Home Ұстаз үні Елдос НАБИОЛЛАҰЛЫ. Мектеп және ғылым

Елдос НАБИОЛЛАҰЛЫ. Мектеп және ғылым

0

Құзіреттілік. Технология. Инновация

Педагогика саласына нақты өмірден алшақ, мектеп өмірінің тыныс-тіршілігінен хабарсыз ғалымсымақтардың көптеп келуі мұғалімдердің жұмысын ауырлатып барады. Олардың жыл сайын ашатын «жаңалықтарын» енгізу арқылы мектептерде білім сапасы нашарлай түседі. Заңгерлерге орта ғасырлардан бері таныс ұғым – құзіреттілікті (компетенция) білім саласына енгізу арқылы нені жақсарттық? Өндірістегі «технология» ұғымын педагогикаға әкелу арқылы нені жақсарттық? Еліміздің білім саласында ұзақ жылдар өнімді қызмет етіп келе жатқан шын мәніндегі табысты педагогтер әрбір жаңа енгізілген термин мен науқанды шараларға үрке қарайды. Жаңалық енгізушілерді артық жүктеме ойлап тапқандардай қабылдап, жеккөрінішпен қарайды немесе өзін жаңа заман ағысынан қалып бара жатқандай сезініп, шын мәнінде көңіліне жақпаса да, «арбаның алдына жүгіріп», өзгерісті қабылдай алатындай жалған кейіп танытады. Бәрі де орынды реакция. Ойлануымыз қажет.
Инновация туралы кеңірек тоқталғым келеді. Қазақ еліндегі білім беру жүйесіне алғашқы инновация 1870 жылдар шамасында енгізілген деуге болады. Мұсылманша білім алудың «қадимше» түрінен «жадидше» түріне ауысу кезеңі өтті. Жадидше, яғни жаңаша немесе бүгінгі күндегі инновация. Қырым татары Гаспринский бастаған бұл бағыт бастапқыда елеулі қарсылықтарға ұшырағанымен, 10 жыл ішінде осы стильде оқытатын 5000-нан астам мектеп қарқынды оқуға көшкенде қоғам толық мойындады. Шәкәрім атамыз да «Абайдан кейінгі ұстазым Гаспринский» деп жоғары бағалаған ғалымның енгізген жаңалығы түркі тілдес халықтардың мектептерін шын мәнінде дамытқан теңдесі жоқ жоба болатын. Бұл жобаны енгізушілер халықты жинап, ашық түрде олардың арасынан сауаты жоқ жастарды кездейсоқ әдіспен таңдап алып, 45 күн ішінде өз бағытымен оқытқан. Нәтижесін көрсетуге тағы да халықты жинап, қоғамдық емтихан ұйымдастырған. 45 күн оқыған шәкірттер газетті оқи алады, арифметикалық қарапайым есептерді шығарады, географиялық басты ұғымдарды біледі, ал ескі тәсілмен «шыбықпен дүреленіп» оқып отырған қадимше оқудың шәкірттері 2 жыл оқыса да, білімдері мардымсыз. Бұлтартпайтын шындық, айқын нәтиже. Сол кезден бастап мұсылманша оқытуда да Ушинский педагогикасын қолдану қажеттігі айтылып, балаларды «ұрып-соғудың» жөнсіздігі сыналған.
Еліміздің тәуелсіздігі жолында аянбай қызмет етіп, мемлекетімізді қалыптастыруға, заңдастыруға негіз салған, білімді, біліктілігін отарлаушы үстем күшке де мойындата білген Алаш зиялыларының бәрі осы жадидше оқытудан түлеп ұшқандар болатын. Міне, оқытудың күші! Оларға дейін біздің даламызда дәл осындай қарқынмен білімділер легі көбеймеген еді.
Ең бастысы, сол уақытта жаңалықты оқу жүйесіне енгізген аталарымыз халыққа салыстыруды ұсынған. Қазіргі енгізілетін жаңалықтарды енгізу саясаты түсініксіз, болашағы анық емес, әміршілдік бағытта ғана енеді. Салыстыру нәтижесін ешкім де қолмен ұстап көре алмайды. Мысалы, компьютер көмегімен оқытуды ұрандатып енгіздік, білім сапасы артты ма? Бала денсаулығына нұқсан келмейді ме? Белгісіз.
Инновация да, технология да өмірде бар, қоғамды дамытушы күші де бар екендігі анық. Дегенмен оларды талғаусыз оқытуға енгізе беруге болады ма? Олардың бәрі – оқытуға қажетті заман ағымындағы құралдар ғана. Қазір жаңа болса, ертең-ақ ескіге айналады. Сондықтан «жаңа технология» деп ұрандата бергеніміз ерсі.

Ғылым. Ғылыми жоба

Мектеп және ғылым. Осы екі ұғымның байланысы қандай деңгейде? Мектепте барша ғылымның іргетасы болып саналатын тіл, математика ғылымдарының бастапқы ұғымдары пән ретінде оқытылады. Баланың санасына лайықталып, шақталып, негізгі қағидаларды меңгертуге жағдай жасалады. Адам баласына ғылымды меңгеру ауадай қажет болса, жаратушы күш ол білімді туа бітетін қасиет етіп бірге жарата салмас па еді? Олай болмай тұр. Сонда жаратушы емес, адамдардың өзара бәсеке, күнкөрісіне қажет екен, ендеше, ғылымды игеруді адамның мүмкіндігіне шақтап міндеттегеніміз жөн болады.
Мен 11 жылдық мектепті тек «5»-пен оқығанмын. 10 және 11-сыныпта екі жыл қатарынан облыстық олимпиададан математика пәнінен алда болдым. Университетті де «Математика және информатика» мамандығына 4 жыл бойына үздік оқып, ең жоғары үлгерімді студент болдым. Университетті бітіргеннен соң жұмыста жүргенімде көптеген мектеп, гимназия, лицей мұғалімдері оқушыларына ғылыми жұмыс, ғылыми жоба дайындауға көмектесуімді өтінетін. Сол күнде ойланатынмын, менің өз басым қанша жақсы оқысам да, әлі күнге ғылым дегенді көрмедім. Ғылыммен айналысу деген артық айтылған әңгімедей еді. Ғылым тұрмақ, ғылыммен айналысуға қажетті ең басты ойлау формаларын оқушыда қалыптастыратын, қабілетін дамытатын қарапайым пәндегі материалмен жаңа ғана таныса бастаған оқушының ғылыми жұмыс, ғылыми жоба дайындауы мүмкін емес жағдай екенін түсінуге болар ма еді?
Ғылыммен айналысу, ғылыми жоба дайындау дегеніміз жоғарғы оқу орны – институт немесе университет, тіпті магистратура мен докторантура үлесінде ғана болғаны жақсы емес пе? Әйтпесе, оқушы үшін «құшағы жетпейтінді құшақтағандай» жалғандыққа апарар өнімсіз іс болып қалады-ау.

Жазба Рахмановтың блогынан алынды

NO COMMENTS

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

Exit mobile version