Елімізде оқу жылы ұзарғанымен, балаларға арналған каникул мерзімі басқа елдермен салыстырғанда көбірек. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев айтты, деп хабарлайды QAZBILIM ақпараттық агенттігі.
«Оқу жылының аяқталуына санаулы күндер қалды. Еліміздің барлық оқушылары оқу жылының аяқталуы мен жазғы каникулды асыға күтуде. Министрліктің алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі – биылғы оқу жылын табысты аяқтау және балалардың жазғы демалысы мен сауықтыруын сапалы ұйымдастыру, әрі қауіпсіздігін толық қамтамасыз ету,» — деді Ғани Бейсембаев.
Биылғы жылдың жаңалығы елімізде оқу жылы (34 аптадан)
36 аптаға дейін ұзартылды. Осыған сәйкес оқу жылы 31 мамырда аяқталады.
Бұл шешімнің басты негіздері:
— балалардың отбасында көбірек уақыт өткізуіне қатысты ата-аналар өтініштерінің ескерілуіне байланысты 5 күндік оқу аптасына көшу;
— оқушыларға жүктемені азайту жөніндегі сарапшылар ұсыныстарының қабылдануы;
— оқу аптасының ұзақтығын Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының стандарттарына сәйкестендіру.
Егер әлемдік тәжірибеге назар аударсақ, ОЭСР елдерінде оқу жылы 40 аптаны құрайды.
Осыған орай әлем оқушылары жазғы каникулда 77 күн ғана демалса, еліміздің оқушылары үшін 13 апта немесе 90 күн демалыс белгіленген.
Канадада оқу жылы 37 апта, Англия, Финляндия, Оңтүстік Корея және Норвегияда – 38 апта, Италияда – 39 және Германияда – 40 апта.
Финляндия мен Швецияда жазғы демалыс –11 апта; Қытай, Оңтүстік Корея, Франция – 9 апта, Германия, Жапония, Англия, Нидерланды – 7 апта.