Home Жаңалық Білім министріне сын

Білім министріне сын

0

 Әлеуметтік желідегі парақшасында сауатсыз сөздер жазғаны үшін қоғамнан кешірім сұрап әрең құтылған Білім министрі бүгін Үкімет сағатынан сең соққан балықтай есеңгіреп шықты. Өйткені, Аслан Сәрінжіповтің мәжіліске таратып берген су жаңа, 7 миллионға бағаланған оқулығы депутаттардың қолында тұрып-ақ парақ-парақ болып жыртылып қалды. Сападан жұрдай кітапты бір қарап шыққан мәжілісмендер кітаптың мазмұнына одан ары жағаларын ұстады. Ал, Білім министрі еш сасқан жоқ, мәжілісмендердің алдында 2 жарым сағат тік тұрып, жаңа оқулықтарды қорғаумен болды. Сәрінжіпов неге мемлекетті жаман менеджер деп атады? “Атасын 100 жасқа емес, жылға толды” – деп жазып жүрген шенеунік бұл қателікке кімді жауапқа тартады?

 Әлеуметтік желідегі парақшасында қазақ тілінде жазған сегіз сөзден үш ірі қате жіберіп, яғни “аулдағы атам 100 жылға толды” деген сөйлемі үшін әлеуметтің сынына қалған білдей білім министрі бүгін Үкімет сағатына тастай дайындықпен келгендей. Министрлік 70 миллион теңге жұмсап, су жаңа оқулықтардың баламасын да шығарып, мәжіліске таныстыруға әкеліпті. Алайда, 5-сыныпқа арналған қазақ тілі пәнінің оқулығы оқушылар түгілі, бір қарап шықпақ болған депутаттардың қолында парақ-парақ болып жыртылып қалды. Ең болмаса, қай баспадан шыққаны да көрсетілмеген, бірақ 7 миллионға басылып шыққан су жаңа кітапты депутаттар Сәрінжіповтің өзіне қайтарып берді.

 Ал, оқушылар әлі оқып үлгермеген оқулықты оқып шыққан депутаттар мазмұны да масқара деп шулады. Қанша министр уәде беріп, қаншама рет қайта басылып шықса да кітаптардағы өрескел қателіктер әлі өріп жүр. Мәжілісмендер министрден сауал екені, не жұмбақ екені түсініксіз сөйлемдерді оқушы түгілі біз шеше алмай қалдық деп шулады.

 ЖЕКСЕНБАЙ ДҮЙСЕБАЕВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Туған жердің түні де ыстық, күнде де ыстық дейді. Не бұл сонда?

 ОРАЗГҮЛ АСАНҒАЗЫ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Мына масқараны қараңыз, Әже неге сіз ұялмайсыз дейді, бұл не тәрбие?

 Алайда, Сәрінжіпов мәжілісмендер қанша сауал қойса да сасқан жоқ. Керісінше, сын айтқан депуттарға алғысын жаудырып, ескертулеріңізді ескереміз деді. Айтуынша, оқулықтардың барлығы арзан болғандықтан Қытайда басылып шығады екен. Ал біздің баспалар бір кітапқа қанша қаржы жұмсайды деген сауалға министр жауап таппай қиналды. Тіпті, олардың бұл жеке бизнесі деген Сәрінжіпов мектеп оқулықтарын басудан мемлекетті мүлдем алып тастау керек деді. Министр, мемлекет жақсы менеджер емес деді.

 Алайда, депутаттар Сәрінжіповтің жауаптарына көңілдері толмады.  Бір оқулыққа қанша ақша кететінін білмейтін, сапасына баспаны айыптап, ішіндегі қатені авторға жаба салатын Білім министрлігінің қажеті қанша деп шулады.

 ГҮЛБАНУ ӘНИЯТҚЫЗЫ, тілші:

Ал екі жарым сағат бойы, мәжілісте депутаттардың қарша жауған сауалдарынан әрең сытылып шыққан Сәрінжіповке тілшілер алдында фэйсбук парақшасында жазған қателері туралы ақталуға тура келді. Министр мырза, қазақ тіліндегі сауатсыз сөйлемді жазған мен емес деп қарамағындағыларға аудара салды. Алайда, өзін әлеуметтің алдында осынша ұятқа қалдырған, ана тілге шорқақ көмекшілерін Аслан Сәрінжіпов жауапқа тартпаймын деп отыр.

 Гүлбану Әниятқызы, Нұркен Тоқмурзин.

31 арна

NO COMMENTS

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

Exit mobile version