болуы керек екендігін оқушылардың барлығы да біледі: олар бір-бірінің жұмыстарын жоғары тұрғыдан бағалайды, оң баға береді, мақтайды, сәтті шыққан жерлеріне назар аударады, ал ұсыныстар жұмысты қалай жақсартуға болатындығы тұрғысынан болады. Мұнда сұрақтар да қойған орынды: егерде бір нәрсе жақпайтын, я болмаса ұнамайтын болса, онда оқушылар авторға (жұмыс иесіне) тек сұрақтар ғана қояды: «Неліктен былай болды? Неліктен осылай ойлайсың? Неліктен осылай жасадың/жаздың?»

Барлық жұмыстар қабырғада бірнеше күн ілулі тұрып, шетінен жаңартылады. Ал егерде мұғалім оқушылардың жұмыстарын тексеріп, оларға баға қойғысы келсе, өзіне қажетті жұмыстарды қабырғадан алады.
Осы мәселе туралы мұғалімдерге айтқанда, олардың кейбіреулері «Біз қабырғаны бұзбаймыз ба?» деп қарсылық білдіреді. Егерде сынып бөлмесінде оқушылардың жұмыстарын ілу мүмкіншілігі болмаса (мәселен, сыныпта шұғыл жөндеу өткізілген: скотч қабырғаның левкасын бүлдіреді), онда сыныптың периметрі бойынша (немесе тек ұзындығы бойынша) қабырғаға тақау жіп іліп қою керек. Оқушылардың жұмыстарын осы жіпке ілсе де болады, сонда біз қабырғаға еш нұқсан келтірмейміз…
Мектеп дәліздерін де оқушылар мен мұғалімдердің жұмыстарымен безендіріп қоюға болады. Егерде әр дәліздің (коридордың) қабырғалары осындай жұмыстардан көрінбейтін болса, жақсы емес пе? Бәрі де оқысын, бәрі де тамашаласын, бәрі де үйренсін (әсіресе төменгі сынып оқушылары жоғары сынып оқушыларының жұмыстарынан)!.. Төменгі сынып оқушылары өз ағалары мен әпкелерінің не және қалай жасайтынын білсін, соларға еліктесін!

Неліктен біз мұндай жұмыстардан қашқақтауымыз керек? Оқушылар мұнда бір әбестік немесе сабақтарға қатысы жоқ нәрселерді жазып жатқан жоқ қой! Бәрі де орта мектеп бағдарламасы тұрғысынан, бәрі де үйрену ауқымында емес пе?!.
Мұндай жұмыстар сабақтың өту барысының дәлелі емес пе?! Мәселен, мектеп басшылары сабаққа қандай да бір себептермен қатыса алмай, алайда оның қалай өткендігін білгісі келсе – сабақ нәтижелерін қабырғадан да көруіне болады. Мұнда бір оқушы тіпті комментатор болып, жұмыстарды талдап, сабақтың қалай өткендігі туралы әңгімелеп беруі де ықтимал.

Бұнымен қатар қабырғаға ілуді оқушыларды ынталандыру үшін де қолдануға болады. Мысалы, эссе жазу алдында оқушыларға «Балалар, ең жақсы 3 жұмысты мен мұғалімдер бөлмесіне іліп қоямын!» немесе «Ең жақсы құрастырылған есеп директордың кабинетіне рамкаға салып, іліп қоямыз!» десе, оқушылардың қызығушылықтары артуы мүмкін шығар?!.
Қалай ойлайсыздар?…

Әлімов Асхат. «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы Алматы қалалық филиалының аға менеджері, филология ғылымдарының кандидаты, доцент.

1 COMMENT

  1. Асеке бұл өте орынды деңгейлік курс барысында өзімізде үзілістен ерте келіп басқа топтардын жасаған постерлерін көріп идея алып, олардан да керемет пос тер жасауға тырысатынбыз, кейбір кезде басқа аудиторияға барып олардың постерлерін тамашалайтыңбыз

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here