Home Ұлт діңі Бастық болу – әрбір қазақтың арманы ма?

Бастық болу – әрбір қазақтың арманы ма?

2

Кішкене балалардың сүйіп тамашалайтын «Балапан» телеарнасы жарнамаларының бірінде Айбек есімді ұл бала ылғи да «Бастық болғым келеді!» деп өз арманы туралы жар салады емес пе? Бірақ ол неліктен және не үшін бастық болғысы келетіндігін айтпайды… Бұл жасына жетпей бұзылған бала ма, әлде бастық болудың тауқыметін білмейтін бала ма?…
Тоғышар көзқарас бойынша, бастық болу – рахат нәрсе! Орынтақта отырып, елді басқара бер, қол астыңдағылардың барлығы да саған жалтақ-жалтақ қарап, сенің әр сөзіңді бағады, алдыңа және аузыңа бәрін де тосады деп ойлаймыз. Осындай билік (әсіресе шектеусіз билік) адамды масаттандырады емес пе? Елді басқарғандардың қаншасының көзін шел басып кеткен! Олар эгоцентристік тұрғыдан билікте тек өзін ғана көріп, басқалардың барлығы да тек өзінің айтқанын орындау үшін жаратылған деген түсінік ұстанады, соған әбден сеніп кеткен: «Ақ» дегенім – алғыс, «қара» дегенім – қарғыс!»…
Алайда бастық болу елді өз жігеріңе бағындырып, айтқаныңды екі етпей мойындату ғана емес. Елді басқарудың екінші жағы да бар… 
Сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (СҒС) көптеген хадистерде бастық болудың рухани, моральдік-этикалық тұрғыдағы қиындықтары, адамдар мен қоғам алдындағы жоғарғы жауапкершілігі туралы керемет терең ойларын айтып кеткен екен. 
Мынандай хадистердің мағынасына үңіліп көрейік:
«Дін үшін үш қасірет бар:
— күнаһар дін иесі,
— әділетсіз басшы,
— бөспе надан».
«Алла алдында мақтанарлық күрес түрі – баскесер басшылар мен қысым жасаушыларға қарата айтылған ақиқат».
«О, кішкентай Макдам! Егер сен ажал сәтінде қазы, жазушы немесе басшы болмағаныңда қасірет атаулыдан арылған болар едің!»
«О, Алла! Кімде-кім менің қауымымда басшы бола жүріп, адамдарға ауыртпалылығын түсірсе, — оның өзіне де ауыртпалық сал! Егер осынау басшылар елге жеңілдік тудырса, оларға да жеңілдік жаса!»
«Арылғыңыз келсе, мен Сізге басшылық туралы айтайын… Басшы болу деген не? Оның бастауы – ескертпелер, екіншісі – күйзеліс, үшіншісі – ақырет күні жазалы болу».
«Ақылы бар адам халыққа қызмет жасаудан сақтанады; ол аспан тұңғиығын мекендеген жұлдыздар сияқты биіктен құлап түскенді артық санайды».
«Кімде-кім көпшілікке қызмет жасай жүріп өз ісін әділ атқармаса, Алла Тағала оны басын қаратып тозаққа жібереді».
«Оннан көп адамнан тұратын қауымға жетекші болған адам ақырет күні Алланың алдына екі қолы желкесіне қайырыла байланған күйде әкелінеді. Тек өз өмірінде жасаған рақымды істері ғана оның қолдарын босата алады. Басшылық – ең алдымен жекіру, одан соң — өкіну, ал ақырет күні –үлкен қайғы»…
Даналық деген осы болар!.. 
Бастық болсаңыз, жақтырмаушылыққа дайын болыңыз: қаншама керемет бастық болмасаңыз да, Сізді жақтырмаушылар мен көре алмаушылардың саны көбейе түседі, «Жақсы бастық – орнынан түскен бастық» деген қағиданы ұстанушылардың да саны қаншама!..
Бастық деген балға мен төстің арасындағы жан емес пе? Мұнда балға дегеніміз жоғарыдағы бастықтар, ал төс – халық, қол астындағылар. Екеуіне де жағу – қиынның қияметі, ал екеуіне де бірдей жағу – тіпті де мүмкін емес шаруа… 
Бәріміз бастық болсақ – жұмысты кім жасайды? Бастық болудан гөрі өз ісіңнің шебері болған асыл емес пе? Мен талай бастықты көрдім шебердің алдында мәймөңкелеп жірген. Менің ойымша, шебер бастықтан анағұрлым жоғары тұр…
Осыдан кейін өзіңіз шешіңіз: бастық болғыңыз келе ме?

Әлімов Асхат. «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы Алматы қалалық филиалының аға менеджері, филология ғылымдарының кандидаты, доцент.

2 COMMENTS

  1. Басшы болу жауапкершілікті талап етеді. Басшы болуды адам көп нәрсені жете түсінбегендіктен армандайды деп ойлаймын. Бір жас жігіт, бұрын әскерде болған, келісім шартпен әскер қатарына жұмысқа кірді. Оған басында айтыпты, начальник мастерской боласың деп. Яғни шеберхананың бастығы. Ол соны бір ұжымының басшысы болам деп ойлапты. Шындығында ол взвод, ротадағы бір бөлімше командирінің деңгейіндегі қызмет. Кейде ешкімге де бастық емес. Соны біліп ана жігіт әскерден кетіп қалған. Басшы болғасы келген адам сол азда болса міндетті жақсы аатқарса ары қарай өседі.

  2. Бассыз дене бола ма? Сол сыяқты басшысыз ұжым болмайды. Ұжымды бір мақсатқа жұмылдырып, алға қарай бастайтын басшы. Өкінішке қарай қазір басшылар туралы теріс пікір қалыптаса бастаған сыяқты. Өз басым 7 жылдан аса мектепті басқарып келемін. Ауыртпалығы өте көп жұмыс. Мұғалім тек сабақ беру жайын ойласа, басшы материалдық теxникалық жағдайдан бастап бәріне жауап береді. Мектеп басшысы бірінші кезекте шебер мұғалім болуы керек. Өйткені өзгелерге үлгі көрсетуің қажет. Өзің дұрыс сабақ бере алмасаң басқалардың сабағына қалай қатыса аласың. Бұл жоғарыдағы сұраққа жауабым, адам бірінші шебер болуы керек, шеберден өсіп басшы болып жатса оның қандай айыбы бар. Басшы болу жаман, оған ұмтылмау қажет дегенге өз басым келіспеймін. Сонда ел басқарар адамдар қайдан шығады? Ел басқаратын адамдар өзінен өзі пайда болмайтын шығар. Ол адамдардың көтеріп жүрген жүктері жеңіл емес. Ал парақорлық жағы басқа мәселе. Бұл материал басшылардың бәрі парақор, сондықтан басшы болуға ұмтылмау қажет деген жаңсақ пікір қалыптастыратын сыяқты.

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

Exit mobile version