9 C
Нур-Султан
24.06.2021

АСХАТ ӘЛІМОВ. Кері байланыс (рефлексия) туралы

«Рефлексия» сөзі латын тіліндегі «reflexio» – «артқа қарау» деген ұғымынан туындайды. Джон Дьюи рефлексиялық ойлауды былай сипаттайды: «Қандай да болмасын бір пікірді не білімнің ықтимал көрінісін олардың негіздерін ескере отырып белсенді түрде, толассыз және мұқият қарастыру, осының салдарынан туындаған қорытындаларды талдау» (Дж.Дьюи, 1997, 15). 
Жалпы алғанда рефлексия зерттеу секілді: адам мұнда өзінің ішкі дүниесін жан-жақты қарастырады, яғни өзін өзі зерттейді. Бұл зерттеудің басты тақырыбы адамның өзі болып табылады. Осы тұрғыдан алғанда рефлексия адамның өзінің ішкі ахуалы мен өзгерістерін тануы іспеттес: адам жасап жатқан әрекеттерін бір сәтке доғарып, өзінің ішкі жан дүниесіне үңіледі, өзімен өзі әңгімелеседі, сырласады, әрекеттерін талдап, оларға баға береді, өзіне «сырт көзбен» қарайды. Осыдан кейін әрекеттеріне өзгерістер енгізеді, кемшіліктерін түзейді, оларды болдырмаудың жолдарын қарастырады, болашақта қандай істер жасайтындығын жоспарлайды. Жалпылама алғанда, рефлексияның қадамдары мынандай болуы ықтимал: 1) Аялдама жасау (тоқтау); 2) Артқа қарау: түсіну, талдау, бағалау; 3) Өзгерістер енгізу; 4) Болашақты жоспарлау.
Рефлексия сыни ойлау арқылы жүзеге асырылады, өйткені мұнда дайын жауап жоқ, оны іздеу керек, іздену қажет, жобалау мен жоспарлау керек, болжам жасап, жаңалық ашу қажет. Рефлексия күмәндану мен терең ойлануды қажет етеді, мұнда өз әрекеттеріңді, ойларыңды, ұстанымдарыңды жан-жақты қарастыру керек, өзіңе өзің толассыз түрде сұрақтар қойып, оларға жауап табуға ұмтылу. Бұл туралы Дж.Дьюи «Егер пайла болған ой лезде қабылданатын болса, онда алдымызда сыни ойлау емес, мұнда рефлексия minimum түрінде болады» деп айтқан да, әрі қарай рефлексияны «затты жан-жақты зерделеу, ойлану, ойды дамытатын және оны не құптайтын, не жоққа шығаратын қосымша деректер мен жаңа жәйттерді іздестіру» (Дж.Дьюи, 1997, 22) деп атайды.
Рефлексия — өзіндік тәжірибе, өзін-өзі тану мен өздігімен үйрену туралы ойлану. Ол білім алушыларға өзінің үйрену әрекеттері мен амалдарын айқындау мен нақтылау, үйренудің мақсат-міндеттерін тұжырымдау, үйрену нәтижелерін сараптап, ой елегінен өткізу мүмкіндіктерін береді.
Сонымен рефлексияда адам әрекеттерін бір мезетке тоқтатып, жан-жағына байыппен қарап, өзіне мынандай сұрақтар қояды: «Мен кіммін? Қандаймын? Не істеп жатырмын? Осы әрекеттерімнің мақсаты қандай? Мен қалай әрекеттенудемін? Бұл маған не береді? Мен мұны қалай қолданамын? Маған мұны қалайша өзгертуге болады? Енді не істеймін?» Бұл сауалдарға ол өз алдында бүкпесіз шындық тұрғысынан адал түрде жауап береді, басқа да сұрақтарды туындатып, оларға да жауап іздейді. Адамның өзімен өзі жасаған диалогы осылайша жалғаса береді, тіпті үздіксіз сипат алады.
Осыған байланысты үйрену адамның өзінің жасаған әрекеттерін есіне түсіріп, оларды нақты айқындағанда ғана іске асырылады (мән-мағынасы, қиындықтары мен оларды шешу жолдары, түрлері, құралдары, нәтижесі, т.б.), яғни рефлексия арқылы әрекеттердің реті мен мазмұны қарастырылып (адам әр қадамын өлшеп-пішіп алады), проблема шешіледі де адам осындай тұжырымдау арқылы өзіндік пікір мен ұғым қалыптастырады. Үйрену – рефлексияның нәтижесі. 
Оқушыларды әр сабақта рефлексия жасауға үйрету керек. Өйткені бала рефлексия жасай алмаған жағдайда, яғни өз әрекеттерін түсіндіріп, оларға талдау жасап, бағалай алмаса, онда оның берілген оқу әрекеттерін ғана орындап, бірақ олардың өзінің дамуындағы маңызын түсінбейтіндігі анық. Басқаша сөзбен айтқанда, рефлексия жасай алмайтын оқушы өзінің өзгерістерін де байқамайды. 
Үйренуде рефлексия сабақ соңында оқушылардың тақырыпты қандай деңгейде игергендігін білуге бағытталатын қарапайым бекіту мен қорытындылау емес (мәселен, «Сонымен бүгінгі сабақта біз не өттік/білдік/қарастырдық?» секілді сұрақтар арқылы). 
Рефлексияда оқушы өзінің қалай үйренгендігін (үйренудің қадамдарын, әдіс-тәсілдерін) талдап, оларды түсінуге тырысады. Ол өзінің атқарған әрекеттерін зерделеп, олардың берген нәтижелерін нақтылайды, оларды қалайша жақсарту болатындығы туралы ойланады. Мұндай зерттеу жұмысы білім алушыға жасалынған іс-әрекеттерін талдап, оларды бағалау мүмкіндігін беріп, оны сонымен бірге болашақтағы үйрену амалдарын жоспарлап, өз білгендерін арттыруға ынталандырады. 
Рефлексияда адам өзімен ылғи да диалогта болады: оның психикасы екіге бөлінеді. Бір бөлігі «Мен-өзім» болады да, екінші бөлігі «Мен-басқа» рөлінде болады, немесе, М.М.Бахтин бойынша, «Мен-орындаушы» және «Мен-қадағалаушы» болып екіге бөлінеді. Адам осылайша өз әрекеттеріне сырт көзбен қарап, оларды екшейді, таразы басына салады, олардың дұрыс-бұрыстығын ажыратады. Ылғи да «Мен оның (яғни өзінің) орнында болсам, не жасар едім?» деген ой үстінде болады. 
Бұл ұйғарымға сәйкес, психолог А.А.Бизяеваның өте орынды келтірген мысалдарына сүйенсек, мұғалім сабақта «Мен-орындаушы» ретінде жаңа тақырыпты түсіндіреді де, ал «Мен-қадағалаушы» рөлінде «Мен қалай түсіндіріп тұрмын?» деп өз әрекетін талдап, оны бағалайды. Осыған ұқсас шахмат ойынында шахматшы тек алдында отырған адамға қарсы ойнамай, ойша қарсыласының орнына отырып, соның жүрістерін жасап, оларға қарсы жүрістерді ойластырып отырады (А.Бизяева, 27). 
«Мен-басқа» ұғымы адамды шынайы түрде жан-жақты қарастырғандықтан, адам мұндай «қарсыласының» ескертпелерін, айқындаған қателері мен олқылықтарын алдын алып, оларды түзетуге тырысып отырады. Басқаша сөзбен айтқанда, «Мен-басқа» адамға тыныштық бермей, оны үздіксіз мазалап, тоқтатпай, оның әрі қарай жылжуына, дамуына себепкер болады. Адамның танымы (білімі) осылайша бір-біріне қарама-қарсы полюстердің қақтығысуы нәтижесінде өседі.
А.А. Бизяева рефлексияны лезде тудырудың мынандай тренингін ұсынады: «Ол үшін «Қазіргі кезде айналысып жатқан іс-әрекеттеріңіздің қайсысы өзіңіз үшін ең маңызды болып табылады?» деген сұраққа жауап беріңіз. Ойландыңыз ба? Енді төмендегі сұрақтарды мұқият оқыңыз. Асықпаңыз, егерде Сіз өзіңізге өзіңіз шыншыл және адал болсаңыз, онда әрбір сұраққа берген жауабыңыз Сізге өзіңіз туралы жаңа білім беруі мүмкін.
— Бұл істе мен шындығында қандай нәтижелерге қол жеткізгім келеді? 
— Бұл нәтиже шындыққа айналу үшін менің алғашқы қадамым қандай болуы керек?
— Бәрі маған ғана байланысты ма?
— Мен өзім осы нәтижеге тікелей жауаптымын ба?
— Мен нәтиженің қолжетімділігіне сенем бе?
— Менің күмәндарымның себебі қандай?
— Мұны бұрын жасауда маған не кедергі болды?
— Нәтижеге жету жолында болашақта қандай мүмкін кедергілерді көріп тұрсыз?
— Егер мен мақсатқа жетсем, менің өмірімде қандай игі өзгерістер болады?» (А.Бизяева, 32).
Осы секілді сұрақтарға жауап беріп, біз өз әрекеттерімізді жобалап, мақсаттарымызды айқындауға, басқалардың іс-амалдарын түсінуге үйренеміз, жеткен нәтижеге баға беріп, оларды жақсарту тұрғысында әрекеттенеміз. Мәселе бұл жерде әрекеттерімізді зерделеп, жетістіктер мен қиыншылықтарды талдаумен қатар рефлексиялық ойлаудың реті мен әр кезеңін тереңінен қолдануда. Мәселен, сабақтан кейін өзіңізге мынандай сұрақтар қойып, оларға жауап іздеуге болады:
— Сабақты өткізуім өзіме ұнады ма?
— Мен сабақта нақты мақсат қойдым ба?
— Мен мақсатыма жеттім бе? Оның дәлелдері қандай болды?
— Таңдап алынған тәсілдер тақырыпты тереңінен ашуға көмектесті ме?
— Талқылауды жандандыратын ашық сұрақтарды қойып отырдым ба? 
— Барлық оқушылар сабаққа белсенді түрде қатысты ма?
— Мен оқушыларды сабаққа белсене қатысуын ынталандыра алдым ба?
— Мен оқушылардың сабаққа белсене қатысу ынтасын бәсеңдеткен жоқпын ба?
— Өзіне өзі сенбейтін оқушыларды қолдап отырдым ба? 
— Мен зерттеу сұрақтарын қойып, жорамалдау жасауға ынталандырдым ба? 
— Менің пікірім оқушылардың пайымдауларынан үстем болған жоқ па? 
— Мен әрбір әрекеттен кейін оқушылардан кері байланыс алып отырдым ба? 
— Менің ең сәтті шыққан әрекетім қандай болды? 
— Менің ең сәтсіз шыққан әрекетім қандай болды?
— Бұл сабақ бұдан да мәнді болу үшін оған қандай өзгерістер енгізе аламын? 
Рефлексияның оқу процесінде алатын орны ерекше. Өйткені үйрену деңгейі адамның өз әрекеттерін ұйымдастыру мен өзгертулерді қалайша ойластыра білетіндігіне байланысты. Басқаша сөздермен айтқанда, рефлексия – адам миындағы метанымдық (метакогнитивтік, «танымды тану») процестермен байланысты. Рефлексияда адам өзінің ойлау, зерделеу процестерінің қалай өтетіндігі туралы ойланады, танымдық әрекеттерін түсінеді және түсіндіреді, оларға мақсат қояды, жоспарлайды, шешім қабылдайды, әрі қарай не болатындығын болжайды. Бұл әрекеттер арқылы адам өз білгенін сынайды, білімін сыни тұрғыдан талдайды.

Кері байланыс

Рефлексия адамның өз білімі мен әрекеттерін талдау, сол туралы өзіне есеп беру болғандықтан мұнда басқа адамдардың пікірлері мен бағалауының алатын орны ерекше, өйткені өзіне сырт көзбен қараған адам басқа адамдардың өзі туралы пікірлері арқасында рефлексиясын тереңдете түседі. Өзі туралы сырт пікірлерді адам қарым-қатынаста біледі. Осындай қарым-қатынаста өзі туралы пікірді есту мен білуді кері байланыс деп атайды. Сырт пікірлер адамға өзінің қайда және қандай екендігін білуге көмектесіп, болашақ әрекеттеріне түзету енгізіп, оларды жоспарлау мүмкіндігін береді. Сол себепті кері байланыс — келесі әрекеттерді ынталандыруға бағытталған рефлексияның ақпараттық негізі. 
Адамның бір ерекше қасиеті бар: біз өзіміз туралы өзгелердің пікірін естігіміз келіп тұрады. Сондықтан да кез келген әрекеттен кейін басқалардан «Қалай болды? Мен сырт көзге қалай болып көріндім? Қалай сөйледім (жасадым, отырдым, тұрдым, жаздым, т.б. әрекеттерді келтіруге болады)?» деп өзіміз туралы пікірін сұраймыз. Сол әрекетті бақылаған адам өз пікірін айтады, бағасын береді. Оның пікірі өзіміздің оймен сәйкес келуі немесе келмеуі де мүмкін. Алайда сырт пікір бізге білім мен әрекеттерімізді түзету, өзгерту, жақсарту мүмкіндігін береді. Олардың мұндай пікірі біз үшін кері байланыс болады. Осылайша өзгелердің өзіміз туралы пікірлері бізге өзімізді тануға, ішкі «Мен»-нің қалыптасуына көмектеседі.
Ал енді осыған қарама-қарсы жағдаятты көз алдыңызға елестетіп көріңіз: Сіздің әрекетіңізден кейін бір де бір адам ләм-мим деп жұмған аузын ашпады, өз ойын айтпады делік. Осындайда өзіңізді қалай сезінер едіңіз? Әрине, мұндай жағдаяттың қуаныш және қанағат әкелуі екіталай, өйткені біз өз әрекетімізді басқалардың талдағанын және бағалауын қалаймыз.
Кері байланыс (ағылш. feedback) – адамның өзі куә болған оқиғаға немесе басқалардың әрекетіне айтылған пікірі, реакциясы. «Сырт көз сыншы» дегендей, мұндай сырт пікірдің өз әрекеттеріңді реттеуге, жақсартуға тигізетін септігі өте жоғары. Сол себепті бүгінде кері байланыс үйренудің (білім алу жүйесінің) маңызды ұғымы деп есептелінеді. Кері байланыс арқылы алынатын мәліметтер әсіресе өз біліміне түзету мен өзгертулер енгізу ісінде өте құнды болып табылады.
Кері байланыстың мәнін «Екі жұлдыз, бір ұсыныс» атты тәсіл жақсы келтіреді. Алдымен біреудің әрекеті мен жасаған ісін мақтаймыз, оның жағымды және тиімді жақтарын атап көрсетеміз, содан соң бұл жұмысты қалай жақсартуға болатындығы туралы ұсыныс айтамыз, бағыт-бағдар сілтейміз.
2013 жылдың наурыз айында Амстердамда өткен «Ұстаз сапасы» атты оқытушылық қызметтің Халықаралық Саммитінде оқу мен оқытудың сапасы көп жағдайда кері байланысқа тәуелді екендігі аталды. Ұстаздардың оқушылар тәрбиесіне жасайтын ықпалын бағалау өте қиын, алайда ата-ана, оқушылар мен қоғам мүшелерінің кері байланысы осы мәселені айқындауға қолғабыс болады. Саммит мұғалімдерге өздерінің кәсіби біліктілігін жақсарту үшін кері байланыстың өте қажет екендігін және біраз жетістіктерге бастайтындығын кеңінен атап көрсетті.
Әлемнің ең бай адамы Билл Гейтстің «Мұғалімдерге шынайы кері байланыс керек!» деп баса айтып, АҚШ білім беру жүйесі алдында осындай мақсат қойғандығы бекерден бекер жәйт емес. Оның ойынша, АҚШ білім беру жүйесі Шанхай мектептерінен үлгі алуы керек: Қытайдың бұл мегаполисінде әрбір мұғалім – мейлі ол тәжірибелі болсын, мейлі жас болсын – өз сабақтары мен әрекеттеріне кері байланыс алуға және өзгелерге беруге құқылы екен: мұнда кері байланыс мұғалім кәсібінің ең маңызды бөлігі деп есептелінеді.
Кері байланысты қолданғанда мынандай жәйттерді есте ұстаған дұрыс:
— Кері байланыстың үйренудің ең тиімді әдісі екендігін ұмытпаңыз, өзіңізге қажетті екендігін де естен шығармаңыз. Бұған қоса кері байланысты жұмысымызды жақсартудың, өз олқылықтарымызды түзетудің ең тиімді нысаны деп қабылдау керек. Сол себепті кері байланысты сабырлықпен және іштей болса да ризашылықпен қабылдау керек. Бұл жерде «Ал егер кері байланыс атаулының бәрі де ақшаға жасалынып, ақылы болса, не болар еді?» деп өзімізден сұраған орынды болар. 
— Кері байланыс әрқашан да субъективті болады, өйткені ол біреудің өзіндік пікірі. Осы тұрғыдан алғанда кері байланысты ақиқат деңгейіне шығарудың қисыны жоқ шығар. Оны басқа адамның бағасы деп қабылдап, оның еш міндетті емес екендігін естен шығармаған абзал. Бізге қандай да кері байланыс берілсе де оның тиімді/тиімсіздігін, пайдалы/пайдасыздығын өзіміз өлшейміз және бағалаймыз, оны қабылдау не қабылдамауды өзіміз шешеміз. 
— Мүмкін кері байланыстың ең құнды жағы бізге ұнамайтын бөлігі болатын шығар: айтылған сын мен ескертпелер, айқындалған кемшіліктеріміз бен қателеріміз. Алайда мен сіздерге кері байланыс бергенде тым қатал сыншы болмауды ұсынамын, өйткені «Суық-суық сөйлесе, мұсылман діннен таяды», «Адамның көңілі бір шөкім насыбайдан қалады», «Итің жаман!» дегенде, ой, өлгенім-ай!» дегендерді ұмытпайық! Сондықтан да кемшіліктерді тіке бетке баспай, оларды жанамалай жеткізген жөн болар? Мысалы, мынандай сұрақтар арқылы: «Неліктен Сіз бұлай жасадыңыз (айттыңыз, жаздыңыз, ұйғардыңыз, т.б.)? Мүмкін олай емес, былай болар?» немесе «Егер мына жерге мынандай өзгертулер енгізсе, не болар еді?»
— Негізінен кері байланыстың үш негізгі қызметін ажыратуға болады: әрекеттерді түзету мен реттеу, тұлға аралық қатынастарды реттеу, өзін өзі тану құралы. Сондықтан оның мазмұны жағымды, позитивті болу керек. Кері байланыстың негізгі идеясы жасалған істі бағалау емес (оның жақсы не жаман жасалынғандығын анықтау), керісінше, не жасалуы керектігін көрсету.
Сонымен, кері байланыс оқу/оқыту мен үйренудің/үйретудің қалай жүріп жатқандығын, оның сапасын анықтау мүмкіндігін береді. Кері байланыс арқылы оқу мен оқушылардың жетістіктері мен кемшіліктерін анықтауға болады. Кері байланыс дұрыс жауап немесе бағыт таңдалынып, қателерді түзету әрекеттерін іске қосады.

Кері байланысты ұсынғанда мынандай ережелерді ұстанған дұрыс:

Позитивті болу. 
Талданып жатқан әрекеттің жағымды, ұтымды жақтарын көруді ұмтылу қажет. Тіпті адамның мақтайтындай қасиеті болмаса, онда оның ниеті мен ынтасын жағымды деп тану керек. Ұсыныс жасағанда жұмысты жақсартатын мәселелерге тоқтаған дұрыс. Әңгімені өзгені жақтыру және сыйлау тұрғысынан жүргізу керек.

Бағалаушы болмау.
«Адамның басқа адамдардан айырмашылығы – оларға ұқсамайтындығында» деген қағиданы ұстанған орынды, яғни біз басқалардан артық та, кем де емеспіз, тек өзгешеміз. Кері байланыста сол себепті өзімізді жоғары да, төмен де қоймау керек, тек өз ойымыз бен түсінігімізді келтіру қажет. 
Кеңес бермеу, үйретпеу, тек ұсыныс жасау.
Адам біреуге кеңес бергенді ұнатады да, алайда өзіне ақыл айтқанды ұнатпайтындығын ұмытпау керек. Осыны есте сақтай отырып, ақылгөйсінбей, «Мынаны жасау керек!», «Олай ету қажет!» немесе «Мен Сіздің орныңызда былай жасар едім!» деген сөздерді айтпай, өзіміздің пікірімізді келтірейік, ал оны қабылдау не қабылдамау – кері байланысты алушы адамның құзыры. Мұнда кері байланыс берушінің сөйлеу интонациясы сұраулы, ал ең жиі қайталайтын сөзі «мүмкін» болуы керек болар, яғни ол ылғи да кері байланыс алушының пікірін сұрап, онымен ақылдасып тұрғандай болады: «Мүмкін былай жасау керек шығар?»

Ынталандыруға ұмтылу.
Кері байланыстың бір мақсаты — адамды шығармашылық жұмысқа ынталандыру. Жағымды пікір айтумен қатар адамды болашақта өз жұмысына игі өзгертулер енгізетіндей қызықтырып, шабыттандырған дұрыс.

Сыпайы болу. 
Адамды жекімей, ұрыспай, дөрекі сөйлемей, ренжітпеуге тырысу керек, өйтпеген жағдайда оның кері байланысты ризашылықпен қабылдап, өз әрекеттеріне соны өзгерістер енгізетіндігі екіталай.
Көмектесу, жәрдем беру. 
Адамға шынайы түрде жақсылық тілеп отырғандығымыз-ды дәлелдеп бағу керек. Кері байланыста «Мен Сізге қалайша көмектесе аламын деп ойлайсыз?» деген секілді сұрақтар арқылы өзіміздің қол ұшын беруге дайын екендігімізді білдірген жөн.

Тең ұстау. 
Кері байланысты жүргізудің негізгі нысаны ақылдасу, кеңесу болғандықтан мұндай әңгімеде екі жақ та бір-біріне пара-пар болуы керек. Біреудің екіншіден жоғары тұруы кері байланыстың нәтижелі болатындығына нұқсан болады.

Сәттілікке бағыттау.
Тыңдаушының көкейіне «Кері байланыс — игі әрекет» деген оймен қатар оның нәтижелерінің тұлғаның дамуы мен өсуі үшін маңызды екендігін ұялату керек. Ал игі нәрсенің қорытындысы тек жағымды болатындығын да ұмытпаған жөн. Кері байланыс тиімді әрі сәтті болған сайын мұғалім оқу/оқытудың қалай жүріп жатқандығы, оқушылардың қалай оқитындығы туралы қажетті мәлеметтер алып отырады.

Кері байланысты алғанда мынандай ережелерді ұстанған дұрыс:

Ризашылық білдіру.
Кері байланыстың бір адамның екіншіге шын көңілмен көмек көрсету екендігін ескере отырып, айтқан ескертпелер мен ұсыныстарға ризашылықпен қарау керек: кері байланыс берушіге жиі рахмет және алғыс айтып, ол Сізді ынталандырғандай, оны да жігерлендіріп отыру қажет.

Тыңдай білу.
Кері байланыс берушінің сөзін бөлмей, оны ылғи да мақұлдап отырған дұрыс (бас изеп, ишаратпен). Қажет болған жағдайда оған ойын нақтылайтын сұрақтар қою арқылы бұл мәселе бойынша өзіңіздің келісетіндігіңізді және хабардар екендігіңізді білдіріңіз, әңгімені өзіңізге қажетті бағытқа бұрып отырыңыз.

Мадақтай білу.
12195798_854477211317117_316194016401867868_nРизашылықты білдірумен қатар кері байланыс берушіні мадақтауды да ұмытпаған жөн. Осы арқылы біз тиімді қарым-қатынаспен бірге берілген ұсыныстардың сапасын да арттырамыз. «Сіз бұл мәселеге тіпті де мен ойламаған жақтан қарадыңыз! Шындығында да бұл өте тиімді ұсыныс (идея, ой, әдіс, тәсіл, т.б.) екен! Менің ойымша, Сіздің сөздеріңізде терең мағына бар! Бұл ұсынысыңыз менің тәжірибемде маңызды орын алады деп ойлаймын!» секілді сыпайы мақтаулардың әңгімені мәнді жасайтындығы анық.

Қолданылған әдебиет тізімі:
1. Дьюи Д. Психология и педагогика мышления. – М.: Совершенство, 1997. – 208 с.
2. Бизяева А.А.. Психология думающего учителя: педагогическая рефлексия. — Псков, 2004. – 216 с.

Әлімов Асхат. «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығының аға менеджері. Филология ғылымдарының кандидаты, доцент.

-ЖАРНАМА-

4 КОММЕНТАРИИ

  1. Рефлексия туралы А.Алимовтың жазбасынан көптеге мәлімет алдым. Кері байланысты берудің дұрыс жолын, кері байланысты орынды қолдану жолдарын түсіндім. Маған көп көмегі тиді.

  2. Қазіргі таңда кері байланыс пен рефлексияның білім саласына тигізер пайдасы зор. Дұрыс берілген кері байланыс мұғалімдерді қанаттандырады. Бұл тың идеялар мен әдістердің туындауына себепші боладыв. Сізден үйренеріміз көп Асхаи ағай рахмет!

  3. Қазіргі таңда кері байланыс пен рефлексияның білім саласына тигізер пайдасы зор. Дұрыс берілген кері байланыс мұғалімдерді қанаттандырады. Бұл тың идеялар мен әдістердің туындауына себепші болады.
    Сізден үйренеріміз көп Асхаи ағай рахмет!

Пікір қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -

СОҢҒЫ ЖАЗБА

Үздік студенттер ұлықталды

Елордада «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» жобасы аясында «ТӘУЕЛСІЗДІК – АЛТЫН ТҰҒЫРЫМЫЗ» атты республикалық конференция өтті. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған іс-шараны «Bilim-orkenieti» ұлттық инновациялық...

Мектептердегі қауіпсіздік жүйесіне қатысты кемшіліктер жыл соңына дейін жойылады

Еліміздің білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік жүйесіне қатысты кемшіліктер жыл соңына дейін жойылады. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Ішкі істер министрі Ерлан...

Мектеп құлап, алты адам қаза тапты

Бельгияның Антверпен қаласында салынып жатқан мектеп құлап, алты адам мерт болды, олардың бесеуі шетелдіктер. Бұл туралы The Brussels Times газеті хабарлады деп жазды Қазақпарат...

Магистратура мен докторантураға түсу ережелері жарияланды

Білім және ғылым министрлігі магистратура мен докторантураға түсу ережелерін жариялады. Магистратураның білім беру бағдарламалары бойынша оқуға түсу үшін халықаралық сертификаттарды ұсынуға немесе кешенді тестілеу (КТ)...

Той кемімей, ой көбеймейді

Мұхтар Әуезов «Байлығыңмен емес, біліміңмен жарыс» дейді. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Нұр-Сұлтан қаласындағы №90 мектеп-гимназия­сының директоры, химия ғылымдарының PhD докторанты Аятжан АХМЕТЖАНҰЛЫ – қазақ қашан...