Home Жаңалық Нарсеитова Фатима. ӨНЕГЕНІҢ ӨРІСІ КЕҢ…

Нарсеитова Фатима. ӨНЕГЕНІҢ ӨРІСІ КЕҢ…

0

Оқушылармен қарым-қатынас тұрғысында, яки белгілі бір қоғамдық ортада болмасын мұғалімнің жан-жақтылығы, оның сенімділігі, жүріс-тұрыс мәдениеті, жалпы және арнаулы білім-біліктілігі, өз мамандығына байланысты ізденістері өмірінің рухани қоры, шығармашылық жұмыстарының құнарлы еңбегінің жемісі. Бұл адамдық қасиеттері мұғалімнің өмірдегі, қоғамдағы ізденісінің нәтижесі, оның ақыл-ойының бедерлі кестеленген кестенің өрнегі секілді.
Педагогтің педагогикалық мәдениеті – адамның өмір бойы бойына сіңірген мінез-құлқы. Ол психологиялық әдептің, педагогикалық техника мен шеберліктің, сауаттылық пен білім-білігінің шынайы көрінісі.
Педагогикалық этика (әдеп) – әр мұғалімнің дара адами қасиеті. Педагогикалық адамгершіліктің ерекше қасиеттерін зерттейді, оның міндеттерін негіздейді және этикет негізін әзірлейді. Педагогтық әдеп адаммен бірге дүние есігін ашпайды, оны әрбір жаңалыққа жаны құмар жандардың үздіксіз ізденістерінің ізгі еңбегінің сапалы нәтижесі деуге болады. Мұғалім мен шәкіртінің өзара тіл табысуының басты діңгегі – олардың бір-бірінің пікіріне ой көзімен қарай білуі, баланың жеке басының ерекше қасиеттеріне (яғни, баланың жан-жақты дамуына, сатылай өсу деңгейіне, ойлау-қабылдау, зейінділігіне баса назар аудару) айрықша маңыз беруіне байланысты. Оқушының көзқарасын аңғара білу де мұғалімнің білігін танытады.
Жеке тұлғаны тәрбиелеу – әр оқушыны әр түрлі ортаға бағыттайтын, шығармашылық ізденістерімен және жеке жауапкершілігімен ұштастырылған өмірдегі рухани-тәжірибелік іс-әрекеттерінің жүйесі. Жеке тұлға дегеніміз кім десек, ол өмірдің қиын кездерінде өзіне-өзі жауапкершілік ала білетін, ерік-жігерін, мінез-құлқын көрсетуге қабілетті азамат.
Қазіргі таңдағы мұғалімнің мәртебесін асыратын асыл қасиеттеріне, яғни, сергектік, сезімталдық, сенім, әділдік, байсалдылық, ұстамдылық сияқты қасиеттеріне жеке-жеке тоқталып ой қозғасақ, жас мамандарға сабақ болары сөзсіз.
Байқағыштық қасиет – бұл педагог мамандығының маңызды белгісінің бірі. Байқағыштық қасиеті басым мұғалім шәкіртінің ішкі әлеміне терең үңіліп, көңіл-күйін қабақтарынан танып, әрбір баланың мінез-құлық ерекшеліктерімен санаса біледі. Байқағыш мұғалім шәкірттерінің талап-тілектеріне қарсыласпай, керісінше дөп басып айтып, себебін анықтайды. Байқағыштық дегеніміз – көзге түскеннің бәрін көңілге түйе беру, не бәріне ескерту жасап, қапы жібермеу деген сөз емес. Зерделі педагог ондай болмашы қимыл-қозғалыстардан өз ойын аулақ ұстап, күш-жігерін, санаулы алтын уақытын зая жібермеуге тырысады. Байқағыштық қасиет те педагогтік кәсіби мамандық сияқты аңғару, көру, тілдесу, сезу арқылы жүре бара қалыптасады. Шәкіртінің жан-дүниесіне тұлға ретінде жол табу тәсілдерін қалай іздесе, сезімталдық-байқағыштық тәсілдері де соған ұқсайды. Мәселен, бақылау жұмысы болар алдында, мұғалім «қалай түсіндірсем, бала берілген жұмысты қалай тез және жеңіл түсінеді?»,- деп жан-жақты жоспарлауы қажет. Мұғалімнің ең бірінші қасиеті – ұғындыра білуі, өз көкейіндегісін оқушыға оңай жолмен жеткізе білуі – терең білімнің берілгені болса керек. Оқыту мен тәрбие беру қос өрім – қатар жүргізілуі тиіс. Бұл табандылықты талап ететін берекелі іс.
Кейде отбасындағы келеңсіз оқиғалар баланың психологиясына да әсер ететіні белгілі. Сондай уақытта білікті маман иесі – балаға өз тарапынан рух беретін рухани-адамгершілік тұрғысынан көмек беріп, бұл жағдайдың өткінші жаңбырдай жауып өтіп, кететінін шынайылықпен қарапайым сөзбен жеткізу де біліктілікті талап етеді.
Ілтипаттылық – бұл – педагогтің өзінің жеке тұлғасын табар жолы. Әдетте, жеке оқушы не оқушылар өте жақсы көретін мұғалімдері өздеріне дауыс көтеріп сөйлесе де көңілдеріне ауыр алып қалады. Дауыс көтеру, жазықсыз жазғыру, әділ қойылмаған баға ғана емес, мұғалімдері көзге ілмей, өтініштерін құлықсыз, жүрдім-бардым тыңдаса да, ең болмаса қастарына жақындап жағдайдың жай-жапсарын білмесе де олардың көңілдеріне келеді. Кейде мұғалімнің назарын өзіне аудару үшін де тәртіп бұзатын балалар да кездеседі.
Кәсіби білікті мұғалімдер сабақты жай еске түсіру тәрізді не қайталау сабағы ретінде айтып қоймайды, оны жан-жақты, қызықты етіп өткізеді. Оқушының мейірін қандырып, білім нәрімен сусындата білуі тиіс. Білімнің нәрін бастауыш сатыдан бастап шебер жүргізе білсек, ерен еңбек болары сөзсіз.
Сенім (сенімділік) – баланың болашағын үміт шырағын ұялату, педагогтің шәкіртіне сенім арта білу қабілетін де қамтиды. Педагог өзінің оқытудағы, ал оқушы білім алудағы табысына, ынта-жігеріне, білім-біліктілігіне сенімді болуы тиіс. Мұғалім – тәлім-тәрбие беруде шынайы сөзбен батыл ойларымен оқушыға рухани тұрғыда көмек беруі тиіс. Сонда мектептің оқу-тәрбие үрдісінде ынтымақ-бірлік ұштасып, сапалы білімнің дәні себіліп, еліміздің игілігіне бағытталған ерен еңбек болар еді. Күреске түспегеннің батылдығы, палуандығы таныла ма? Әрине, жоқ, сол сияқты табандылық танытпаған мұғалім де жеңіске жетпейді. Ал білім алу не білім беру – қолма-қол тындыра салатын жеңіл-желпі шаруа емес.
Заман өзгереді. Заманның өзгеруімен бірге этикалық нормалар да жаңарады. Қоғам ауысымы ауысқан сайын адамның сана-сезімі де, ақыл – ойы да өзгереді, өседі. «Алты қадам алдын көрмеген – алысқа ұзап кете алмас» деген қанатты сөз де осыдан қалса керек. Бұл да бұлдартпас шынайы шындық.
«Жақсыдан да ауысады, жаманнан да ауысады. Ендеше, өз балаңа және содан туған балаңның баласына игі жақсылықты көп көрсет, соған бой ұсындыр. Болмашы болдыр бозөкпелерге бойыңды алдырма! Өзі үйренбеген өзгені де үйрете алмайды, үйренгеннің ғана үйретуге хақысы бар» дейді қазақтың көрнекті ақыны [М.Әлімбаев] яғни, өзі өмірде өр мінезімен өршіп өспесе, өзгелерге өмір жөнінде өзекті мәселелерді кең көлемде өндіре айта алмайды. Мұғалім өз мамандығына шынайы, адал болса, сонда өз ұжымына, ата-аналарға, оқушыларға сыйлы, беделі биік педагог болмақ…
Ұлағатты ұстаз шәкіртінің тағдырын көріпкелдікпен, үзілді-кесілді кесімді көлденеңнен кесіп, тік айтуына болмайды. Олай етсеңіз баланың болашағында бедерлі із қалдырдым демеңіз… Әрбір бала өз алдына өмір, өз алдына тарих. Жыл артынан жыл өтер күн артынан күн өтер, бір күні сол шәкіртіңіз сіздің тағдырыңыздың төрінен елеулі орын алуы мүмкін. Бұл ғажап емес!?
Әр жағдайға сай ақылды шешіммен шиеленісті шешу, қорытынды шығару, төрелігін айту өз қолымызда. Тек дер кезінде, құрышты қызған кезінде, болатты балқыған кезінде төске соға білсек болғаны.
Әділдік – ұстаздың шәкірт алдындағы ар-ожданын салмақтап тұратын кәсіби қасиеті. Шәкірттері өзінің ұлағатты ұстаздарының бойынан әділдікті күтеді. Сол себепті, мұғалім баланың білімін бағалауда өте сақтықпен, болашағын болжай қоюы тиіс. «Адалдығың – адамдығың» дегендей, бағаны мұғалім асыра сілтемей, не құлдыратып төмендетпей, ішкі сезімге сүйеніп қойғаны жөн.
Өзіңді, өз жан-дүниеңді өзгелермен салыстырып барып, танып-білу – тиімді әдіс, пайдалы дағды. Бірақ бұл ақиқат жолы болмаса керек. Мұны пайдаланудың жөн-жосығын әр жастағы балаға, ұланға, жеткіншекке, жігітке үйрете білу де бізге – ересектерге үлкен парыз.
Қыр басына өршелеп шығу қиын, ал қыр етегіне құлдилап түсу оңай. Себебі қыр жерге қарай итермелейді, соған қарсыласып қырдың басына шығудың өзі – үлкен ерлік, еңбек. Адамның атақ – абыройы да сол сияқты. Сені қоршаған жандардың сенімінен шығып, олардың саған деген ықылас пейілі жақсы болуы үшін көп уақытты талап етеді. Сондықтан намыскер болайық! Мұғалім әділ де әдепті, көңілді, жаны жайсаң жайдары болса, сол сыныптың, мектептің жұлдызы жарқырап тұрары сөзсіз. Себебі, мына дағдарыста дағдарып қалмай, өмірдегі кедергілермен бетпе-бет кездесе білейік. Сонда мұғалім жолдастардың беделі биік боларына еш талас жоқ болар еді.
Төзім және сабыр сақтау – мұғалім әлемінің еңбегін тепе-теңдікте ұстайтын таразы. Әр оқушының мінез-құлқымен санасып: «әзілкешпен – қатты, қызу мінездімен – жай, ұшқалақпен – ашық жарқын, отбасы толық емес баламен – жұмсақ, мейіріммен» [Е.И.Синица] сөйлесудің де үлкен мәні бар. Ашу үстінде тез шешім қабылдауға болмайды. Мұғалім әр оқушының мінез-құлқын неғұрлым жақсы білсе, соғұрлым әдептен аспайды. Шебер ұстаз педагогтік әдеби қасиеттерді табиғи шынайылықпен керемет үйлесімдікпен қалыптастырып, өзін-өзі тәрбиелейді. Тәрбиенің тұнып тұрған тұнығына бойлап, тұла бойына рухани қасиеттерді жан-жақты дарытып, заманауи өзгерістерге өз-өзін бейімдейді. Оны үйрену үшін де еңбек, қайрат, қажыр қажет. «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, білім, ар, мінез деген қасиеттермен озады» деген ұлы ақын Абай сөзі барлық уақытта өз мәнін жойған емес!
Тәрбие жұмысында жас мамандар төмендегі қағидаларды ескерсе екен:
«Басқалардың сенімен қандай қарым – қатынас жасағанын қаласаң, сен де олармен тура сондай қарым – қатынас жаса» деген негізгі ережені естен шығармау;
Сыныптағы барлық балаларды белсенді жұмысқа және пайдалы іспен айналысуға тарта білу;
Сыныптың оқушыларын күнделікті міндеттерін және қажетті шығармашылық ізденісін жан-жақты қалыптастыру;
Сынып оқушыларын жүйелі бірыңғай ақпараттандыру;
Мұғалім сыныптың қызығушылықтарын басшылыққа алу белсенділігі;
Педагог өзінің ойын нақты фактілермен дәлелдей отырып ашық, айқын айта білу шеберлігі;
Оқушыны, ата-ананы, әріптестерін тыңдай білуі;
Педагог өз беделін қарапайымдылық, қол жетімділік, көпшілдік, өз ісіне деген талап, жауапкершілік және үздіксіз жұмыспен және парасатты ақылмен нығайту.
images (3)Педагог өзінің кәсіби жұмысын орындауда табысқа жету үшін сыртқы және ішкі мінез-құлық факторлары бір-бірімен сабақтаса сәйкес болса, сонда ғана жұмысы жүйелі жүзеге асырылады.

Т Ү Й І Н
Мақалада мұғалімнің педагогтік әдебін жас мамандардың жетік меңгеруіне ойлы көзқараспен мүмкіндік беріліп, қазіргі таңдағы оқыту-тәрбиелеу үрдісімен сабақтастыра, байланыстыра ой қозғалады.
Нарсеитова Фатима Серикбаевна. «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы АҚ филиалы
Қазақстан Республикасы Білім беру жүйесінің басшы және ғылыми-педагогикалық қызметкерлерінің біліктілігін арттыратын республикалық институтының «Тәрбие және тұлғаны әлеуметтендіру» кафедрасының аға оқытушысы

NO COMMENTS

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

Exit mobile version