Home Жаңалық Әлімов Асхат. Не нәрсеге үйрену немесе үйрету керек?

Әлімов Асхат. Не нәрсеге үйрену немесе үйрету керек?

2

Бүгінде оқушыға бағытталған білім беру жүйесі жастарда шығармашылықтың өмір шығармашылығы деп аталатын жаңа түріне ынталандырады. Оның негізі Жак Делор (ЮНЕСКО) айқындаған білімнің басты төрт құндылықтарымен анықталады: Өмір сүре білу; Жұмыс жасай білу; Басқалармен бірге өмір сүре білу; Үйрене білу.
Бұл мақсаттар бүгінгі күнгі қоғам мүшелерінің міндеттерін келесідей айқындайды:
«Тұлға білім алу ісіне өмір бойы берілу арқылы әлеуметтік-моральдік кеңістіктің жаңа энергетикасында бақытты түрде өмір сүруге міндеттеледі.
Тұлға әлеуметтену, ұйымдасу мен өндірістік қатынастардың жаңа формаларында жұмыс жасай білуге міндеттеледі.
Тұлға жаһандану мен мәдениеттердің сан алуандығы жағдайында өзге мәдениеттермен, өмір салттарымен, ұлттармен, этностармен, конфессиялармен ынтымақты өмір сүре білуді үйренуге міндеттеледі.
Тұлға өзінің өмірлік проблемаларын тиімді және рухани тұрғыдан (әлеумет талаптарына сәйкес) шеше білетіндей өмір сүре алуды үйренуге міндеттеледі».

Өмір сүруге, адам және тұлға болуға үйрену/үйрету

Француз жазушысы әрі философы Жан-Жак Руссо өзінің «Эмиль, немесе тәрбие туралы» атты кітабында «баланы өмір сүруге үйрету керек» деп жазған болатын, өйткені өмір сүру – адамның ең басты мақсаты мен міндеті. Ал өмір сүру дегеніміз өмірдің әрбір мезетін, әрбір көрінісін толыққанды, бар мүмкіншіліктеріңмен, мүшелеріңмен сезіну: дана деп көп ғұмыр сүрген адамды емес, өмірді жан-жақты сезіне білген адамды атамаймыз ба?!
Сондықтан да шәкірт оқу орнының табалдырығынан қандай да бір ғылым иемденіп қана емес, бірінші кезекте адам болып шығуы қажет. Ол өз жүрегі мен жанын өмірге және басқа адамдарға айқара ашқан, жалған қағидаларды ұстанбайтын, дүниеге өзіндік көзқарасы бар тұлға болуы керек. Адам болу дегеніміз адамгершілік қағидалар мен құндылықтарды ұстану, өмірдің мәнін өзіңнен емес, басқадан көру, «Өзің үшін!» қағидасының «Өзге үшін!» ұстанымынан бәсең болуы. Адамгершіліксіз білімнің еш қажеті жоқ екендігін ХХ-шы ғасыр дәлелдеді емес пе?!
Сол себепті де ұстаздың басты мақсаты – шәкірттерін адам болуға баулу деп тұжырымдауға тұрарлық. Әрбір пән, әрбір сабақ, әрбір тақырып осы мақсатты жүзеге асыруға бағытталуы керек. Керек десеңіз, олардың барлығы да тек осы мақсаттың құралы ғана.
Ал егерде оқушы қандай да болмасын бір тақырыпты немесе тіпті бір пәнді білмесе, бұл қынжылуға тұрарлықтай жәйт емес, өйткені мұндай жетіспеушілікті аталған биік мақсат толықтырады. Басқаша сөзбен айтқанда, шәкірт оқу нәтижесінде қандай да болмасын пәнді біліп емес, адам болып қалыптасуы керек.

Ғұлама хәкім Абайдың негізгі ұстанымы «Адам бол!» еді ғой… Жан-Жак Руссо ХVІІІ ғасырда «Бізде физиктер, геометрлер, химиктер, астрономдар, ақындар, музыканттар, суретшілер бар, алайда бізде азаматтар жоқ» деп налып айтқан екен. Бір ғасырдан кейін орыс педагогы Н.И.Пирогов педагогикалық процестің мақсаты оқушылардан «саудагер, теңізші, солдат, заңгерлерді тәрбиелеу емес, адам мен азамат қалыптастыру» деп Абай мен Ж.Ж.Руссоға үн қосады.
Кезінде Махамбет келесідей жырламап па еді:
Толарсақтан саз кешіп,
Тоқтамай тартып шығарға
Қас үлектен туған қатепті
Қара нар керек біздің бұл іске!..
Қабырғасын қаусатып,
Бір-біртіндеп сөксе де,
Қабағын шытпас ер керек
Біздің бүйткен бұл іске!..

Ойлай білуге үйрену/үйрету

Ойлану — тегін шаруа емес. Жалпы біз жиі ойланамыз ба?..
Өз өмірімізге байыпты да байсалды түрде көз тастап, өзімізге өзіміз есеп беріп, басымызға түскеннің бәрін де сабырлы түрде ой елегінен өткізіп, сараптаймыз ба? Жоқ, әлде ойымыз күнделікті күйбең дәрежесінен шыға алмай, тек майда-шүйде, бықи-тықи, жасап жатқан (көргеніміз, ішіп-жегеніміз, болмашы тақырыптарға сөйлескеніміз, біреудің жүріс-тұрысын, киімін, сөздерін, іс-әрекеттерін талқылағанымыз, т.с.с.) әрекеттерімізбен байланысты таяз мәселелерге ғана тоқтала ма?

Мұның бәрі де әбден етіміз үйреніп кеткен, еш тереңдік пен даналықты қажет етпейтін ойлар мен ойлау, ал олардың бізді дамытатындығы күмәнді… Ал шәкірт сабақта қалай ойланады? Мүмкін ол тек оқу материалын жаттап, оны қайталаумен айналыса ма?..

Шындығында да біз көп жағдайда ойланбаймыз, өмірді автоматты түрде сүреміз. Ұшқыштарда «автопилот» деген ұғым бар емес пе еді? Біз де дәл сондай күй кешеміз демекшімін. Сенбесеңіздер, есімізге түсірейікші, өміріміздің қанша мезетін терең ойлаумен өткізген екендігімізді? Таңертең тұрып, еш ойланбай-ақ жуынамыз, киінеміз, тамақтанамыз, жұмысқа/сабаққа жөнелеміз, онда да тіпті де ойланып-толғанбай үйреншікті, тіпті әдет болып кеткен әрекеттермен шұғылданамыз (құдды бір автомат десе де болады бізді!). Бәрі де таныс, әбден етіміз үйреніп кеткен істер, сөздер, амалдар… Осылайша ойланбай-ақ өмір кешеміз де, есімізді танымай дүниеден өтпейміз бе? Баяғы социализм дәуірінде мемлекеттің қартайған басшылары туралы айтылатын сөздерді орысша келтірейін: «Умер, не приходя в сознание». Біз де дәп сондаймыз ба?..

Ғалымдардың пайымдауы бойынша, адам миының ойлауға тікелей қатысты бөлігінің тек 3% ғана ойлау процесіне қатынасады да, қалғаны ұйқылы-ояу, қалғып-мүлгіген жағдайда күй кешеді екен. Себеп: ойланбаймыз, ойлана білмейміз. Көбіне-көп біз терең ойланып, алдағы әрекеттерімізді шынайы тұрғыдан жоспарлаудың орнына қиялдаймыз; әрекеттерімізді сараптап, оларға баға берудің орнына өзімізді ақтаймыз.

Ал ойлану деген не? Ол — өмірдің, тағдырдың, Жаратылыстың елеулі, қомақты, ауқымды мәселелері төңірегінде терең ой қозғау, оларға жауап іздеу: «Мен кіммін? Неліктен мен жоқ емей, бармын? Бұл өмірге не үшін келдім? Менің бұл өмірге келгенімнің мән-мағынасы қандай? Жалпы адам өмірінің мәні неде? Мен қайда бара жатырмын?» сынды маңызы бар сұрақтар бізді әрдайым мазалап тұруы керек.

Алайда олар төңірегінде ұдайы ойлануымыз екіталай. Сонда қандай мәселелер тұрғысында ойлануымыз мүмкін? Өміріміздің әр мезетінде өзімізге есеп беріп, барлық сөздер мен әрекеттерімізді еш жеңілдік жасамай, ақталмай, арымыз бен ұятымыздың таразысында бүкпесіз екшеп, өмірімізде туындаған проблемаларды шешудің амалдарын іздеп тұрсақ, құба-құп болар еді!..

Шәкірттерімізді де осындай ойлау әрекетіне баулып, оны күнделікті әдетке айналдырғанымыз абзал. Қандай мәселе туындаса да оны шешуде сезімге емес, ақылға жүгіну – халқымыздың ұлттық философиясы негізінде жатыр емес пе?

Ақылды адам деп жадында көп мағлұмат сақтаған адамды атамай, өмір алдымызға тосқан (кәсіби, әлеуметтік, экономикалық, т.б. тұрғыдан) кез келген мәселе мен проблеманы шеше алатын адамды айтамыз. Шындығында да өмір осындай проблемалардан тұрады емес пе? Ал ақылды адам олардың шешімін тауып, сол шешімдерді практикада қолдана біледі. Бүгінгі күні технологияларға сүйенген заманда қоғам үшін осындай тұлғалар қажет.

Проблемаларды шешу үшін адам бірінші кезекте ойлай білуі керек, демек қазіргі кезде ойлау мен ойлай білетін адамдардың маңызы ерекше. Тіпті терең ойлай білу — адамның (тұлғаның, маманның) басты қасиеті де болар: ойлау арқылы ғана адам бұл өмірден өз орнын табады.

Ғұлама ғалым Альберт Эйнштейннің «Дыбыс жылдамдығы қандай шама?» деп сұраған бір әйелге: «Мадам, мен сөздіктер мен анықтамаларда табуға болатын деректерді ешқашан да есімде сақтамаймын!» деп жауап бергені мүмкін сол себепті де болар? Сол себепті де компьютер шығаратын алпауыт компаниялардың бірі ІВМ-ның бас офисіне кіре берісте мынандай ұран жазылған: «Бас адамға есте сақтау үшін берілмей, ойлау үшін берілген! Ал есте сақтау үшін компьютерлер шығарылған!»

Қазіргі күні ғалымдар негізінен ойлаудың үш түрін ажыратады (әрине, ойлаудың түрлері де, жіктеулері де көп, алайда біз осы классификацияны қарастырып көрелік):
1. Сыни ойлау.
2. Проблема шешуде қолданатын ойлау.
3. Шығармашылық ойлау (Некоторые вопросы образования-2, 33-36).

Сыни ойлау — сенім («Не нәрсеге/кімге сенуім керек?») мен құндылықтарды таңдау, қандай да болмасын мәселе бойынша барлық туындаған сұрақтар қарастырылғанша «сыпайы» түрде күмәндану: «Шынымен-ақ осылай бола ма? Мүмкін олай болмай, былай болар? Ал егерде тіпті былайша болса қайтер еді? Мұның пайдасы қандай? Маған берері бар ма? Мұнымен не істеуге болады? Егерде бұл жоқ болса қайтер еді? Бұл дұрыс па, бұрыс па? Бұның қандай жағымды/пайдалы жақтары бар? Мұның кемшіліктері қандай? Мұны немен алмастыруға болады?Мұны қалай жақсартуға болады?».

Проблема шешуде қолданатын ойлау — жүйелі талдауды қажет ететін ойлау процесі, мұнда бұрыннан белгілі білім білмейтінді анықтау үшін, оны іздену үшін қолданылады (эвристика). Ойлаудың бұл түрі бақылау, қорытындылау, жалпыламалау, жорамалдау (гипотеза құру) мен оны тексеру секілді ой әрекеттері арқылы атқарылады. Мұнда тәжірибе қою арқылы (эмпирикалық тәсіл) проблемалар арасында байланыстар анықталып, олар бір-біріне жақындастырылады.

Шығармашылық ойлау проблеманың қиял мен фантазия, елестету арқылы вариациялары көп шешімдерін келтіруді меңзейді. Мұның нәтижесінде жаңа мазмұн құрастырылады.

12195798_854477211317117_316194016401867868_nОқу/оқытуда шәкірттерді осындай ойлау түрлеріне ынталандыру керек, олар әр сабақта қандай да болмасын тапсырманы орындағанда оны жекелей және бірлесе отырып, жан-жақты қарастырып, ой елегінен өткізіп, туындаған ойлары мен түсініктерін ортаға салып, талқылап, пікірлесуі қажет. Ойлау дегеніміз мәселе жайында өзіңе сұрақтар қойып, соларға жауап іздену, жекелей және бірлесе ой қозғау. Ақыл-ой тек ойлану арқылы ғана дамитындығын ұмытпау керек. Ал ойланудың ең қиын түрі – жазу. Адам миы әсіресе жазған кезде ерекше белсенді болып, дами түседі.

Әлімов Асхат. «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы Алматы қалалық филиалының аға менеджері, филология ғылымдарының кандидаты, доцент.

Жалғасы бар…

2 COMMENTS

  1. Асхат аға осы сайт арқылы білім саласына білдіріп жатқан құнды еңбектеріңіз үшін көп рақмет!

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

Exit mobile version