-28 C
Нур-Султан
24.01.2021

Әлімов Асхат. үйрену һәм үйрету

басы бар…

Әлеуметтiк тәжiрибе арқылы үйрену/үйрету

Оқытуда тағы да бір мәселеге ерекше назар аудару керек: шәкірттің әлеуметтiк тәжiрибесiн арттыру. Басқаша сөзбен айтқанда, оқу процесiнде әлеуметтiк мазмұн басым болуы қажет.
Әр сабақта үйренуші оқытудың басқа да қатысушыларымен араласып (шәкірттер мен ұстаздар), коммуникативтiк қарым-қатынас процесiнiң белсендi мүшесiне айналады. Мұндай қарым-қатынаста әрбiр шәкірттің өзiндiк өмiр тәжiрибесiнiң алатын орны ерекше. Сол себепті оқу мазмұны қандай да бiр абстракциялы тақырыпқа иек артпай, оқушылардiң өмiр тәжiрибесiне негiзделсе, оқу процесі оқушы тарапынан қызығушылық пен ықылас туғызатындығы сөзсiз.

Білім деген тек дағды мен білік қана емес, сонымен бірге адами қасиет екендігін ізгілікке зәру ХХ ғасыр кеш түсінді. Біз — адамбыз және де күніміз тек қана адамдармен болмақ, демек білімнің басты мазмұны — адамгершілік қасиеттерге баулу болып табылатын шығар? Кезінде Абайдың да басты өмірлік қағидасы «Адам бол!» емес пе еді? Адами қасиет болмаса, қалғанның бәрі де бос, даурықпа сөз. Адамның ең басты қасиеті – иман, адамгершілік!

Дүниеде барлығы да адам үшін, оның игілігі үшін жасалуы шарт, яғни адамның қолымен немесе адамның арқасында белгілі бір мақсатқа жетуге тырысу — адамгершілікке жатпайды. Біз бар ұмтылысымызды адамдарға, яғни қоғам игілігіне бағыштауымыз керек: өміріміздің ең басты қағидасы – басқалар үшін өмір сүру болмай ма?! Олай болса, оқытуда да барлық әрекетті осы идеямен байланыстырып, оның төңірегіне шоғырландырған абзал.

Бүгінгі күні педагогикада білім алу мен қоғам мүдделері тығыз қарым-қатынаста қабылданады. Мұндай көзқарас бойынша қандай да болмасын білім қоғамда өмір сүріп, әлеуметтік проблемаларды шешумен тығыз байланыста болуы керек. Бұл ұстанымның екі атауы бар: оның бірі — «Сыни сауаттылықты дамыту», ал екіншісі — «Қоғамға қызмет жасау негізінде білім беру». Бұл екі атау да мазмұн жағынан бір-біріне ұқсас, бірін-бірі толықтырады, бір-бірінің дамуы мен жалғасы болып табылады, сол себепті де оларды бір ұғымды білдіретін терминдер деп түсінген дұрыс.

«Сыни сауаттылық» ұғымының пайда болуы бразилиялық педагог Паулу Фрейренің есімімен байланыстырылады. Мамандығы бойынша заңгер болғанына қарамастан, П.Фрейре Сан-Паулу қаласында әлеуметтік төменгі сатыда тұрған қала кедейлерінің сауатын ашу жұмысын өз өмірінің басты мақсаты ретінде санаған: аш-жалаңаш, қайыр сұраған дәрежедегі адамдарды осындай тағдыр шырмауынан, қоғамның жаншуынан азат ету үшін ең бірінші мезетте олардың сауатын ашу керек болды.

Әрине бұл сауаттылық біздің санамызға әбден сіңіп кеткен хат танып, жазу-оқу-санаққа үйрету ғана емес, сонымен бірге өмір жерге тұқыртқан осындай адамдардың құлдық, ырықсыздыққа үйреншікті, кім болса соған тәуелді болып кеткен санасын өзгерту еді. Бұл адамдарды тіпті сөйлеуге де үйретіп, сөздің өзіңнің қандай да болмасын мұң-мұқтаждарың мен мүдделеріңді басқаларға жеткізудің құралы екендігіне көздерін жеткізу керек еді.

Мұндай адамдарды үйреткенде, оларға білімді абстрактылы түрде таныстырған тиімсіз еді: бұл білімді олардың түсіне қоюы екіталай. Сол себептен де Паулу Фрейре нақты мәселелер мен өмір туындатқан күнделікті проблемаларды мысал түрінде келтіріп, олардың нақты шешу жолдарын қарастырған жөн деген байламға келген. Бұл жердегі ең басты мәселе осы адамдардың өздері әлеуметтік сатының ең төменгі баспалдағында тұрғандығын мойындап, оның себептерін анықтап, тығырықтан шығатын жолдарды іздестіру еді. Басқаша сөзбен айтқанда, өз болмысы туралы ой-толғаныс, рефлексиялық көзқарас пен нақты проблемаларды шешу, яғни сананы ояту қажет болды.

П.Фрейре «Өмірді оқыту/үйрету керек, өмір арқылы оқу/үйрену керек», — деп тұжырымдайды. Сондықтан да балаларды көркем әдебиетті оқытуға үйрету жеткіліксіз, оларды күнделікті өмірде ойып орын алған мәселелерді шешуге үйрету керек дейді бразилиялық педагог. Ал ол үшін саясаткерлердің сөздерін, әлеуметтік қызметтердің жұмысын, тіпті жарнамаларды дұрыс түсініп, оларға әлеуметтік әділдік тұрғысынан тиісті баға беруге үйрену/ үйрету керек. Басқаша айтқанда, үйренуде/үйретуде өмірге бағытталу керек.

Шынымен-ақ біз білімді көп жағдайда практикадан тыс, априори қалыпта қабылдаймыз немесе береміз. Жоғары оқу орындарында әдетте оқытуда алдымен теория ұсынылып, тек содан кейін ғана бұл мәліметтер практикалық машықтану арқылы жүзеге асырылады. Осы түйісуде шынайы білім пайда болады деп есептелінеді.

Ал сыни сауаттылық пен қоғамға қызмет арқылы оқыту теориялары білімді өмірлік проблемаларды шешуге арналған құрал деп түсінеді. «Білім деген не?» десек, шындығында да ол — абстрактылы ұғым емес, білім — нақты білік пен дағды. Шәкірт басына (миына) орасан зор көлемде мәлімет жинап алып, олардың өмірде не үшін керектігін және қалайша қолданылатындығын білмей жүрсе, ондай білімнің қажеті қанша? Ондай «білімпаздың» қолынан келетіні жалғыз ғана нәрсе: ол қандай да болмасын мәселе бойынша өзін хабардар екендігін көрсетіп, барша жұртты білгіштімен таңқалдырады. Мұндайда мынандай сұрақтың тууы да ықтимал: «Бұл білім бе, жоқ әлде тек есте сақтау қабілеті мен жадының керемет үлгісі ме? Білім сонда тек осы үшін ғана керек пе?»
Жоқ, білім — өмірде өз қажетін таба алатын білік пен дағды. «Не нәрсеге үйренсек те, оның барлығы да өмірмен тығыз байланыста болғаны абзал»,- деп тұжырымдайды жоғарыда аталған оқыту теориялары.

2012 жылдың 31 қаңтарында Астанада өткен Білім және ғылым министрлігінің кеңейтілген алқа жиналысында (коллегиясында) вице-министрлердің біреуі өз сөзінде Қазақстан оқушыларының математикадан білімдері жоғары деңгейде екендігі әртүрлі халықаралық олимпиадаларда дәлелденіп жатыр деп айтқан-ды. Алайда сол білімдерді практикалық тұрғыдан қолдану мәселесі туындағанда, біздің шәкірттер шетелдік құрдастарымен салыстырғанда анағұрлым төмен нәтижелерді көрсетеді екен деп түйіндеді шенеунік.

Сонымен, оқу/оқытудың да, әрбір ұстаздың да басты мақсаты – қоғамға игі өзгерістер енгізуге құштар және де осындай әрекет қолынан келетін азаматтарды қалыптастыру болуы керек. Ал оған жетудің ең тиімді жолы — әр сабақта нақты өмір туындатқан проблемаларды шешу.

Білімді игерудің тиімді тәсілдерін үйрену/үйрету

Егер ұстаздың шәкірт жайлы түсінігі «таза тақта» (tabula rasa) бейнесі ретінде болса (шәкірт сабаққа таза тақта немесе парақ сияқты ешнәрсе «жазылмаған» күйінде келеді, ал ұстаз сабақ бойы оны біліммен «толтыруы» керек), онда үйренушінің білімді игеруі екіталай, өйткені білімді игеруге оның тікелей қатысы болмайды, яғни ол бұл процесте білімді ырықсыз қабылдаушы рөлін ғана ойнайды» деген сөз.

Білім алу ісінде бұл мәселені түбегейлі өзгертіп, оқушының білімге деген бәсең (пассив) көзқарасын бұзу қажет. Үйренуші енді өздігімен (мұғалімнің ұйымдастыруы мен жетекшілігі арқылы) «Маған қандай білім қажет?», «Мен не білуім керек?» деген сұрақтар төңірегінде үнемі толассыз ой-толғаныста болып, өзіндік тұрғыдан білімді ізденуі және игеруі керек. Мүмкін шәкірттің енді сабаққа жартылай (не ширек) «жазылған» күйінде келуі оңтайлы шығар, яғни ол бүгінгі сабақтың тақырыбы бойынша үйде өздігімен дайындалып, туындаған сұрақтарын, түсінбеген жерлерін айқындап, сабақта мұғалімнің басшылығымен басқа үйренушілермен бірлесе отырып, білгендерін талқылап, толықтырып, дамытып, жауап пен шешімін табуға ниеттелуі дұрыс болар?

Осылайша сабаққа «жартылай жазылып» келген тәлімгер өзін-өзі «толтыру» мүмкіншілігіне ие болады. Осылайша оқу/оқыту процесінде үйренуші өзіне керекті, өз өмiрiнде қажетіне жарата алатын ақпаратты таңдай біліп, оны өздігінше игеруге көмек болатын әмбебап тәсiлдерді игереді, үйренеді. Мұндай өзіндік тұрғыдан үйрене білу дағдысы өзгерістерге толы мына заманда әр адам үшін өмір бойы қажет болатын білімге айналатындығы сөзсіз.

Қазіргі күні ақпараттың орасан зор көлемін игерудің мүмкін еместігі туралы сөз қозғадық. Ал оның қайсысы бүгін және болашақ өмірде шәкіртке қажет болар екен? Бұл мәселені кім шешіп, кім дұрыс жауап берер екен? Ата-ана ма, жоқ, әлде, ұстаз ба? Алайда олар аға буын өкілдері ретінде ертеңгі күнді, яғни шәкірттің ересек өмірге белсенді араласқан мезетті, жан-жақты болжай алар ма екен? Сол себепті де олардың болашақтағы өмірдің ерекшеліктері және замана талабы қандай болатындығын білуі екіталай. Бұған қоса келер уақытта өмір сүретін бүгінгі шәкірттің өзі ғой. Сондықтан да үйренуші өзіне қажетті білімді өзі таңдап, оны ұстаздың көмегімен игеруі керек.

Мұндай жағдайда ақпарат — оқытудың нәтижесi емес (дәстүрлі оқу жүйесіндегідей), оның бастапқы кезеңiне айналады: оқушы осы мәліметті түсініп, талдап, оны өзінің әлеуметтік тәжірибесі тұрғысынан бағалай отырып, соның негізінде жаңа білім құрастыруға дағдыланады, оны өз керегіне жарата алады. Сөйтіп оқу/оқыту процесінде шәкірт бiлiм игеру және жаңа білім құрастыру дағдылары мен әдiстемесiне үйренеді.

Енді ол мынау күнделікті өзгеріп отырған аумалы-төкпелі заманда қайда жүрсе де (мектеп пен жоғарғы оқу орнын бітіріп кеткеннің өзінде де), өмір бойы өздігімен білім ала алады. Ал ұстаздың басты мақсаты — шәкіртіне білімді өздігімен игеру амалдары мен тәсілдерін үйретіп, оның өзіндік түсінік қалыптастыруына тиімді жағдай жасап, бағыт-бағдар сілтеу.

Басқаша сөзбен айтқанда, оқу/оқытудың басты мақсатын дәстүрлі «Өмiр бойы азық боларлықтай бiлiм беру» үлгiсiнен «Өмiр бойы оқып үйрену» қағидасына ауыстыру керек. Ал бұл қағиданы жүзеге асыру үшін оқытуда басты назарды «қалай оқытуға», яғни әдістемеге, сабақ барысының өзіне аудару керек. Бұнда мәселе тек қана ұстаздың білім беру әдістеріне келіп тіреліп тұрған жоқ. Шындығында да өзінде бар білімді ұстаз шәкірттеріне дайын күйде беретін болса, оның бұл ісінен мардымды нәрсе шығар ма екен? Халқымыздың «Тісі шыққан балаға шайнап берген ас болмас» немесе «Жетектеген ит қораға үрмейді» (немесе «Жетектеген ит ауға жарымайды») деген аталы ұғымдары осындай жәйтті меңземей ме? Көне қытай нақылы да осындай идеяны білдіреді: «Аш адамға балық берме, қармақ бер!» Аш адамды тіпті балық аулауға үйретсе — одан да жақсы болады емес пе?!.

Дегенмен бұл ұстанымда таным процесі үйренушілердің іс-әрекеттеріне тікелей байланыстырылады, яғни жоғарыда келтірілген оқыту процесінің басты тұлғасы және белсенді оқу туралы тезистер қуатталатын сияқты.

Әлімов Асхат. «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы Алматы қалалық филиалының аға менеджері, филология ғылымдарының кандидаты, доцент.

-ЖАРНАМА-

1 КОММЕНТАРИЙ

Пікір қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -

СОҢҒЫ ЖАЗБА

Білікті педагогтер басшылық лауазымдарға ұмтылуға құлықты емес — А. Аймағамбетов

Ұстаздар: "Білікті педагогтер басшылық лауазымдарға ұмтылуға құлықты емес", - дейді. Өйткені директорлардың айлығы ұстаздардың еңбекақысынан әлдеқайда төмен. Бұл туралы бүгін ҚР Білім және ғылым...

А. Байтұрсынұлы мен Әнуар Паша әліппелерінде қандай байланыс бар?

* А.Байтұрсын емлесі мен Ә.Паша емлесі арасында байланыс бар ма? * Латын әліпбиіне көшу мәселесі Османлы кезеңінде-ақ талқыға салынды... * 1926 жылы Бакуде өткен конгресстің астары... *...

ҰБТ-2021: Алғашқы күннің қорытындысы

Қаңтардағы ҰБТ-ның алғашқы күні тестілеуге 16 307 адам қатысты. Бұл туралы ҚР БҒМ баспасөз қызметі хабарлады. Тестілеуге қатысқандардың ішінде 12 мыңнан астамы қазақ тілінде, 4...

Мектептің бас ұстазы жас ұстазды қалай тәрбиелеуі керек?

Ертең, яғни қаңтардың 22-сі күні сағат 20:00-де "Директор келбеті. Дамушы мектеп: ортақ мақсат, ұжымдық мәдениет" тақырыбында онлайн-кездесу өтеді. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы, 51 мектеп-гимназиясының...

«Оқулық» республикалық ғылыми-практика орталығына жаңа басшы тағайындалды

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың бұйрығымен «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры қызметіне Елдос Нұрланов тағайындалды. Елдос Болатханұлы 1981 жылы 13 қыркүйекте Алматы қаласында дүниеге...