Алматыда қыркүйектің 21-24 аралығында тоғызқұмалақтан оқушылар арасында (U-15, U-17) тұңғыш рет әлем чемпионаты өтті.
Жарыс жүлдегерлерін марапаттау рәсіміне қатысқан Дүниежүзілік және республикалық тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әлихан Байменов тоғызқұмалақ ойынын әлемде дамыту мен насихаттау жұмысы қалай жүріп жатқанын айтып берді.
«Қазақстандық мамандар iOS пен Android-қа тоғызқұмалақ ойынын енгізді, енді сол жерден кез келген адам тоғызқұмалақ ойынын жазып алып, онлайн ойнай алады. Сондай-ақ бізде тоғызқұмалақ бағдарламаларының жарысы өтіп тұрады. Ол бойынша Чехия, Германия елдерінің өкілдері жоғары нәтиже көрсетіп жүр. Бүгінгі күні Канаданың igamecentre.com, Польшаның PlayOK.com сайттарында тоғызқұмалақ ең жиі ойналатын зияткерлік ойынның деңгейіне жеткен. Еске салсақ, 2020 жылы ЮНЕСКО тоғызқұмалақ ойынын „адамзаттың мәдени мұрасы“ тізіміне енгізген болатын. Бүгінгі жарыста Пәкістаннан келген делегация тоғызқұмалақтан келесі Азия біріншілігін өз елінде өткізуді ұсынды. Бангладеш өздерінің ұлттық беделді басылымдарында тоғызқұмалақ туралы мақалалар жариялап жатыр. Алдағы уақытта бүгінгідей жарыстарды теледидар, компьютерден онлайн көруге болатындай жағдай жасамақпыз. Айта кетейін, біз тоғызқұмалақ тақтасы мен құмалақтардың материалдарын жетілдіріп келеміз. Мысалы, осы жарыста ойыншылар алғаш рет дыбысы қатты шықпайтын материалдан жасалған тақта және құмалақпен ойнады. Одан бөлек, чехиялық орынбасарым тоғызқұмалақ ережелерін музыкаға салыпты. Бұл өмірі болмаған дүние», — дейді Әлихан Бәйменов.

Қазақстанда бұған дейін тоғызқұмалақтан 6 мәрте әлем чемпионаты өткен.
«2008 жылы тоғызқұмалақтан дүниежүзілік федерация құрылғалы бері елімізде ересектер арасында 6 мәрте әлем чемпионаты, 5 Азия чемпионаты, 4 Еуропа чемпионаты өтті. Ал оқушылар арасында әлем чемпионаты тұңғыш рет өтіп отыр. Оған 17 мемлекеттен жасөспірімдер қатысты. Жарыс жоғары деңгейде өтті. Осы орайда жарыстың өтуіне қолдау көрсеткен Алматы әкімдігіне, мәслихатына, Туризм және спорт, Оқу ағарту министріктеріне, олардың басшыларына федерация атынан алғыс айтамын. Айта кетейін, бүгінде әлемнің отыздан астам мемлекетінде тұрақты тоғызқұмалақ ойнап жүрген адамдар бар. Олар — қазақ емес, жергілікті халықтың өкілдері. Сондықтан тоғызқұмалақ ойыны әлемде жақсы дамып келеді деуге болады», — дейді ол.

Жарыста үшінші орын алған колумбиялық Орландо Гвидо Вергель Бенитес тоғызқұмалақ ойыны туралы мектеп қабырғасында естіген.
«Жасым 15-те. Біздің мектептің кітапханасында ақыл-ойға арналған ойындар қауымдастығы жұмыс істейді. Оған мүше болған соң тоғызқұмалақ ойыны жайлы естіп, білдім. Маған бұл ойынды қауымдастықтың директоры үйретті. Ол сондай-ақ мені осы жарысқа алып келді. Бұл — менің алғашқы жарысым. Жалпы, тоғызқұмалақтың адамның сана-сезіміне, ақыл-ойының дамуына жақсы әсер ететінін байқадым. Тоғызқұмалақтан басқа қазақтың ұлттық ойыны „асық атуды“ білемін», — деді ол.
Байқауда сондай-ақ 17 жасқа дейін қыздар арасында испаниялық Александра Жаворонкова Амиго қола медальге ие болды.

«Мадрид қаласынан келіп тұрмын. Биыл жазда тоғызқұмалақ ойнауды бастадым. Жанат есімді бапкерім баулыды. Ол Испанияда тұрады және мені осында алып келді. Тоғызқұмалақ ойынына келген себебім, ол мен қатысатын басқа спорт түрлеріне ұқсамайды. Негізі бұл — физикалық емес, отырып, ойланып ойнайтын ойын. Бір жағынан дойбы, шахматқа да ұқсайды. Сол үшін тоғызқұмалақ ойыны адамның ақыл-ойының дамуына көп пайдасы бар деп айта аламын», — дейді Александра.
Айта кетейік, Алматыда өткен әлем чемпионатының жүлде қоры — 8 млн теңге. Әлемдік додаға 17 елден 200-ге жуық спортшы қатысты.

Жарыс тоғызқұмалақтың «рапид» және «блиц» түрлерінен өтті. Қазақстан құрама командасы «рапид» және «блицте» алтынға қол жеткізді.
Атап айтқанда, «рапид» бойынша Махмұтжан Әзімхан, Ернұр Батыр, Айдана Молдабек және Аяна Исахан алтыннан алқа тақса, «блиц» бойынша Самира Оразмұханбет, Әділет Бекмахан, Виктория Белицкая және Сапар Тамерлан жарыс чемиондары атанды.
