31 C
Нур-Султан
02.06.2023

Абайдың қара сөздері. ЖИЫРМА БЕСІНШІ СӨЗ

Балаларды оқытқан да жақсы, бірақ құлшылық қыларлық қана, түркі танырлық қана таза оқыса болады. Оның үшін бұл жер дарулхарап, мұнда әуелі мал табу керек, онан соң араб, парсы керек. Қарны аш кісінің көңілінде ақыл, бойында ар, ғылымға құмарлық қайдан тұрсын? Ашап-ішімге малдың тапшылығы да ағайынның араздығына уә әртүрлі пәлеге, ұрлық, зорлық, қулық, сұмдық секілді нәрселерге үйірлендіруге себеп болатұғын нәрсе. Мал тапса, қарын тояды. Онан соң, білім түгіл өнер керек екен. Соны үйренейін не балама үйретейін деп ойына жақсы түседі. Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да — бәрі орыста тұр. Зарарынан қашық болу, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын білмек керек. Оның себебі олар дүниенің тілін білді, мұндай болды. Сен оның тілін білсең, көкірек көзің ашылады. Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі оныменен бірдейлік дағуасына кіреді, аса арсыздана жалынбайды. Дінге де жақсы білгендік керек. Жорғалықпенен көңілін алсам екен деген надан әке-шешесін, ағайын-жұртын, дінін, адамшылығын жауырынынан бір қаққанға сатады. Тек майордың күлгені керек деп, к…і ашылса да, қам жемейді. Орыстың ғылымы, өнері — дүниенің кілті, оны білгенге дүние арзанырақ түседі. Ләкин осы күнде орыс ғылымын баласына үйреткен жандар соның қаруымен тағы қазақты аңдысам екен дейді. Жоқ, олай ниет керек емес. Малды қалай адал еңбек қылғанда табады екен, соны үйретейік, мұны көріп және үйренушілер көбейсе, ұлықсыған орыстардың жұртқа бірдей законы болмаса, законсыз қорлығына көнбес едік. Қазаққа күзетші болайын деп, біз де ел болып, жұрт білгенді біліп, халық қатарына қосылудың қамын жейік деп ниеттеніп үйрену керек. Қазір де орыстан оқыған балалардан артық жақсы кісі шыға алмай да тұр. Себебі: ата-анасы, ағайын-туғаны, бір жағынан, бұзып жатыр. Сүйтсе де, осы оқыған балалар — ана оқымаған қазақ балаларынан үздік, озық. Не қылса да сөзді ұқтырса болады оларға. Жақсы атаның балалары да көп оқыған жоқ, қайта, кедейдің балаларын орысқа қорлап берді. Олар осыдан артық қайда барсын? Және де кейбір қазақтар ағайынымен араздасқанда: «Сенің осы қорлығыңа көнгенше, баламды солдатқа беріп, басыма шаш, аузыма мұрт қойып кетпесем бе!» деуші еді. Осындай жаман сөзді, құдайдан қорықпай, пендеден ұялмай айтқан қазақтардың баласы оқығанменен не бола қойсын? Сонда да өзге қазақ балаларынан артық үйренгені немене, қай көп үйреніпті? Кірді, шықты, ілді, қайтты, түбегейлеп оқыған бала да жоқ. Әкесі ел ақшасымен оқығанға әрең оқытады, өз малын не қылып шығарсын? Турасын ойлағанда, балаңа қатын әперме, енші берме, барыңды салсаң да, балаңа орыстың ғылымын үйрет! Мына мен айтқан жол — мал аяр жол емес. Құдайдан қорық, пендеден ұял, балаң бала болсын десең — оқыт, мал аяма! Әйтпесе, бір ит қазақ болып қалған соң, саған рахат көрсете ме, өзі рахат көре ме, я жұртқа рахат көрсете ме?

-ЖАРНАМА-

Пікір қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -

СОҢҒЫ ЖАЗБА

Мемлекет басшысы Оқушылардың инновациялық шығармашылық орталығына барды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматы қаласына сапарының екінші күні Наурызбай ауданында орналасқан мектеп жасындағы балаларға арналған инновациялық шығармашылық орталығының жұмысымен танысудан басталды. Бұл туралы QAZBILIM...

Елімізде балалардың халықаралық мерекесіне орай 1000-нан астам шара ұйымдастырылды

Елімізде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде барлық құрылымдардың, қоғамның, бизнес пен БАҚ өкілдерінің күш-жігерін біріктіру мақсатында «Балалар игілігі үшін!» республикалық акциясы аясында бірқатар іс-шаралар жоспарланған. Қазақстанның...

«Мемлекет өскелең ұрпақтың білімді болып өсуі үшін барлық жағдайды жасайды» – Президент

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау мерекесіне орай Twitter парақшасында құттықтау жариялады, деп хабарлайды QAZBILIM ақпараттық агенттігі. «Баршаңызды Халықаралық балаларды қорғау...

Оқушылар мен ұстаздар ойлап тапқан жаңа жобалар

«Роза – өлшем бірліктер кестесі». Қызылордалық оқушы Садық Роза математиканы оқытудың әдістемесін жетілдіретін жаңа математикалық кесте ойлап тапты. Бұдл кесте «Роза – өлшем бірліктер...

Қазақстан құрамасы мамырда өткен білім жарыстарында қандай нәтижелер көрсетті

Western Edge Open робототехника чемпионаты АҚШ-тың Калифорния штатында Лонг Бич қаласында Western Edge Open деп аталатын робототехника чемпионаты өткен болатын. Аталмыш бұл білім жарсына еліміздің...