Мұқият Қойшыбайұлы. Ұстаз – ұлылықтың бастауы

Бүгінгі адамзат қоғамының дамуының өзі қарама – қайшылыққа толы. Бұған өз басым қатты көңіл аудара қоймаушы едім, алайда уақыт өте келе айналамда болып жатқан дүниелер назарымды аудартпай қоймады. Көп нәрсе менің ой — талғамыма әсер ете бастады. Бұрындары «шаруам қанша» дейтін ойда өмір өткізіп келсем, енді өйте алар емеспін. Өйткені сағат санап зымыраған мына түсініксіз қазақ қоғамының бір мүшесі екенімді толықтай танып жеттім. Бұл қоғамға «менің де айтарым, менің қосар жүрек үнім бар» екенін сезіндім. Осы тұрғысында мені мазалайтын сұрақтар өте көп. Қайсы бірін айтайын. Жетіп артылады. Дегенмен, жаныма арқау ететін тұстары да жоқ емес. Қос алақан жайіп Алладан тілеуін тілеп, қатты жақсы көретін, қатты қызғанып, аялайтын басты құндылығым, ол қасиетті тәуелсіздігім. Осы бойтұмарымызды тұғырлы ете түсу үшін де әр қазақтың мықты болғаны баршаға мәлім аксиома.

«Ел боламын десең бесігіңді түзе» деп арғы аталарымыз айтқандай, өткенімізге үңіліп, келешегімізді болжағанымыз дұрыс шығар. Иә, бесік демекші, өткен ғасырдың тағылымға толы бесігінен көз жазып қалғанымыз қашан. Келмеске кеткен кешегі кеңестің кесірінен қаншама құндылығымыздан айрылдық. Бұны қойшы, енді қалғанымызды жетістіріп алсақ та жетіп жатыр. Енді айтар ойды алыстан орағытпай, жүйелі түрде жіпке тізетін болсақ , бүгінгі біздің қоғамның ұрпақ тәрбиесі қалай? Қандай деңгейде?- деген заңды сұрақ алдымды кес – кестей береді. Бүгінгі ұрпақ, керегесін кең жайған тәуелсіз елдің болашақ иелері. Сондықтанда бұл мәселе әрбір саналы баста тұруға тиісті. Міне биыл да өз кезегін күтіп, қыр астында ұлттық бірыңғай тестілеу тұр. Оған дайындық қалай? Қағаз бастылықтан басы қатқан мұғалімдермен, жылдық көрсеткішті еселей түскісі келетін мектептердің жағдайы онсызда белгілі. Бізде не үшін сан, көрсеткіш қуалайды? Мектептің парасаттылығы, онда тәлім алып жатқан тәрбиеленушілердің білім деңгейімен бағаланбай ма? Иә, солай болуы керек те. Бізде тәрбиеленушілердің білім деңгейін қуалағаннан гөрі, аты бар да заты жоқ, қағаз бастылық. Қай мұғалімнен сұрасаң да қағаз жазудан қолы босамайды. Қолтығында құшақ, құшақ кағаз, кабинетінде бір басында 20, 30- дан бума. Әрине күлкіңіз келетін шығар. Мұғалім шіркіндер оқушыны емтиханға дайындай ма, әлде қағаз жинап бума әзірлей ме? Қайсысын істейді. Заманауи ақпаратқа онсызда басы шырмалған, қолдарында қайрақ тастай телефон ойсыз ұл, қызды алдыға сүйрей ме?! Мемлекеттіліктің түп негізін қалайтын осы мұғалімдерімізді қаншалық жарылқап жатырмыз. Енді – енді қолға ала бастаған игі жұмыстарға көз жұмуға болмас. Десе де, олар әлі де аздық етеді. Онсызда тапқан табысы жинаған қағазынан аспайтын мұғалімде қайдан құлшыныс, ой ұштар ізденіс болсын. Орыс ғалымы ушынскидің «Мұғалім ізденгенде ғана мұғалім. Егер олар ізденісін тоқтатқан күні олардың мұғалімдік қасиеті де жойылады» деген екен. Көрдіңіз бе?! Сонымен бірге біз мұғалімдеріміздің атақ – дәрежесін бағамдай алып жүрміз бе? Бұл кез келген саналы адамның көз алдында. Мектепті айтпаған күннің өзінде жоғарғы оқу орнында ертеден сабақ беріп келе жатқан қарт ұстаздардың сағатын кеше ғана магистрант атанып келген, тәжірбиесі аз жастарға жұлып әперіп, ана мұғалімнің еткен еңбегі мен табан ет, маңдай терін жоққа шығарып жіберу біздің елден басқа елде жоқ шығар. Зейнеткерлікке әне – міне жетемін деп отырған, көрмегені қалмаған осы ұстаздарды жағалай магистратураға оқуға түсуге үндеп, жан – жаққа тентіретіп жібергені шынында шымбайыңа батады. Жарайды, магистрант болсын, мың жерден мықты болдым деген күннің өзінде жұмыс өтілі бар қарт ұстаздарға қайдан жетсін. Оқыту базасының талабына сай, технологияға байланысты жоғары білімі бар жастарды тарта білумен қатар қарт ұстаздарға да дәреже немесе еткен еңбегіне қарай атаулы марапаттар тағайындалуы керек емес пе? Бұны қашан қолға аламыз? Қашан?

Енді қайта мектеп табалдырығын аттар болсақ, «Алты алаштың баласы басын қосса төр мұғалімдікі» дейтін қағидаттан айырылғанымыз қашан. Бала құқығы, ата – ана құқығы дегенді белсенді етіп, мұғалімдерімізді сорлатып қойғанымыз жасырын емес. Мінезі әр түрлі отбасында қалыптасқан балаларды жүйелі тәртіпке салатын мұғалімнің аяғына тұсау, қолына жай көзге көрінбейтін қыл арқан байлап қойған жоқпыз ба?! Мектептің тәртібі үшін шамалы қаттырақ кетсе боқмұрын баласы жылап үйіне барады, арыз жазып есерсоқ ата – анасы сотқа жүгіреді. Бұл жерде жазықты кім? Баяғы мұғалім. Жалынып — жалбарынып, таныс – тамырын салып, болмағанда бір күздігін беріп жұмысқа тұрған бейбақтарды жұмысынан қуады. Азда болса отбасын асырап отырған нәпақасынан айырады. Не масқара?! Бүгін бетімен кеткен бала, ертең не болмақ?! Осы мәселені әрбір шаңырақ ойланып көруге хақылы. Мұғалімнің алдын көрген біздің мықты бектер осыны неге ойламайды екен. Қайткенмен де аз жалақыға бала тәрбиелеп отырған Қазақстандық мұғалімдерге шексіз риза болмасқа шараң жоқ. Енді ұлттық тестілеуге оралсақ. Менің айтарым басқа. Жыл сайын бізде мектеп бітірушілердің білім деңгейіне қарай, сынақ тапсырады. Әсіресе оның алдында білім деңгейі төмен оқушыларды ретін келтіріп, сынақ тапсырудан бас тартқызып, сертификатын қолына ұстатады. Себебі, олар мектептің білім деңгейі мен, жылдық көрсеткішін төмендетіп жібереді. Қараңызшы қандай оңай ақыл, ә?! Әуелден маңдайын қырсық шалған олар колледждердің түлегіне айналады. Әупірімдеп жүріп оны да аяқтайды. Жерде жатқан жұмыс жоқ, онсызда жоғары білімді маманға жұмыс жетпей жатқанда, оларға қайдан болсын. су жаңа дипломдарын сандыққа тығып, әр жерде еден жуумен, кафелерде даяшы болудан ары аспайды…
Міне осындай ұлтымыздың болашақ тағдырына тікелей қатысты мұғалімдердің өзін шетінен ығай мен, сығай деуге өз басым келісе қоймаймын. Жұмыстағы бір жолдас жігіт үнемі айтып отыратын. «жоғарғы оку түгіл ауылда мектепті сырттайға бітірген бір жолдас баламыз қазір мектепте сабақ беріп жүр» деп. Өзіңіз бағамдай беріңіз. Ұстаз деген қасиетті ұғымға кір келтіріп жүргендер аз ба арамызда. Таныс – тамыр, беделді көке, семіз күздік тұрғанда олардың қарым – қабілетін, педагогикалық заңдылықтарға сай келетін, келмейтін тұстарын сараптап отыратын ешкім жоқ ау. Иә. Өз басымның қолымнан келер түгім жоқ. Десе де, ертең әке екенімді ойлап, өзге елдердің бала тәрбиесіндегі озық үлгілерін сараптап отыратыным бар. Бұл жағында біз тым кеш қалғандаймыз. Мектеп те балаға мұғалімді емес, боқмұрын баланың ата – анасын қожақып қойғаннан кейін – ақ, біткеніміз сол дей беріңіз. Жеке өмірімнің мұрағатында өшпестей жазылған мектеп құшағындағы өмірім Қытайда өтті. Ондағы мен көрген өнегемен біздегі бүгінгі тәрбие екі түрлі. Осыған налып ішімнен өзімді жеймін- ай келіп. Ал Қытайда мектеп ішінде «Мұрал басқармасы» деп аталатын арнайы ұйым жұмыс істейді. Мектептің белгіленген талаптарына қайшылық жасадым деген сөз, мұрал басқармасынан қайтып шыққанда өз аты – жөніңізді ұмытып қалдым деген сөз. Біздің Қазақстандық мұғалімдерге де шамалы құзыреттілік берілуі тиіс. Олар да адам, ақымақ емес. Біреудің баласын сабай береді дейсіз бе? Әрине жоқ. «Болаттай тәртіп астында алтындай білім» жататынын ескергеніміз дұрыс. Әсіресе сол көршілес Қытайда ұрпақ тәрбиесіне жауапты мұғалімдер мен адам тағдырына тікелей жауапты медицина саласының адамдарына талап қатаң қойылады. Олар да әр жылы осы мамандықтарға құжаттарын тапсыратын талапкерлерді ұлттық тестілеуден бірнеше ай бұрын, белгілі бір орынға жинап алып, бетің – жүзің демейтін, үлкен мамандардың алдынан өткізеді. Олар болса әр талапкердің ой — өрісі, сөз – сөйлемі, әдебі – мұралы, жүріс – тұрысы, бой – тұрқы, тіпті киім кию дағдысына дейін қатаң тәртіппен сүзгіден өткізеді. Егер педагогикалық не медициналық талапқа сай болмасаңыз, өз табиғатыңызға үйлесетін мамандыққа кеңесін беріп, тапсырған құжаттарыңызды құшақтатып жібереді. Көрдіңіз бе, салыстыра беріңіз. Біз де ше?! Керісінше әр жылы арнайы топ ұйымдасып, үгіт – насихат жүргізіп, студент жинайды. Содан келіп мамандығынан адасқандардың тобын өз қолымызбен көбейтеміз. Бұл жабылып қалмаудың қамы ма, әлде адам толтырудың қамы ма?! Ғылыми жүйе, табиғи сараптама болмағасын да нағыз мұғалім болатын адам адасып басқа салада, басқа саланың адамы адасып мүғалім болып жүр. Жасырын емес. Менің түсінігімше мұғалім тікелей ұрпақ руханиятының қозғаушы күші. Сондықтан да әр мұғалім соны сезінуге, өздеріне үлкен жауапкершілік жүктеуге тиісті. Болашақта жолы ауыр, осы саланы таңдаймын дейтін жеткіншектерге бүгіннен бастап, үлкен үміт жүктелетінін сезе білсе екен! Өйткені біздің болашақ тәуелсіздігіміз қашанда талантты ұрпақтардың өз қолында ағайын

-ЖАРНАМА-

1 КОММЕНТАРИЙ

  1. Мұқият, пікіріңізбен толық келісемін.Өкінішке орай, тыңдар құлақ болса жоғары жақтан… Ұстаздар оқушылардың алдында шынында да пәс,мойындау керек,қазіргі заңды сол мұрынбоқтарымыз жақсы біледі,қит етсе, әке-шешелеріне айтады, тіпті қатты сөйлеуге болмайды, әрине арасында түсінігі мол ата-ана кездеседі, кейде баламызды аяма деп,айтып кететіндері де бар. Бірақ мұндай ата-аналар -некен-саяқ. Біздің балалық шағымызда , үйге мұғалім ұрысты деп, келсек, ата-анамыз өзімізді ұрсар еді, әрдайым мұғалімдікі дұрыс деп.Яғни «сүйегі біздікі,еті сіздікі» дейтін. Сол заман қайта туса ғой.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

Exit mobile version