Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қоғамдық бақылау туралы» Заңы мен ілеспе құжат мақұлданды.
Заңда қоғамдық бақылау саласын мемлекеттік реттеу тәртібін белгілеу, қоғамдық бақылауға қойылатын талаптарды айқындау, қоғамдық бақылау объектілері мен субъектілерінің құқықтары мен міндеттерін регламенттеу ескерілген.
Заңның мақсаты — Қазақстан Республикасы азаматтарының қоғамдық бақылау арқылы мемлекет істерін басқаруға қатысуын қамтамасыз ету.
«Аталған заңдар мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектордың ашықтық дәрежесін кеңейтіп, азаматтардың қоғамдық белсенділігін арттыруға бағытталған. Біріншіден, заңда қоғамдық бақылау ұғымы, қоғамдық бақылаудың мақсаты мен басты қағидаттары айқындалады. Екіншіден, қоғамдық бақылауды іске асыратын қоғамдық бақылау субъектілері және қоғамдық бақылау объектілері айқындалады және олардың құқықтары мен міндеттері нақтыланады. Мәселен, қоғамдық бақылау субъектілері қоғамдық бақылау топтарын құруға, сарапшыларды тартуға, сондай-ақ, ақпарат сұратуға, қоғамдық бақылау объектілерінің әрекеттеріне немесе әрекетсіздігіне шағымдануға және басқа да қадамдарға құқылы болады», — деді сенатор Руслан Рүстемов.
Қоғамдық бақылау объектілері қоғамдық бақылау нысандарының ұсынымдарын қарауға және оларды интернет-ресурстарда орналастыруға, мүдделер қақтығысын болдырмауға, қауіпсіздік шараларын сақтауға міндетті болады.
«Қоғамдық бақылаудың негізгі формалары ретінде қоғамдық мониторинг, қоғамдық сараптама, қоғамдық тыңдау ұсынылады.
Сонымен қатар, заңда қоғамдық бақылауды жүзеге асыруға қатысу шарттары айқындалған. Қоғамдық бақылауды жүзеге асыруға он сегіз жасқа толмаған, соттылығы өтелмеген, наркологиялық немесе психикалық есепте тұрған адамдар жіберілмейді. Мұнымен қоса, қызметінде шетелдің қатысы бар, қолданыстағы заңнамаға сәйкес қызметі тоқтатылған немесе тыйым салынған коммерциялық емес ұйымдарға шектеу қойылады», — деді депутат.
Атап айтқанда, қоғамдық бақылау нәтижелерін қарау нормалары бекітілді. Осылайша, қоғамдық бақылау объектілері қоғамдық бақылау нәтижелері бойынша қорытынды құжатты 10 күн мерзімде қарап және дәлелді жауап жіберуі керек. Бұл ретте қоғамдық бақылау объектілері мән-жайларды жан-жақты, толық және объективті қарау үшін шаралар қолдануға міндетті.
Бұдан әрі қоғамдық бақылау жүргізу тәртібін реттейтін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық бақылау, әкімшілік рәсімдерді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заңда петиция институтын регламенттеу жөніндегі түзетулер қамтылған. Біріншіден, заңнамада петиция ұғымы бекітілді. Петиция – мемлекеттік органға, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органға электрондық құжат нысанында жіберілген және ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексте белгіленген тәртіппен қаралатын ұжымдық хабар, үн қосу немесе ұсыныс.
Екіншіден, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексте петицияларды беру және қарау тәртібі бекітіледі. Үшіншіден, петицияны Қазақстан Республикасының азаматтары арнайы интернет портал арқылы бере алады. Төртіншіден, уәкілетті орган петиция жария болғанша оның заңда бекітілген шарттарға сәйкестігін анықтайды.
Петицияны міндетті түрде қарау үшін оны қолдайтын дауыстардың шекті мәндері анықталады:
— аудандық деңгей (әкімдіктер құзыретіне жататын мәселелер бойынша) халқы 50 мыңнан асатын болса, 2,5 мың дауыс, қалғандары үшін халық санының кемінде 5 пайызы болуы керек.
— аудандық деңгей (мәслихаттар құзыретіне жататын мәселелер бойынша) – халқы 50 мыңнан асатын болса, 5 мың дауыс, қалғандары үшін халық санының кемінде 10 пайызы болуы керек;
— облыстық деңгей (әкімдіктер құзыретіне жататын мәселелер бойынша) – тиісті әкімшілік-аумақ тұрғындарының 1% дауысы болуы керек
— облыстық деңгей (мәслихаттар құзыретіне жататын мәселелер бойынша) – тиісті әкімшілік-аумақ халқының кемінде 2 % болуы керек;
— республикалық деңгей (Үкімет құзыретіне жататын мәселелер бойынша) – кемінде 50 мың дауыс болуы керек.
Сенат мәліметіне қарағанда, бүгін мақұлданған заң аясында «Назарбаев Университеті», «Назарбаев Зияткерлік мектептері» және «Назарбаев Қоры» мәртебесі туралы» Заңға университетте, зияткерлік мектептерде қоғамдық бақылау «Қоғамдық бақылау туралы» ҚР Заңына сәйкес жүзеге асырылатыны туралы норма енгізілді.