Home Керекті кеңес Наурыз мерекесі құтты болсын!

Наурыз мерекесі құтты болсын!

0

Жер-жаһанды сері самалға өткізіп, жұрттың аузын аққа жеткізіп, нұр тамшыларын аямай төккізіп, қиындықтың бәрін келер жылға өткізіп, Самарқанның көк тасын ерітіп, алтынкүрекпен жер жүзін жібітіп, тас жүректерді мейіріммен үгітіп, жеті қат жер астына дейін балқытып, жыл құстарының әнін шалқытып, Жетісуға жасылдан көйлек кигізіп, Сарыарқаны самал желге сүйгізіп, Алатаудың төбесінен көкке тигізіп, Қаратауға құт-берекені үйгізіп, жеттің бе, әз-Наурыз!
Ақ бұлақтарды ақтартып, шың-құздарды шаттанып, тізбектеп тырналарды, сүйгізіп сырғаларды, шоршытып балықтарды, шапшытып арықтарды, тербелтіп наз қайыңдарды, төгілтіп жаз жайында әнді, қаздарды қаңқылдатып, найзағай жарқылдатып, айтып ертегіңді, жайып желкеніңді, жеттің бе, әз-Наурыз!!!
Құрметті оқырмандар:
Сіздерді Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын!
Наурыз — жылдың басы, күн мен түннің теңелер шағы. Тамырын тереңнен тартқан осынау мейрам – береке мен бірліктің. Тазалық пен татулықтың тұғырын нығайтып, риясыз шаттық пен қуанышқа кенелтер ұлы мереке.
Әр жыл сайын жасампаздығы мен қуаты артып келе жатқан Еліміздің ажары мен айбыны да осындай игі дәстүрлерімізбен асқақтай бермек. Баршаңыздың дендеріңізге саулық, шаңырақтарыңызға шаттық, отбасылыраңызға амандық, ырыс пен ынтымақ тілеймін!

ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІ – НАУРЫЗ

Қарт тарих мұрасы, төл тумасы,
Биіктеген бірлікпен ел тұлғасы.
Жеті дәм, жеті кие астың түрі,
Наурыз құтты болсын көктем басы.

Наурызым ұлы күні ұлыстың,
Ата бабам бетін ашқан ұлы істің.
Қариялар жамбас пенен бас кесіп,
Нар жігіттер бәстесіп бүгін көже ішсін.

Тілеу тілеп, дастарқаннан көже ішіп,
Бата жасап сүрілерін бөлісіп.
Құтты болсын ұлт мереке – Наурыз,
Жеті дәмнен бастау алған төл ісім.

Тоғысатын наурызда құт-береке,
Мерекелік шашу шашар дос жүрекке.
Көже ішіп, ат мініп, ел қыдырып,
Арта берсін күннен-күнге дос береке.

Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын!

Аятжан Ахметжан

NO COMMENTS

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

Exit mobile version