Home Ұстаз үні Үздік ұстаз Несібелі Назарғалиқызы дүниеден өтті.

Үздік ұстаз Несібелі Назарғалиқызы дүниеден өтті.

0

Астана қаласы Дарынды балаларға арналған №9 «Зерде» жоғары санатты қазақ тілі пәнінің мұғалімі Дастенова Несібелі Назарғалиқызы 2015 жылдың 11 қыркүйек күні 58 жасқа қараған шағында ауыр науқастан дүниеден өтті.

Дарынды балаларға арналған №9 «Зерде» мектебінің жоғары санатты қазақ тілі пәнінің мұғалімі Дастенова Несібелі Назарғалиқызы 1957 жылы 12 желтоқсанда Қазақстан Республикасы, Ақтөбе облысында дүниеге келген. Ал Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтын 1982 жылы бітірген. Мамандығы – орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі. Еңбек өтілі -39 жыл.  1991 жылы Арқалық педагогикалық институтын жалпы білім беретін мектептегі қазақ тілі пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітірген. Қазақ мектептеріндегі қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі бойынша педагогикалық өтілі – 23 жыл. Ол аталған мектепте 2006 жылғы 2 қазаннан бастап, қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі болып қызмет атқарды.
Дастенова Несібелі Назарғалиқызы шығармашылықпен жұмыс iстейтін, педагогикалық қызметтiң барлық келеңдi-келеңсiз жақтарын зерттеп, меңгеруге ынталы, өзiнiң пәнiн жетiк меңгерген, кез келген педагогикалық жағдайда өзiнiң бiлiмдiлiгi, парасаттылығы, iскерлiгi, шеберлiгi арқасында шеше алатын, педагогикалық үрдiстiң нәтижесiн жақсартуға ұмтылатын педагог еді. 

Мұғалімнің жүйелі түрде тынбай жүргізген әдістемелік жұмысы өз нәтижесін көрсетті. 1996 жылы Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасымен», 1997 жылы 10 маусым «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» белгісімен, 2004 жылы Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінің «Мақтау қағазымен» марапатталған.

Несібелі Назарғалиқызының еңбек жолындағы елеулі жетістіктері: ҰБТ нәтижесі бойынша оқушылары қазақ тілі пәнінен 2010-2011 оқу жылында орта ұпай – 22,4, 2011-2012 оқу жылында орта ұпай – 22,8, 2012-2013 оқу жылында орта ұпай – 23,7 көрсеткішті көрсетті. 

2011 жылғы республикалық шығармалар сайысында Шаймердан Айжан – І орын, 2011 жылы республикалық Абай оқуларынан Мұхамбет Еркебұлан – ІІІ орын, 2009 жылы республикалық Мұқағали оқуларынан Сайлаухан Нұрсұлтан – ІІ орын иеленген.

Несібелі Назарғалиқызы өскелең жас ұрпақ тәрбиелеу жолындағы аянбай еңбек ететін білікті де, шығармашыл ұстаз бола білді.

Суда жүзген кеменің ізі қалмайды,

Қалса да лездік толқындар легі жалмайды,

Басылса егер тарих бетіне ізгі ізің,

Дауыл толқын мәңгі өшіре алмайды,

Ізсіз қалу адамзат үшін жан қайғы, – деп жырлаған Зарлыхан Ікірам аға айтқандай, қажымай, талмай, 39 жыл еңбек еткен тәжірибелі ұстаз, ардақты жар, аяулы ана, асыл әже, құрметті әріптес Несібелі Назарғалиқызының асыл бейнесі мәңгі есімізде сақталады. Оның ізі өзі тәрбиелеген дарынды шәкірттерінің ізімен толығып, қазақ даласында айқындала түсетініне, шәкірттері әр сәт өз биігіне көтерілген сәтте де, ардақты ұстаздарын мұңая, сағынышпен еске алатынына сеніміміз кәміл!

Біз ардақты ұстаздың қазасына қайғыра көңіл айтамыз. Оның отбасына, бала – шағасына қаза қайырлы болсын дейміз. Ұлы ұстаздың ұлы есімі шәкірттері мен әріптестерінің есінде мәңгі сақталады.

Жатқан жері жайлы, топырағы торқа, орны жәннаттан болсын деген тілегімізді білдіреміз!

Құрметпен:

 «Қазбілім» порталы және Астана қаласы дарынды балаларға арналған №9 «Зерде» мектебінің ұжымы

NO COMMENTS

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

Exit mobile version