Home Ахметтің 40 мысалы Ахмет Байтұрсынұлы. Шал мен жұмыскер

Ахмет Байтұрсынұлы. Шал мен жұмыскер

0

Шал қайтты малайымен пішен шауып,
Бәлені сезе ме адам тұрған бағып.
Орманмен кешкітұрым келе жатты,
Баратын елге тура бір жол тауып.

Тап берді қарсы алдынан аю шығып,
Болмады айла етерге о ғып, бұғып.
Үстіне Шалдың аю қонып қалды,
Сорлыны ә дегенше жерге жығып.

Жұмарлап, басып-жаншып аю шалды,
Жемекке енді бастап ыңғайланды.
«Бауырым, Пәленшежан, айыршы-ай», – деп,
Малайға Шал жалынып, қолқа салды.

Малайы темір айыр, балтаны алып,
Аюды жықты, басын, ішін жарып.
Қан-қан боп үсті-басы, өлейін деп,
Қорқырап аю жатты ыңыранып.

Шал тұрып енді орнынан есен-аман,
Жақындап жұмыскерге келді таман:
«Әумесер, ақылың жоқ, ит-доңыз!» – деп,
Байғұсты балағаттап, сөкті жаман.

«Ұрсасың неге, Шалым, маған, – деді, –
Сөккендей не істедім саған? – деді. –
Жазғаным, менің сені аю – жаудан,
Айырып алғаным ба аман?!» – деді.

Шал айтты: «Көрмеймісің не еткеніңді,
Желігіп жындануға жеткенінді,
Бардай-ақ әкең құны, сонша шаншып,
Терісін іске алғысыз еткеніңді?!»

* * *
Сөз жаздым үгіт үшін бозбалаға,
Осындай елде уақиға аз ғана ма?
Қайырың наданға еткен – шашқан мүлкің,
Болады рәсуа құр далаға.

Құдайым, жолдас қылма жамандарға,
Көзі тар, көңілі соқыр надандарға!
Жақсылық етсең де бір, етпесең де,
Жақпайсың кей ақымақ адамдарға.

NO COMMENTS

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

Exit mobile version