Елімізде қазақ тілі, мемлекеттік тіл мәселесі қоғам арасында жиі резонанс тудырып, назардан тыс қалмайды. Тіл жанашырлары, қоғам белсенділерінің, жалпы тілге деген құрметі бар азаматтар мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, қолданыс аясынының кеңеюін қалайды. Кейінгі жылдары, елімізде өзге ұлт өкілдерінің саналы түрде, еш қысымсыз қазақ тіліне деген сұранысы артып келеді. Бұған көптеген мысал бар. Тіпті қазақ әндеріне, орындаушыларына қарап тілге деген қызығушылығы пайда болған азаматтардың тілді үйреніп алғанын көріп жүрміз. Әрине қуанарлық жағдай. Ал, ана тіліміздің кеңінен етек жаюына мектеп қабырғасында қандай жағдай жасалған? Орыс мектептеріндегі қазақ тілінің жағдайы қандай?
«Vlast.kz» журналының журналисі Тамара Вааль әлеуметтік желідегі парақшасында балаларына қазақ тілін үйрететін курс, лагерь іздеп жүргенін жазған екен. Қосымша тіл үйрететін мекемелер орыс, ағылшын тілдерінде дейді ол. Балаларына қазақтілді орта таппай қиналып жүрген журналиспен байланысқа шығып, мән-жайды анықтап көрдік.
Оның айтуынша, баласы орыс тілді мектепте 6-cыныпты аяқтап жатыр. Қазақ тілі пәні оқытылса да, қазақша мүлдем сөйлей алмайды.
«Баламның мектебінде қазақ тілі, ағылшын тілі сияқты бірдей өтеді. Ағылшынша сөйлей алады, ал қазақ тіліне қатысты қиындықтары бар. Сол себепті курстар іздестіре бастадым. Тіпті курс емес, лагерь сияқты қазақтілді орта қарастыра бастадым. Жаз бойы сол ортаға сіңіп, тілді меңгеруіне қолайлы, тек қазақ тілінде сөйлейтін жер іздедім. Шығыс Қазақстанда жақсы бір жоба бар екенін естігенмін. Орталыққа хабарласып едім, байланыса алмадым. Телефон көтермейді. Одан кейін, Бурабайдағы «Балдәурен» лагеріне хабарластым. Ол жақтағылардың жауабы тіпті таңқалдырды. «Балаңыздың қазақ тобына жазатыныңызға сенімдісіз бе, ол жақта оған ыңғайсыз болады ғой» деп жауап қайтарды да, басқа бір нөмірге сілтеді. Соңында олармен де байланысқа шыға алмадым. Өзім де бірнеше жыл бұрын жазылайын дегенмін. Үйдің жанында, оған қоса тегін курстар болды. Бірақ, аптасына үш рет, сағат 15.00-17.00 аралығында. Бұл жұмыс істейтіндер үшін өте ыңғайсыз уақыт», — дейді Тамара Вааль.
Сонымен қатар, ол өзінің де қазақ тілін білмейтініне өкінетінін айтты. Тілді білмегендіктен, журналист ретінде халықтың бар мұң-мұқтажын толық түсіне алмаймын дейді.
«Мен балаларыма кішкентай кезінен тіл үйрену керек екенін айтып келемін. Өзім 90-шы жылдардың тумасымын. Өкінішке қарай, біз қазақ тілін мүлдем оқымағанбыз. Бұл жөнінде неге ертерек қамданбадым деп өкінемін», — деп түсіндірді ол.
Ал, ұл-қыздарыңыз оқитын оқулық, кітаптардың сапасына көңіліңіз тола ма деген сұраққа былай деп жауап берді:
«Мен сапасына баға бере алмаймын. Мен олармен үй тапсырмаларын орындамаймын. Олар өз бетінше дайындалады. Мектептегі мұғалімдеріміз жақсы. Мен ұстаздарды ренжіткім келмейді. Бірақ, орыс мектебі үшін қазақ тілінің аптасына 3-4 рет болатын сабағы жеткіліксіз. Сапасы жақсы болуы мүмкін, бірақ, бәрібір нәтижесінде бала сөйлемейді ғой. Қазір ұлым екеуіміз арнайы тіл курсына жазылдық. Төрт айдан кейін не болатынын көреміз. Оқу соңында базалық деңгейде болсын сөйлей алатын деңгейге жететін шығармын»,- деп үміт артып отыр ол.
Сонымен қатар, ол елімізде мемлекеттік тілді дамытуға арналған бағдарламалар жайында да өз пікірін білдірді.
«Елімізде «Рухани Жаңғыру» бағдарламасына миллиардтаған ақша бөлінді. Оның ішінде мемлекеттік тілді дамыту да болған. Бірақ, мен нәтижесін көрмедім. Америкада «Work and Travel» деген бағдарлама бар ғой. Ол мен мектеп оқыған кезде де жұмыс істеп тұрған. Студенттер Америкаға кетіп, сол жақтағы отбысылармен тұрады. Жұмыс істеп, тіл үйренеді. Міне, осыған ұқсас бір бағдарлама неге жасамасқа? Қазақ тілінде сөйлемейтін басқа ұлт өкілдерінің балаларын жаз кезінде қазақтілді ортаға, ауылдарға не апармасқа? Иә, ол үшін ақша төленсін. Ауыл тұрғындарына солай кіріс келеді, ал қаланың балалары қазақ тілінде сөйлей бастайды. Сондай нағыз қазақтілді ортада бала 100% қазақ тілінде сөйлеп кетеді. Оған қоса, қаланың балалары жұмыс істеп үйренеді, шаруашылыққа көмектеседі. Тамаша болар еді», — деп ұсынысын жеткізді.
Расымен бұл ойланарлық жағдай орыс мектептеріндегі қазақ тілін үйрету сапасы, оқулықтың дұрыстығына қандай бақылау жүргізіліп жатыр? Мемлекеттік тілді қосымша курстарсыз үйрену неге мүмкін болмай отыр? Бұл сұрақтардың жауабын тіл мәселесін саясиландырмай, тек білім аясында министрлік және тіл саясаты комитетінің өкілдері және мектеп мұғалімдерімен қарастырып көрейік. Жалғасы бар…
Айдарбаева МАРЬЯ