Дүкен Мәсімханұлының ой орамдарынан…

ОҚУШЫҒА АЙТАР СӨЗ

Алла-тағала жер басып жүрген әрбір пендесін АДАМ ғып жаратып, шамасына шақ, есті кісіге керек ақыл-парасат, сана-сезім беріп фәни дүниеге жібергесін, ол, егер, атып кеткен кеще болмаса, бұл тіршіліктегі көрген-білгенінен өзіндік ой түймеуі, пікір қорытпауы мүмкін емес. Осы жасқа келгенше біз де өмірдің біраз ыстық-суығын көріп, ащы-тұщысын татыппыз. Екі елде бір неше «патшаның» заманын бастан өткердік дегендей… Осындай күрделі ғұмырдың әр кезеңінде көкейге түйген аздұр-көпдүр ой-пікірді бұрындары тек қойын дәптерге «түртіп» келген болсақ, енді солардың бір парасын жұрт келесіне, ұрпақ назарына ұсынып көргіміз келді. «Жаны бар, жөн сөз» дегендеріңізді алыңыздар, – ел игілігіне. Ал «дұрыс емес» десеңіздер, Абай атамша айтқанда, «өз сөзім өзімдікі».

Дүкен Мәсімханұлы

*** *** *** ***
Ақылдының басты белгісі – өзгеден бұрын өзін біліп, өзін тануға ұмтылуында болса, ақымақтың басты белгісі – өзінің кім екенін білмеуінде әрі ол туралы бас қатырмауында.
*** *** *** ***
Қылмыс атаулының түп төркіні надандықта жатыр.
*** *** *** ***
Баюдың жолына түсуден бұрын үнемшілдікті үйрену керек.
*** *** *** ***
Адам бойындағы аса менмендік оның ең қауіпті, ең мықты жауы. Өйткені ол оған барлық өзге жауларынан жақын тұр.
*** *** *** ***
Қайғы мен қасірет егіз. Адамға әуелі оның біреуі келеді, сосын ол екіншісін (сыңарын) шақырып алады. Егер сен алғашқы келгеніне мойымасаң, онда сыңары сенің маңайыңа жоламайтын болады.
*** *** *** ***
Шабыт деген – ол идея. Идея – дүниені қозғаушы күш. Егер озық идеялар болмаса адамзаттың бүгінгі өркениетті қоғамы да болмаған болар еді.
*** *** *** ***
Дұспандарым болмаса қателікке белшемнен батуым мүмкін еді. Менің әр қадамымды аңдудан шаршамаған дұспандарыма қандай рахмет айтсам да артық емес.
*** *** *** ***
Демократия деп жүргеніміз – түптеп келгенде адамзат идеясының еркіндігі, ойдың азаттығы. Алайда демократия қашан да, қайда да тек ізгі идеялар мен парасатты ойларға ғана өріс ашуы керек.
*** *** *** ***
Қателіктің көкесі — қателігін сезінбеу.
*** *** *** ***
Менің әр қателігім – менің бір-бір ұстазым.
*** *** *** ***
Ақымақтың қалтасы қалыңдаған сайын иманы жұқара түседі.
*** *** *** ***
«Өлімге асығу» — барып тұрған надандық әрі өте ауыр күнә! Қанша қиын болса да өмір қымбат, тіршілік қызық. Өйткені Жаратушы – Алла тіршілік иесінің бәріне жанмен бірге өмірге құштар сезімді қоса сыйлаған. Сондықтан түбінде баратын жері болса да өлімнен қорықпайтын жан жоқ. «Асықсаң да», «асықпасаң да» бақиға аттанар жылыңды, айыңды, күніңді, сағат-мөйнөтіңді Алла-тағала баяғыда белгілеп қойған.
*** *** *** ***
Адам өмірі ежелден қауіп-қатерге толы. Бір ғажабы бүгінде сол қауіп-қатердің дені адамның баласының өз қолымен жасалуда.
*** *** *** ***
Қателесуге де қабілет керек. Өз пікірі, ұстанымы жоқ, тек орындаушылар ғана қателеспейді.
*** *** *** ***
Мақтану немесе өзін-өзі мақтау — өзінің рухани жыртығына жамау іздеу деген сөз.
*** *** *** ***
Қасірет пен қиындықтың ортақ бір мінезі бар: – екеуі де оған мойынсұнған адамын ерттеп мініп алады.
*** *** *** ***
Асқан менмендік адамды қандай сүйкімсіз көрсетсе, асқан (жөнсіз) кішілік те кісіні сондай қораш, байқұс қып көрсетеді. Бұл ретте атам қазақтың: «Ұлық болсаң, кішік бол»- деген мақалы еске түседі. Бұнда «кішік» болудың алғышарты бар, яғни әуелі «ұлық» болу керек. Демек «кішік» болудың да өз реті бар деген сөз. Ал жөнсіз кішік болсаң, жол жағасы – аяқ астындағы бір түп ши сиятысың. Ондай шиге ары өткен, бері өткен ит те сариды, көрінген мал да таптайды… Қысқасы ондай ши көктемейді, өспейді… Керісінше күн өткен сайын мүжіліп жоғала береді.
*** *** *** ***
Үнемшілдік пен сараңдық мүлде екі басқа құбылыс. Яғни үнемшіл адам өз байлығының сақшысы да, сараң адам байлықтың құлы.
*** *** *** ***
«Алтынды көріп періште жолдан тайыпты» деген сөз бар. Ал ханыңнан қараға дейін, абыз қартыңнан балаға дейін… бәріміз періште де емес, пендеміз. Ал пенде қашан да пенделігін жасамай тұрмайды.
*** *** *** ***
Шала молда ғылым иесімен, ғалыммен неге өш? Себебі ғалым оның сауатсыздығын, шала, дүмшелігін сәт сайын әшкерелеп отырады.
*** *** *** ***
Тіршіліктегі нағыз ақиқат – сенің өмірің мен өлімің. Қалған нәрсенің бәрін біреу алай, біреу былай бағалай береді.
*** *** *** ***
Жаратушының бар екені, бір екені хақ! Ал оны тану жолының (дін) әр қилы болуы – ол пенделердің ісі.
*** *** *** ***
Іргетасы ақшамен немесе белгілі бір есеппен қаланған «достық сарайы» түптің-түбінде қасірет ордасына айналмақ.
*** *** *** ***
Ғылым – дүниенің кілді. Әрине, сонымен бірге діннің де.
*** *** *** ***
Саналы адам баласы үшін өмір қас-қағым сәт. Егер осы қас-қағым сәтте түк тындырмай кетсең, онда бұл өмірге келмегенмен бірдейсің.
*** *** *** ***

Дүкен Мәсімханұлының фб – әлеуметтік желісіндегі парақшасынан алынды

-ЖАРНАМА-

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

Exit mobile version